Бас редакторымыз Ертай Айғалиұлы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Ақорданың төрінде “Құрмет” орденімен марапатталды.

Кеше жазуға қолым тимеді.  (Қуаныштың ерте-кеші жоқ қой). Шапқылап жүрдім. Себебі “Қазақстан дәуірі” газетінде той болды. Ақ түйенің қарны жарылды! Бас редакторымыз Ертай Айғалиұлы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Ақорданың төрінде “Құрмет” орденімен марапатталды.  Бұл газетіміз үшін зор мәртебе! Газетімізге көрсетілген құрмет!Ерағаңа көрсетілген шынайы құрмет! Әділ баға!Ерағаң қатары азайып бара жатқан аға буын жазушылардың көз көргені. Ірісі. Кәсіби журналистердің бірі емес, бірегейі! 70-ке желдіртіп жеткен Ерағаң  журналистикада 50 жыл тер төгіпті. Аз ба, көп пе өзіңіз саралаңыз! Аға басылымда Шерағаның “шекпенінен” шыққанын бір деп қойыңыз! Ана тілі газетінің отымен кіріп, күлімен шыққанын, дарыны асқақ бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлымен иықтасып,  ана тілі газетінің атақ- абыройын көтеруге сіңірген еңбегі бір төбе!

 

Ерағаң балалар жазушысы. Бала тілін тауып әңгіме жазудың һас шебері! Дарабоз бәйгесінің бас жүлдесін иеленген шын дарын! “Тобылғы”  сыйлығын талассыз алған  талант! Қажымай, талмай жаза беретін қара нар! Өмірден көргені мен түйгені мол, артынан былапыт сөз ертпеген, бес уақыт намазын қаза етпеген, жақсы қартайа білген ақсақал!Ерағаңның президенттің алдында қасқиып сөз сөйлеуі де газетіміз үшін зор мәртебе! Қазақ баспасөзі ішінде “Қазақстан дәуірінің” өз үні бар! Өз жолы бар!  Ел мүддесі жолында күресе білетін, шындықты шыжғырып бетке айта алатын қасиетке ие басылым! Шалғайдағы елді мекендерге “Ауыл аманаты -ел аманаты”  экспедициясын ұйымдастыырып (20 жыл бойы) жаяулап, жалпылап ел аралап, ауыл халқының жанайқайын, мұңы мен сырын тыңдап, оны билікке жеткізуде көш бастап тұрғаны зор мақтанышы!Кейде турасын айтып туғанына жақпай қалатыны шындық!… Үмітсіз шайтан ғана. Ақсақал-тарих әділ бағасын беретін күнде туар!

 

Бүгіндері атағынан ат үркетін түрлі салада жүрген журналистердің көбінің қанат қағып ұшқан ұясы осы басылым…  Олардың біразы “ Өзі болған қыз төркінін танымас” дегендей өткен шаққа мойын бұрғысы келмейтіні байқалады. “Келіннің бетін кім ашса сол ыстық көрінетінін” қара шалдар айтып кеткен жоқ па еді! Олар да қызық.“Қазақстан дәуірі” газетін қилы-қилы кезеңдерден алып өтуде бас директор, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Сәуле Мешітбайқызы мен Ертай Айғалиұлының еңбегі зор! Арқа сүйері бір Алла ғана болғандықтан, басылымның қалт-құлт етіп, көштен қалмай келе жатуы да ерен еңбектің, қажымас қайраттың жемісі. Сәуле апайымыздың жеңісі! Санаулы ғана қазақ баспасөзінің өрісі!Айтпақшы былтыр “Құрмет” орденін Сәуле апайымыз да кеудесіне таққан! Оны да жақсылап атап өткенбіз! Еленіп жатсақ, елпілдеп қалатынымыз рас!

 

Айтатын жерінде шындықты бүкпесіз айта білу де ерлік!Ертай Айғалиұлы саналы ғұмырында қазақ тілінің жоғын жоқтап келе жатқан қайраткер! Ерағама  жер бетінде жаман адам жоқ. Ол кісі үшін бәрі ғажап! Бәріазат! Қашан көрсең күліп жүреді! Жүрегі мейірімге толы. Тірі жанға залалы жоқ! Кең қолтық, арда қазақ!Осындай аяулы ағаның ақ орданың төрінде, алдыңғы сапта маңайына шуағын төгіп, күндей жарқырап отыруының өзі — бір ғанибет емес пе!Тіпті  президентке қарап сөз сөйлегенде Ақорданың іші нұрланып, қазақтың шұрайлы тілінің жылуын сезініп Кемел баласы да тебіреніп тұрғандай әсерге бөледі! Қарапайым болмысын, қазақы танымын жоғалпаған, ұлттық құндылықтан нәр алған Ерағам қандай марапатқа да лайық!Ераға, бар болыңыз, әрдайым інілеріңізге, шәкірттеріңізге жол көрсетер, қиындықтан қайыспас кәтепті қара нар болыңыз! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тіледім! Қасиетті жұмадағы дұға-тілегімізді Алла Тағала қабыл еткей! Әмин! Барша әріптестерімді журналистер мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын!