Бас уәзір Бурабайға арнайы барғанда…

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кәрім Мәсімов өткен аптада Ақмола облысының Степногорск қаласы, Бурабай ауданы, Бурабай курортты аймағында болып, бірқатар өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралады.

Сапарын өңiрдiң индустриалдық аймағы — Степногорск қаласына бастап, «Степногорск подшипник зауыты» АҚ және «Қазақстан жылыжай технологиясы» серіктестігінің шаруашылықтарын аралады. Қаладағы өндірістіктехникалық колледжі ұжымының ұстаздарымен, студенттерімен кездесті. Одан соң Бурабай ауданында іссапарын жалғастырып, Щучинск қаласының «Мирас» көпсалалы мектеп-гимназиясы ұстаздарымен кездестi. Дөңгелек үстел рәсімінде өткен кездесу барысында К. Мәсiмов облыстың бiлiм беру ұжымдарының басшыларының қатысуымен шағын жинақты мектептерде бiлiм берудiң заманауи үлгiсiн енгiзу мәселесi және оларды бiлiктi кадрлармен қамту мәселесiн талқылады. Кездесу толығымен мемлекеттік тілде өтті. Ақмола облысындағы 578 мектептiң 401-i (69%) шағын жинақты мектеп болып есептеледi және олардың 397-сi ауылдық жерлерде орналасқан. Өңірдегі 401 шағын жинақты мектептердiң 75-i бастауыш,  144-i негiзгi, 182-i орта мектептер. Оларда 26582 оқушы оқиды және 6220 мұғалiм сабақ бередi. Аталған мәселелер бойынша Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев баяндама жасады. Министр өз қарауындағы ведомствоның елiмiздегi барлық мектептерде заманауи тәжiрибенi енгiзудi жалғастырып жатқанына тоқталып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту шаралары, жинақтылығына және орналасқан жерiне қарамастан, барлық мектептер бiрдей қамтылатынын жеткізді. Сөз кезегiнде Премьер-министр мектеп оқушыларының 48 пайызы ауыл мектептерінде бiлiм алып жүргенiн еске салып, министр Е.Сағадиевке бiрқатар тапсырмалар жүктедi.

Педагогтардың мәртебесiн көтеру, мектептерде арнайы инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, интерактивтi тақталар орнатып, ғаламторға қосу және оны ауылдағы мектептерден бастау жөнінде тапсырма міндеттеді. Білім саласындағы өзге де өзекті мәселелер айтылды. Соның ішінде мемлекеттiк инфрақұрылымды дамыту «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2017 жылдың соңына дейiн апатты мектептер және үш ауысымда бiлiм беру келеңсіздік толықтай жойылады. Ұлттық қор есебiнен 2015-2017 жылдар аралығында 95 бiлiм нысанын: 76 мектеп (17-сiн апатты мектептер орнына, 59-ын үш ауысымды мектептер орнына) және 19 балабақша салу қарастырылыпты. Атап өту керек, бiлiм беру жүйесi дамуының жаңа кезеңiне көшкен Қазақстан Республикасы шағын жинақты мектептердiң мәселесiне ерекше көңiл бөлуде. Ол үшiн ресурстық орталықтар құрылып, интернаттық ұжымдар желiсi дамытылып, жақын маңдағы ауылдардағы мектеп-интернаттардың оқушыларын тұрақты тасымалдау, сапалы тамақтандыратын ресурс орталықтар құру көзделген. Одан соң Премьер-министр ауданның егiнжайларын аралап, «Есiл Агро» ЖШС-ның сүттi-тауарлы фермасының жай-күйімен танысып, кейін Бурабай кентіндегі Мемлекеттік табиғи ұлттық паркке келіп жиын өткізді. Жиында екі мәселе қаралды. Оның бiрi — Астана қаласы аумағында азық-түлiк белдеуін қалыптастыру, екiншiсi — Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту. Үкiмет басшысы өңiр басшылары және iрi ауылшаруашылық өкiлдерiнің қатысуымен Астана қаласы аумағында азық-түлiк белдеуін қалыптастыру және ауылшаруашылық өнiмдерiн сату жайына тоқталды.

Мәліметке жүгінсек, бүгiнгi күнi Ақмола облысының 128 кәсiпорны Астана қаласының 25 сауда базарларына, 28 сауда үйлерiне, 10 сауда нүктелерiне өнiм жеткiзiп отырады. 2015 жылы елордаға 20,9 мың тонна ет және ет өнiмдерiн, 779,3 млн. дана жұмыртқа, 248,3 мың тонна картоп жеткiзiп, жалпы қажеттiлiктiң 50%-ын қамтыған. Астана қаласының аумағында азық-түлiк белдеуін қалыптастыруды дамыту аясында 2009-2015 жылдары жалпы сомасы 83,7 млрд. теңгенiң 104 жобасы жүзеге асырылған. 2016 жылы 9 млрд. теңгенiң 10 жобасын жүзеге асыру үстінде. Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту жайына тоқталсақ, Бурабай — «Қазақстанның інжу-маржаны» және «Қазақстан Швейцариясы» атанған аймақ. «Бурабай» ұлттық саябағында 14 ірі көл бар. Олардың ішінде Бурабай, Шортанкөл, Қотыркөл және бірнеше шағын көлдер бар. Мұнда көптеген шипажайлар орналасқан. Олар, негізінен, туберкулез және тыныс алу мүшелерін балшықпен емдеуді қолға алған. Жалпы экономикалық дағдарыс туристер ағымына ықпалын тигізіпті. 2015 жылғы мәлімет бойынша келушілер саны алдыңғы жылдан 10 пайыз, яғни 226190 адамға азайған. Бұл турбизнес субъектілерін баға саясатын икемді жүргізіп, көрсетілетін қызмет аясын кеңейтуді қажетсінеді. Жиынды қорытындылаған Кәрім Қажымқанұлы:

Бурабай курорттық аймағының тазалығын жақсарту, табиғат ерекшелігін назарда ұстай отырып жарнамалау, танымалдылығын арттыру — туристік бағытты дамытудың негізі. Осы мәселелерге қатысты Инвестициялар және даму министрлігі, облыс ұйымдары және басқа да мемлекеттік мекемелерге мәселелерді пысықтап, шешу жолдарын қарастыру жайында Үкіметке нақты ұсыныстар енгізуді міндеттеймін, — деді.

Жиынға республикалық және жергiлiктi атқарушы орган басшылары, Қазақстан Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, туристiк қауымдастық өкiлдерi қатысты.

Дахан Шөкшир