БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚЖАҢАЛЫҚТАРМӘДЕНИЕТ ТОҒЫЗ РЕТ ТҰТҚЫНДАЛЫП, ҮШ РЕТ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН АҚЫН
Әлем әдебиетінде поэзия үшін ақтық демі қалғанша қызмет етсе де, қоғамға қажеті болмаған, тағдырдан теперіш көрген таланттар аз болған жоқ. Қасиетті сөз өнері үшін соңғы сағаты соққанша еңбек етсе де олар қоғам үшін өлгендердің санатында болды. Өз отына өзі жанып кеткен сондай ақынның бірі – әйгілі Франсуа Вийон. Өз заманындағы зауалдың бәрін арқалап өткен ақынның шатпақтары бұл күнде шедеврлер қатарында болғанымен, өзінің көзі тірісінде оны көпшілік қылмыскер ретінде ғана білетін.
Ұрымын, қанішермін, ақынмын мен, мен Франсуа Вийонмын» фильмінде атышулы шайырдың шынайы бейнесін киноиндустрияда жан-жақты ашып көрсетуге тырысқан. Кинотуындыда ақын өзінің дәрменсіз дәруіш хәлін өлеңмен жұбатып, таусылған төзімінің орнын поэзиямен ғана толтырып бақты.
Қазақтың қарагер ақыны Қадыр Мырза Әли Франсуа ақын жайында: «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі. Жоқтықтың шеңгеліне мықтап бір іліккен кембағал-кедей не істемек?! Әрине, аласұрып ойланады. Басын тасқа да соғады, тауға да соғады. Тіпті, болмаған соң кейбіреулер ұрлық жасайды. Алдау-арбаумен шұғылданады. Тіптен кісі өлтіруге де барады. Ақындардың арасында ондайлар көп емес. Әйтсе де, өкінішке қарай, бар. Атақты француз ақыны Франсуа Вийон сондай іске араласқан деген сөз бар. Кім білген, солай болса, солай шығар. Әйтеуір оның ұзақ жылдар ұстатпай қашып жүргені рас. Әдебиетші-зерттеушілердің айтуларына қарағанда, ол бейберекет өмір сүрген.
Француздың заманауи жазушысы Жан Фавьенің аңыз адам, арда ақын Франсуа Вийон (де Монкорбье) жайлы кітабының бастауы «Парижден кетуге берілгені үш күн ғана…» деп басталуы бекер емес еді. Себебі, тағдырлы таланттың тумысы жұмбақ, ажалы аңыз. Бізге белгілісі, оның 1431 жылдың сәуір айында дүниеге келгендігі. Сегіз жасында тұл жетім қалған баланы Әулие Бенедикт Гийом шіркеуінің капелланы болып жүрген діни қызметкер, жамағайыны асырап алады. Құлаққа үйреншікті Вийон деген қосалқы есімді де сол қамқоршысы берген. Ол туралы Франсуа Вийон: «Әкемнен артық көретін тұлға еді», – деген. Ол он екі жасында Париж университетінің өнертану факультетіне қабылданып, оқу орнын он жеті жасында тәмамдады. Кейін үш жылдық магистратурасын да бітіріп, лиценциат дәрежесіне ие болды. 18 жасында-ақ бүкіл елге танымал ақынға айналды. Атақты ақсүйек һәм Париждің превосы (орта ғасырлық Францияда шексіз билікке ие король шенеунігі) Робер д’Эстутвильдің үйінің тұрақты қонағына айналған Вийон барша ақындармен сол жерде бас қосатын. Жанашыры болған д’Эстутвильге арнаған балладасы сақталған.
Француз корольдігінің аса білімді, бірнеше тілді меңгерген, ең талантты азаматының тағдыр тәлкегіне түсуі қай тұста басталған еді?!
1455 жылдың 5 маусымының кешінде шіркеу қызметкері Филипп Сермуаз ақынға пышақ жұмсайды. Жанжалдың себебі әрине, әйел! Төбелес үстінде пышақты тартып алған Вийон қарсыласын қатты жаралап, түбі сол жарақаттан Сермуаз көз жұмды. Ақын Парижден аулақ қашты. Өлер алдында Сермуаз өз кінәсін мойындап, ақынды кешіргеніне қарағанда, бұған қатты алаңдамаса да болар еді. Алайда, король сотының үкімін күтіп жүрген жеті айда, қаражатсыз, қаңғып қалған ол қаскөй қарақшылардың қауымдастығына кіріп үлгерді. Екі бірдей қарақшылық шабуылға қатысып, тіс қаққан, әккі қорбандардың қатарын толтырған ол, соттың ақтау туралы үкімін ести салысымен, 1456 жылдың басында Парижге оралды. Келген бетте Наварра колледжінің кассасын тонап, екі серігімен елу экюді (алтын) бөліп алады да, тағы қашады. Сол түні тұңғыш ірі туындысы «Кіші аманат» дүниеге келді. Кейбір дереккөздер бұл шығарманың шын атауы басқа болуы мүмкін екендігін, ақынның көзі тірісінде-ақ Рабле бастаған баспагерлер солай атағандығын алға тартады. Сонымен, істің мән-жайы жарты жылдан соң ғана анықталып, қылмыс жасағандардың аты мәлім болған-ды. Вийонға енді астананың есігі қайта ашылмастай жабылды… Бес жыл қашқында жүрген ақын Ла- Манштан Жерорта теңізіне дейін, король сарайларынан қарақшылар қосынына дейін кезумен болды.
1457 жылы Сицилия королі Ренемен біраз уақыт бірге болады. Жеке таныстығына, монархтың қамқор көңіліне қарамастан, ары қарай қасында қалудан бас тартады. Аз ғана уақыт Блуадағы Орлеан герцогы Карлдың сарайында тұрақтаған ақын арнайы ұйымдастырылған сайысқа қатысады. Сарай ақындары ережеге сай әзіл аралас өлеңдерін ұсынып жатқанда, Вийон фәлсафалық трагизмге толы балладасымен елді таңғалдырған еді.
Десек те, талантты ақынды тағдыр тәлкегі уысынан оңайлықпен шығарған жоқ. 1460 жылы Вийон Орлеан түрмесінде өлім жазасын күтіп жатты. Сол жазда үш жасар Мария ханшайымның мұрагерлік қабылдауына орай, герцогтың отбасы Орлеанға келіп, оқиға құрметіне барша т ұ т қ ы н д а р ғ а б о с т а н д ы қ б е р і л е д і . 1461 жылдың күзінде Мён-сюр-Луар абақтысында қамауда отырғанында таққа отыру салтанатына бара жатып, осынау қалашыққа атбасын бұрған жаңа король Людовик XI қамаудағылардың бәрімен бірге Вийонға да кешірім береді. Жыл аяғында Парижге оралып, үлкен лирикалық топтамасына енген «Эпитафия», «Үлкен аманат» туындыларын жазды.
Жалпы, Вийон жалғанды жалпағынан басып жүрген қанша билеушілермен жақын таныс бола тұра, бірде-бір Еуропа монархына тізе бүкпеген, илікпеген. Сондықтан да ғұмыр бойы рахат көрмеген, қудаланған…
1462 жылы Вийонды ұрлыққа қатысы бар деген жалған айыппен тағы да қамауға алады. Бірақ ақын көп ұзамай еркіндікке шығады. Вийон ұзын-ырғасы тоғыз рет қамалып, сотталған, үш рет өлім жазасына кесілген. Сол айдың соңында Вийонның жолдастары көше төбелесіне арандап, Рим Папасының жеке нотариусы ауыр жарақат алады. Оқиғаға еш қатысы болмаса да, тек сол жерде болғаны үшін ғана абақтыға жабылады. Сот үкімі тез әрі аса қатал болды: «…Сумен тұншықтырып азаптауға, кейін дарға асу арқылы өлім жазасына кесілсін». Сол кезде ақын «Асылғандар балладасы» мен «Катренді» жазған екен. Дәл осы әділетсіз сот үкімімен үш күнде Парижден қуылады. Осылайша ақын сүйікті қаласынан біржола кетті. Арғы өмірі беймәлім. Бір анығы, ол ең кемі 1491 жылға дейін өмір сүрді. Өйткені, әлі еш түзету, өзгерту, бұрмалау көрмеген жинағы сол жылы жарық көрген. Оны замандастары растаған.
Ол сол замандағы поэзия тілі болған латыннан бас тартып, жалпы халыққа түсінікті орта француз тілінде жазған тұңғыш француз лиригі еді.
Сондай-ақ, ол – реалист. Тұрмыстық ұсақ-түйектер, адам ойына кіріп-шықпайтын құбылыстар, заттар, бос қалған әмиян, сыра толы саптыаяқ, шарапхананың атауы, жатын бөлменің есігі, баршасы оның өлеңдерінде рәміздік сипат тауып, сирек суретке айнала кетеді.
Көптеген балладаларында пародия да бой көрсетіп қалатыны бар. Қоғамның қайғылы кейпі, замандастар бейнесі, Париждің притондары, абақты «тұрғындары», қарақшылар қауымы, жемқор шенеуніктер көрініс табады. Шарапхана қарауылы да, оқшантай асынған оққағар да, жезөкше де, қарақшы да, түрменің жандайшабы да, патша да, тіпті, «адамға арнау айтатын» аң мен құс та өзіндік фәлсафасына астасып, ақын туындыларына кейіпкер бола береді.
Оның студенттік кезеңде жазылған бір үлкен поэмасы жоғалып кеткендігі туралы деректер кездеседі. Одан бөлек, ұрылар мен қарақшылар тілінде (жаргон) жазылған жеті балладасы сақталған. XVI ғасырдың өзінде әдебиет мамандары бұл шығармаларының көп тұстарын түсіне алмаған екен. Қызығы, О.Мандельштам, И.Эренбург секілді орыс ақындары аталған туындыларды еш қиналмастан орыс тіліне аудара алған. Себебі, абақты поэзиясы жанр ретінде қалыптасқанына бірнеше ғасыр болған орыс әдебиетіне түрме тілі де, ондай ортаның ерекше оралымдары да таңсық емес-ті.
Еуропа ондай ақынды бұрын көрмеген, ондай жыр оқымаған еді. Оның ізінде Ренессанс менмұндалап тұрған-ды. Тағдырлы тұлға, шын ақынға Сартр таңырқап, Бахтин жылап отырып толғамын жазды. Жорж Бассанс өзін Вийонның мұрагері санап, бірінші болып «Мэтр Вийон» деген тіркесті қолданды. Оның жырлары қарақшылық пен қаңғыбастыққа мадақ емес, бассыздық пен бұзақылыққа бастар дүние де емес, қатыгез қоғамның қасаң қағидаларына қарсылық болатын. Бізге ақын мұралары мен өмірбаянының жетуіне себепкер болған Рабле, сол заманның әдебиеттегі алыптары Пьер Грэнгуар, Клеман Маролар өзіне Вийонды ұстаз тұтса, Буало мен Вольтер, Беранже мен Готье ол туралы талдауларын тамсана жазды. Мольер мен Лафонтеннің өздері, Ришпен, Роллин, Корбьер, Вернан сияқты кесек ақындардың да оған еліктегендігі шығармаларынан анық байқалады.
Оның ақындық ұстанымдарын ғасырлар өте Бодлер, Блейк, Есенин, Бродскийлер іліп әкетті, еліктемесе де, ерен үлгі көріп, «Рух еркіндігіне» ерік берді!
Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.