БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ
Қазақта «Денсаулық – зор байлық» деген тәмсіл бар. Бекер айтылмағаны анық. Дамушы елдердің бәрінде адам денсаулығы бірінші орында тұрады. Ата заңымызда да мемлекеттің өлшеусіз байлығы адам екені дәріптеледі. Нақтылап айтсақ, Мемлекеттің басты басымдығы әрқашан адам денсаулығын сақтау болып табылады. Адам денсаулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді.Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда.
Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылмақ:
Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру.
Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету.
Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының қабылдануы да тегін емес, себебі қазіргі коронавирустық пандемия әсерінен туындаған экономикалық залал, еліміздің қиын кезеңге аяқ басуының белгісі болып табылады. Осындай қиын-қыстау кезеңде ұлттың денсаулығын көтеру ел экономикасын дамытуға байланысты. Егер елдердің табыс деңгейі мен өлім арасындағы корреляцияны қарастыратын болсақ, онда байланыс тікелей байқалады: ел неғұрлым бай болса, өлім деңгейі соғұрлым төмен және өмір сүру ұзақтығы жоғары болады.
Ұлттық жобаның бірінші бағытын жүзеге асыру үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен толықтай қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба аясында жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау үшін бірнеше шара қарастырылған. Біріншіден, жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту көзделген. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, 8 өңірде балаларды оңалтуға арналған 8 орталық және 2 ерте араласу орталығын қосымша ашу жоспарланған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге (18%-дан 60%-ға) дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Дені сау ұлт» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елімізде өлім-жітім деңгейі төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарынша 2022 жылы елімізде өлім-жітім 15,5 пайызға азайған. Мемлекет үшін басты байлық адам болған соң, азаматтардың өмір сүру жасының өсе беруі оң нәтиже болары анық. 2022 жылдың 7 айында «Дені сау ұлт» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың арқасында ел тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4 қатерлі ісіктерден 8,7, тыныс алу ағзаларының сырқаттарынан 23 пайыз және туберкулез сырқатынан болатын өлім 12 пайызға азайған көрінеді. Мамандардың пайымдауынша, халықтың жалпы алғандағы өлім-жітімнің көрсеткіші 15,5 пайызға төмендеген екен. Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылы да қараша халықтың денсаулығын көтеруге бағытталған ұлттық жобаның жұмыстары мен іс-шараларын еліміздің барлық аймағында кезең-кезеңімен жүргізіп жатқанын мәлімдеуде. Қай аймақта болса да бірінші кезекте халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру маңызды. Сонымен қатар дәрігерлік көмек халыққа сапалы жасалуы тиіс.
Ұлттық жобаның екінші бағытында биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-эпидемиялық сараптама зертханаларының үлесін үштен бірге дейін арттыру жоспарланған.
Аталған жобаның үшінші бағытында Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмалар ескерілген. Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50%-ын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде отыз жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған.
Ал, Ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19%-ға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45%-ы салауатты өмір салтын ұстанып, 50%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53%-ға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.