Басқадан кем болмас үшін Тіліңді құрметте!

Басқадан кем болмас үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек,

білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек.

Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

(Ахмет Байтұрсынұлы)

Ұлтты ұлт етіп сақтайтын – оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі. Ұлттық тәрбиеден жұрдай адам – рухани кедей адам. Ұлтқа тән ұлттық құндылықтарымыз құлдырауда. Бұл  – үлкен қасірет.

Мөңке би бабамыз:

«Болашақта заман қиын болады,

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ

Ай сайын бас қосқан жиын болады,

Дүдәмалдау дінің болады,

Алашұбар тілің болады» деген екен.

Сұңғыла бабамыз сонау көшпелі қоғамда-ақ болашақтың бұлыңғыр боларын қалай ғана дәл тауып айтқан десеңізші! Иә, күнделікті қоғамда көріп жүргеніңіздей, өзекті мәселенің бірі – ана тіліміздің шұбарлануы. Қала мектептерінде өзге тілде былдырлаған балалар, балабақшаларда сәбилер, оларды жетектеген шалақазақ шүлдірлеген үлкендер. Қазақ мектебі деген аты болмаса, заты…

Атадан балаға мирас болып қалатын – ана тіліміздің, ұлттық құндылығымыздың кейпі осы. Қатпарлы қазына саналатын ана тілінің қадір-қасиетін әр қазақ жан-тәнімен терең түйсініп, келер ұрпақ, қала берді туған перзенті алдында қарыздар және жауапты екенін сезіну. Бала — ата-анаға берілген аманат. Ендеше, аманат алдында парызды өтеу ләзім. Алашұбар тілі мен дүдәмалдау ділінің, яғни қателіктің қалыптаспауына тікелей әсер ететін баланың кішігірім Отаны – отбасы. Бұл – шындық.

Осы қателіктің ұштығы мәңгүрттенуге ұласуы даусыз. Сондықтан, руханияттың асыл қазынасы төл мәдениетімізден нәр алып сусындауға, яғни білім алуға ұмтылу керек, себебі, білімдінің қашанда күні жарық. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз айтқандай, білімді болу үшін тынбай оқу керек, шығармашылық іздену керек. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қозғалып жатқан оң өзгерістер төңірегінде ойландыратын тақырыптарға мән бере отырып, ұстаз ретінде айтарым бар. Студент жастар арасында төл мәдениетіміздікөбірек насихаттайтын, салт-дәстүрімізді дәріптейтін, халқымыздың тарихи, мәдени, әдеби мұраларын рухани жаңғыртатын ауқымды іс-шаралар көбірек ұйымдастырылып мән берілсе, шынайылық пен шындық басым болса, айтылар ой-ұсыныс жүрекке жетіп, тұла бойыңды шымырлатар деңгейде дәріптеліп жатса, қанекей! Есеп үшін емес, есіңде мәңгі қалатындай әсерлі болса игі еді деген ой менікі. Бірнеше жыл білім беру саласында еңбектеніп, шәкірт тәрбиелеп, жастармен етене жақын араласып жүргендіктен, ұлттық маңызы бар нәрселерге алаңдайтынымыз да рас. Күнделікті қала көшелерінде, қоғамдық көліктерде еститініміз де, көретініміз де көңілімізден шықпайтын жағымсыз көріністер. Оны тізіп жатудың өзі де біршама жүйкеңді тоздырады. Осының бәрі сайып келгенде — тәртіптің жоқтығы, иманның әлсіздігі. Дінсіз ел емеспіз, мұсылман халықпыз. Бұл жастар тура жолдан адасып, қайда барып тірелмек деп алаңдаймыз. Отбасынан оңаша шықтым екен деп, айналайын қазағымның ұл-қыздары, ойларыңа келгенді істегендерің, аналарыңның ақ тілегін, әкелеріңнің сендерге артқан сенімін аяқасты еткендерің дұрыс па? Ата-анаңа сөз келмесін десеңдер, тәртіпке бас игендерің жөн. Тәрбие мен тәртіп егіз. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деді Бауыржан аталарың. Тәртіпті болғаның – ата-ана сенімін ақтағаның. Өмірде, жалпы адам тәрбиесінде салт-дәстүрдің орны ерекше. Салт-дәстүрің – рухани байлығың. Рухани бай адам – мәдениеті зор адам деген сөз. Өзінің, өз ұлтының рухани уызына қанық болып қалыптасқан ұл-қыздан ертең халқын сүйетін, қадірлейтін, салт-дәстүрін сыйлайтын нағыз азамат шығатыны сөзсіз. Қысқасы, келеңсіздіктерді айта бергеннен жақсысын кім бермек, одан да айтылған жайсыз жағдайлардан, тығырықтан шығар жол қайсы, соны іздейік, ойланайық!

«Үнінен, тілінен, жерінен, дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» деген ұлы бабамыз әл-Фараби сөзін ескерсек, жоғарыда қоғамның кемшін тұстары жаһандану жағдайында әр қазақты толғандырары хақ. Иә, өткенсіз болашақ жоқ. Өткенімізге үңілсек, қазақ халқы тарихтың талай тауқыметін де, қасіретін де тартқан. Әйтсе де, жер бетінен жойылып кетпеді, тарих тасасында елеусіз қалмады.

Рух демекші… Дәл бүгінгі таңда, әр қазақ өз ойын өзгертетін, жан дүниесін жаңалықпен жаңғыртатын, төл мәдениетімізді насихаттайтын, салт-дәстүрімізді дәріптейтін кез келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында болашақ маман иелері, яғни жастарымыз, қолда барды бағалау керектігінің мәнісін терең түсініп, ұлт болып ұйысып ұмтылмасақ, сананы сілкіп серпілмесек, ұлттық болмысымызға, қазақы қасиетімізге сын болмақ. Әлем таныған, өркениетті, дамыған, егеменді ел болдық. Қай мемлекетті алмайық, әр елдің өзіне тән салт-сана, әдет-ғұрып, өз заңы, өз мүддесі бар. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп еді Хакім Абай. Демек, қазағымыздың дархандығы, пейілінің кеңдігі, ерекше қонақжайлылығы да еш халыққа ұқсамайды. Кең болсаң, кем болмайсың деген, бұл — жақсы қасиет. Ұлт болып ұйымдасып, тегеурінді, текті халық болып тыныш өмір сүріп отырғанымыз да осы қасиетіміздің арқасы болар. Ата-баба аманатын жалғастырар жастарымызға, ұлықты ұлдар мен қырмызы қылықты қыздарымызға сенім артып, үміттенейік дегім келеді. Байтақ жердің иесі – қазақ елі, бәрінен де бар болайық, басқадан кем болмас үшінрухани бай болайық!

 

 

Рыскен ӘБІШЕВА

Абай атындағы ҚазҰПУ

Шетелдік азаматтарға арналған және

ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к.