Баскетболдан бақ сынасты

Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтың баскетбол алаңшасында «Жастар нашақорлыққа қарсы» ұранымен «STREETBALL» облыстық фестивалі өтті. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған, саламатты өмір салтын ұстануға үндейтін дода екі күнге созылды. Бұл күндері өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 48 команда жас ерекшеліктеріне сай бақ сынасты. Мәселен, 14-17 жас аралығында 32 құрама өзара кім мықтыны анықтаса, 18 жасқа толған жастардан жасақталған 16 команда жарыстың көркін қыздырды. Аймақтың бас спортшысы Арман Ташметовтің айтуынша, жастар арасында кең тараған осынау спорт түрінен болашақта Азия және Олимпиада ойындарында нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.

– Бүгінгі таңда баскетбол ойыны – жастар арасында танымалдылыққа ие. Күн сайын кешқұрым қала жастары дәл осы саябаққа жиналып, өзара бәсекелеседі. Бұқаралық спорттың осынау түрін қарқынды дамыту мақсатында бұл сайысты да осында ұйымдастырдық. Алдағы уақытта жамбылдық баскетболшылар Азия және Олимпиада ойындарында атой салады деп сенеміз, – деді Арман Бақытжанұлы.

Жарыстың қорытындысы бойынша 14-17 жас аралығында «Горький баскет» командасы үздік атанса, «Чкалова» мектебінің намысын қорғаушы құрама жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал, №1 жасөспірімдер спорт мектебінің командасы үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, 18 жастан жоғары құрамалардың ішінде «Три брата и лопата» командасының бағы жанды. «Қазфосфат» және «Стражи галактики» құрамалары ІІ және ІІІ орынды місе тұтты. Сайыс соңында жүлдегерлерге 300 және 200 мың теңгенің сертификаты табысталса, жеңімпаз құрама 400 мың теңгені қанжығалады. Бұдан бөлек, тамаша ойын өрнегін көрсеткендерге қаржылай сыйақы үлестірілді.

Есен ӨТЕУЛІ