Басты саланың басым бағыттары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.
Биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 30,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді.
Жыл басынан бері салада 526,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,5 пайызға артты. Оның 359,9 миллиард теңгесі егін, 166,3 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 18,9 миллиард теңге инве стиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,7 миллиард теңге инвестиция салынған.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, 5,4 мың гектарға артты. Ағымдағы жылы 371 мың гектар алқапта орналасқан масақты дәнді дақылдан 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алынды. Оның әрбір гектарынан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрады. Сонымен қатар 72,7 мың гектар алқапқа көкөніс пен бақша дақылдары орналастырылып, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,3 мың гектарға ұлғайды. Бүгінгі таңда бұл алқаптардан 1,5 миллион тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналып отыр.
Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ол ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруымен тығыз байланысты. Өңірде жыл басынан бері 1242 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, ол 10,1 пайызға жаңартылды. Жалпы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 457 өтінімге 1,6 миллиард теңге субсидия төленді. Қазіргі таңда техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда.
Ағымдағы жылы аймақта 5,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы отырғызылған. Дегенмен жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әрбір гектардан алынған тәтті түбір 391 центнерді құрап отыр. Жыл соңына дейін қант зауыттарына 125 мың тоннаға жуық тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 16 мың тонна қант өндіріледі деген болжам бар.
Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары биыл 50 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, оның 32,7 мың гектары тамшылатып ылғалдандырылды, ал 17,3 мың гектарына жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған. Ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында биыл 11,3 шақырымды құрайтын 10 су жүйесі ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 2,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, өңірде егіс көлемін арттыру мақсатында ұңғыма қазу арқылы жетіспейтін суды жерасты сулары есебінен қамтамасыз ету үшін 84 ұңғыма қазылып, 3,7 мың гектар алқап сумен қамтылды.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 1 пайызға, сүт өнімдері – 1,8 пайызға артқан. Жыл басынан бері 1,5 мың тонна ет экспортталған. Бұдан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі таңда өңірдегі жалпы мал саны 4,1 миллион басты құрап өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 1, қой мен ешкі – 5,6, жылқы 11 пайызға жоғарылаған.
Соңғы екі жылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында алыс және жақын шетелдерден 3 мыңға жуық мүйізді ірі қара мал сатып алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мың бастан астам қой сатып алынған. Осының нәтижесінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қараның үлес салмағы 26 пайызды құраса, асыл тұқымды қойдың үлесі 30 пайызға жеткен.
Қазіргі таңда облыста ет бағытындағы 5 асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңы мен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде.
Аймақта биыл жалпы құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда, 324 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Соның ішінде Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,8 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 121 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, Жамбыл облысының даму жоспары аясында 2,2 миллиард теңгені құрайтын 59 кіші инвестициялық жоба іске қосылып, 209 жаңа жұмыс орны құрылды.
2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы да өз жемісін беруде. Биыл жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, 253 жоба іске асырылған еді. Ал алдағы уақытта облыстағы 26072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте қанатқақты жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Жалпы Президент құлағдар болып, Үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.
Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.
Ербол ЖИЕНҚҰЛОВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының
басшысы.