Бастауыштағы балаға жыныстық емес, ұлттық тәрбие беру керек!
Қазақстандық мамандар мектеп оқушыларына үшінші сыныптан бастап жыныстық қатынас туралы оқытуды ұсыныпты. Тengrinews.kz сайты солай деп жазды.
Бастама көтерген бұл топтың уәжі — мектеп жасындағы қыздардың суицидке баруы екен. Олардың айтуынша, жасөспірім қыздардың суицидке баруының бір себебі — ерте жастан жүкті болу. Сондықтан балаларға бұл туралы бастауыш сыныптан бастап айту керек-мыс.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда кәмелетке толмаған жасөспірімдер жылына мыңға жуық түсік жасатады. Ал, мамандар ересектердің бұл тақырыпты айналып өтетінін айтады.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңға сәйкес жүкті жасөспірім анасы мен әкесінің қатысуынсыз медициналық көмек ала алмайды. Сондықтан қылмыстық түсік жасатудың саны артып келеді дейді. Ал, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткеннің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда жиырма есе көп болатын көрінеді.
Қазақстан репродуктив медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин былай дейді: «Сегізінші сыныптағы анатомия деңгейінде емес, ертерек, үшінші-төртінші сыныптан бастау керек. Оны тәжірибелі педагог жүргізуі қажет. Бұл тақырып жабық күйінде қалмауы керек. Жабық тақырып қара базармен тең. Бұл «секс жоқ» дегенмен бірдей. Ол қалай жоқ? Ол тамақ ішу, ұйықтау, өмір сүру секілді ғой. Осылай түсіндіру керек».
Сонымен, бастамашыл топтың айтары — балаға жыныстық тәрбиені үшінші сыныптан бастап айтып түсіндіру керек.
Ұлттық тәрбиеге көңіл бөлу керек!
Біз ардагер ұстаз, Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Миразоваға хабарласып, аталған бастамаға қатысты пікірін сұрадық.
Аягүл Төреқызы балаға ерте жастан жыныстық қатынас туралы айтудың қажет емес екенін, керісінше ұлттық тәрбие беру керектігін айтып отыр.
— Қазір мектепке ана сабақты енгізу керек, мына сабақты енгізу керек дейді. Бірақ, сол топырлап енген сабақтардан пайда көріп жатқанымыз шамалы. Сосын балаға жыныстық сауат туралы көп айтып, неғұрлым тыйымды көп жасасаң, бала соғұрлым соған ынтық болады-ау деймін.
Бұл мәселені үшінші класстың баласы әрине қабылдамайды. Оған қызық көрінуі мүмкін. Бірақ, менің ойымша, балаға ерте бастан ондай дүниені айту — пайда бермейді керісінше, баланы бұзады.
Бұл дүниеде өзге елдердің тәжірибелеріне сүйенеді ғой. Бірақ, әр ұлттың өзіне тән ұлттық қасиеті бар. Мұндай нәрсе үшінші кластағы баланың ойына да кірмейді. Бірақ, оларға ерте бастан неше түрлі нәрсені үйрететін дүниелерге шектеу қоя алмай жатырмыз ғой. Бала ондай нәрселерді көре алмайтын болса. Басқа елдердегі секілді бала көруге болмайтын фильмдерді шектесе.
Ал, жаңағы жыныстық қатынас деген табиғат өзі-ақ үйретіп қоятын дүние ғой. Баяғы кезде ешкім ешкімді үйреткен жоқ қой. Ондай дүниені білмейтін кездің өзінде қыздар өз арларын сақтап, ес білгеннен бастап-ақ өзі қыз екенін түсініп, ұлдар ұл екенін білді. Меніңше, бұл жан-жақтан келіп жатқан, біз үйретпесекте қолындағы телефон арқылы әсер етіп жатқан нәрсе. Содан пайда келіп жатқан жоқ, керісінше зиян болып жатыр.
Бұл біздің ұлттық болмысымызға сәйкес емес. Байқасаңыз, бізде тәрбие деген құлдырап бара жатыр. Ол жанұядан басталуы керек. Одан соң мектепте ары қарай өзі жалғаса береді.
Әл-Фараби тәрбиесіз берілген білімнің қауіпті екенін айтты ғой. Демек, тәрбие бар жерде ғана білім болады.Сондықтан бұл мәселеде ұлттық тәрбиеге баса көңіл бөлу керек.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мектептерде тегін мүшеқап тарату туралы ұсыныс айтқан болатын. Сөйтіп шенеуніктер жоспарсыз жүктіліктің алдын алмақшы болған. Тіпті бұл норманы денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізу жоспарлаған болатын.
Түйін. Мектеп — тәрбие мен білімнің ошағы. Ол кез-келген адам сынақ жасайтын алаң емес. Мектептерде мүшеқап тарату, жасы 10-ға толмаған балаға жыныстық сауат туралы сабақ өту — бала психологиясына жасалған шабуыл емес пе? Шын мәнінде, дабыл қағып отырған мәселенің түп төркіні ұлттық тәрбиеде жатқанын тегін мүшеқап «таратқыш» шенді-шекпенділер неге түсінбейді?
Нұрбике Бексұлтанқызы