Басылымның тарихын зерттеген

Төл газетіміз «Қостанай таңына» былтыр 95 жыл толғанын көзіқарақты оқырман біледі. Тарихы тереңде жатқан басылымның алғашқы ұйымдастырушысы әрі редакторы – М.Сералин, жауапты шығарушысы Б.Майлин болғанын біздер, кейінгі толқын жастар мақтанышпен айтамыз. Алаштың ардақтылары, қазақ әдебиетінің класиктері іргетасын қалаған газеттің өткені мен бүгіні талай зерттеу жұмыстарына арқау болары сөзсіз. Сол зерттеулердің алғашқысы күні кеше аймақтық оқушылардың конференциясында қорғалды. Мұрағат деректеріне тағы бір мәрте жан бітірген ізденуші – Қостанай қаласындағы №24 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Айзия Қыдырбекқызы.

Айзияның апайы Меруерт Темірқызы шәкіртінің еңбегін жоғары бағалап отыр. Айзия деректерді жинау барысында редакцияның шығармашылық ұжымымен танысып, газеттің шығу процесін өз көзімен көрді. Көрген-білгендерін зерделеп, Е.Дәулетбаев атындағы VII аймақтық ғылыми-практикалық оқушылар конференциясына қатысып, таңдаған тақырыбын жоғары дәрежеде қорғап шықты. Тақырыпты толық аша білгені үшін 3-орынға ие болды.

— Мектебімізде «Еңбек ер атандырады» апталығы өткен болатын. Апталықтың барысында әрбір оқушыға өздерінің ата-аналары туралы және қандай қызмет атқаратындары жайлы жұмыстар әкелулерін ұсындым.  Сыныбымыздың үлгілі оқушысы Айзия Қыдырбекқызы әкесі мен анасының журналист екендігі және 95 жылдық тарихы бар «Қостанай таңы» газеті туралы қызықты деректермен бөлісті. Газет туралы мәліметтерге басқа балалар да қызыға түсті. Содан кейін Айзияға осы тақырып бойынша толығырақ зерттеу жүргізіп, ғылыми жұмыстар байқауына қатысуға ұсыныс жасадым. Айзия және оның ата-анасы бірден құптап, менімен келісті. Осылайша «Қостанай таңы» газетінің тарихын зерттеуге кірістік. Мектебімізде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Өлкетану сабақтары өтеді. Сабақ барысында әр бала өзінің туып-өскен жерінің ескерткіштері, көшелері, олардың тарихы туралы және ежелгі басылымдары жөнінде білулері керек. Қостанай өңірінің қойнауы тұнған қазына. Сабақ барысында әлі талай ғылыми жұмыстардың жазыларына сенімдімін,-дейді №24 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Меруерт Антаева.

 

Суретте: Айзия Меруерт апайымен бірге ғылыми жұмысты талқылауда.

Қымбат Досжанова,

Қостанай қаласы.

Қыдырбек Қиысхан