Халықшыл әкімге,іске сәт..!

Халық – жақсылық пен жамандықтың барометрі. Себебі биліктегі әр қадам, әр бұралаң, әр оқиға – халықтың көз алдында. Кімнің жолы дұрыс, кімнің ойы бұрыс, кім рушыл, кім ырымшыл, кім ұлтшыл, ол да халықтың тамырында бүлкілдеп соғып тұр. Айтқым келгені, тәуелсіздіктің 30 жылында елмен етене араласып, биліктің әр саласында қарқынды қызмет жасаған Бердібек Сапарбаевты кім білмейді. Елге сіңірген еңбегін кім бағаламайды? «Қай жерде проблема, сол жерде – Бердібек» деген жалынды сөздің өзі ел ішін кезіп жүргелі қашан?! Халық айтса қалып айтпайды деген осы!
Осындай да «Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін» халық ертегілеріндегі батырлар еске түседі. Тап соның бүгінгі кейіпкері – Бердібек Мәшбекұлы секілді көрінеді маған.
Ол неге халыққа сүйкімді? Меніңше, елге бүйрегі бұрып тұрады. Сондықтан да жүзі жарқын! Сондықтан да ісі берекелі, жүрген жері мерекелі! Әріге бармай-ақ, ШҚО әкім болғанда жер сілкінді… өңірді су басты, өте қиын жағдай орын алды. Сонда өзі бас болып, резінке етік киіп алып, халқымен бірге жүрді, халқымен бірге тоңды, солармен бірге қонды. Бұл – бүгінгі көптеген шенеуніктерге сабақ болса игі! Ел деп соққан жүректің еленбей қалмайтынына осының өзі жарқын дәлел! ШҚО-дағы орыстар мен казактарда оңай шағылар жаңғақ емес-тін. Міне, солармен де тіл табысты. Ың-шыңсыз, дау-дамайсыз Лениннің ескерткішінің орнына Абайдың асқақ мүсінін асқақтатты. Ол ескерткішті ең көрнекті жер облыс әкімшілігінің алдына қойды. Әрине, Бердібек мырзаның ерлікке пара пар әр игілікті ісі біздің «Qazaqstan dauiri» (Қазақстан заманы) газетінде жарық көріп халыққа насихатталып отырды. Ел есінде болса, Ақтөбедегі қиын кезеңде сол жаққа әкім болып жөнелтілді. Табандылығының арқасында ол жақтағы келеңсіздікті жоюға күш салды.
Басты келеңсіздік өңірдегі діни саясаттың дұрыс жүрмеуінен «сақалдылардың» салған ыландары, олардың көбейіп кеткендігі. Осындай нәзік жұмыстың да ығытын тапты, жөнге салды. Шаңы шығып жатқан Ақтөбе қаласын бірнеше жылда заманауи қалыпқа келтіріп, әдемі де сәнді қалаға айналдырды. Ұлттық мәселеде де Бердібек Сапарбаевтың ел аузында аңыз болып жүрген айдынды да айбынды, мінезді істері көп. Мәселен, Ақтөбеде Қытай компаниясының тілдік мәселеде кереғар ісін орнына қойғаны ұлт жанашырларын сүйсінтті. Тоқсаныншы жылдарда тұралап қалған Оңтүстік Қазақстанның есін жиғызған ерлік істерін елбасымыз да, ел де ұмытпауы тиіс. Бердібек бауырымыз еңбекқор, беймаза жан. Кабинетінде отырмайды. Ауыл-ауылды аралап, бұқараның мұң-мұқтажын жедел шешетін іскерлігін, әкім қараларды да жазалап орнына қоятын қара қылды қақ жаратын турашылдығын да жақсы білеміз.
Ақтөбеден ақ бата алып, Нұр-Сұлтанда 5 періште қайғылы қазаға ұшырап өртеніп кеткенде тағыда Бердібек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып келгенін кім ұмытар! Одан кейін премьер министрдің орынбасары болып жүріп елдің қолайына жағатын істерімен еленді. Енді міне, Жамбыл облысына әкім болып келіп, Қордайдағы қордаланған проблемамен бетпе-бет келуде. Бұл жолы да билік тарапынан Бердібек Мәшбекұлына үлкен сенім артылып отыр.
Бекең бұл сенім үдесінен шығып, елі мен жеріне адал қызмет етуін жалғастыра беретініне кәміл сенемін, Іске сəт..! Елім деп туған азаматқа Алла Тағала күш-қайрат бергей! Жортқанда жолың болсын, Азаматым!