Басты мақсат – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту
Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісінде облысымыздағы жолаушылар көлігін дамыту мәселелері сөз болды.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Менеевтің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында 134 млн. жолаушы тасымалданған. Нәтижесінде өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда, аз көрсеткіш көрсеткен. Мұның себебін басқарма өкілі ел аумағында енгізілген карантиндік шаралармен, енгізілген шектеулерге байланысты жолаушылар тасымалының барлық түрінің тоқтатылуымен түсіндірді.
Облысымызда жеті халықаралық, екі облысаралық 22 облысішілік, 37 ауданішілік, 34 қалалық автобус маршруттары тұрақты жұмыс жасайды.
– Өндірістің тоқтап тұрғанына және карантиндік шаралардың енгізілуіне қарамастан облыс тасымалдаушылары автобус парктерін жаңартуда. Ағымдағы жылы үш облысішілік маршрутта үш жаңа автобус сатып алынып, маршрутта қызмет көрсету үшін жаңа куәліктер берілді. Сәйкесінше, бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға өз әсерін тигізді, – деді Қазбек Абдолғазезұлы. Ал өткен жолы үш тасымалдаушы мекеме жеті жаңа автобус сатып алған.
Облысішілік маршруттар бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау үшін 2020 жылға 125,9 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар облысішілік тоғыз маршрут субсидиялануда. Ал 2019 жылы жеті маршрут субсидияланған.
Бұдан әрі темір жол және әуе тасымалы туралы мәлімет берген басқарма басшысының орынбасары Орал халықаралық әуежайында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар облыстың үш ауданында аэродром салу жобасы әзірленгенін атап өтті. – Шалғай аудан орталықтарында әуежай салу жобаларын іске асыру аудандардың дамуына оң әсер етеді, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді, облыс орталығы мен аудандар аралығында үздіксіз әуе қатынасын қамтамасыз етеді, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қ.Менеев.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы