БАСЫНДА БҰЛАҒЫ БАР ӨЗЕН ҰЗАҚ АҒАДЫ…….

11- мамыр, сағат 14:00де «Чехов» атындағы кітапханада өткен Бауыржан МОМЫШҰЛЫның келіні, жазушы — Зейнеп Ахметовамен кездесуден күнделігіме түртіп алғандарым:

1. Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады. Біз сонау тарихымыздан салт-дәстүрге бай елміз.

2. Қазір Қазақты батысы жалаңаштап, шығысы тұмшалап жатыр. Рухы əлсіздер еріп кетіп жатыр.

3. Сауысқан тоты боламын деп жүрісінен жаңылыпты. Қазір қазақтар қазақ болып қалғысы келмейді.

4. Үндінің киноларының əр сериясында салт-дəстүрін көрсетеді. Бізде де кинолар қаптап жатыр. Ішінде бір салт-дəстүр берілмейді.

5. Он еркек толтыра алмағанды бір əйел толтырады. Сондықтан жүрген жерде ана болатын қазақ қыздарына азырақ білгенімді айта жүремін.

6. Қызға қырық үйден тыю құлақты тескен сəттен басталады.

7. Бізде Ұлттық мектеп, Ұлттық балабақша жоқ.

8. Ұлттың тірегі ана. Қыз тəрбиесіз болса, сол елдің ұрпағы жүнжиді.

9. Көйлек қыздың сəні.

10. Жігіттер қуу. Шалбар киген қызбен қыдырады. Көйлек киген қызға үйленеді.

11. Қазақта Қыз ұзату тойға қызыл көйлек кигізген. Қыз күнімен қоштасу іспетті. Үйлену тойға ақ көйлек киген.

12. Тойда гүл лақтырып не көрінді? Ана жерде қыздар əке шешесінің көзінше байсұрағандай болып таласады.

13. Қыз ұзату тойында қыз əкесімен вальс билейді. Қай қазақ қызын билеп шығарып салған ?

14. Үйлену тойда шаңырақты ұстайтын жігітке пышақ беріп торт кестіреді. Келін атасының, енесінің аузына торт салады. Ертең сөйтіп енесінің көзін шұқиды. Қазақта тойдан кейін «Келін шəй» деген болған. Көрші қолаң, үлкендер шəй құйысына, жүріс тұрысына қарап батасын берген.

15. Қазақ киноларында ұлттық өнеге жоқ.

16. Журналисттер жайына қалды. Əртістер журналист болды.

17. Менің өмірімде бақыттың үш сатысы бар:

— қыз дəурен;

— жар болу;

— Ана атану.

18. Ұлттық перзентхана жоқ. Кесілген кіндік итке тасталған соң, ұрпағымыз бір-бірімен итше қырылып жүр. Кіндік шеше дегенді ақшасы көп адамнан сайлап қоямыз. Бала оған ұқсамайды дə.

19. Күріш ( Атасы Бауыржан) арқасында күрмек су ішкенмін.

20. Ықтырмаң болмаса желге өкпелеме.

21. Жаһанданудан қашып құтылмаймыз. Ықтырма — Ұлттық құндылық.

22. Қазір мынадай адамдар бар. Қазақша сөйлемейді. Түсінеді. Ит те түсінеді. Сөйлей алмайды.

23. Сыйластық та сатулы болып бара жатыр.

24. Жазушы боламын. Жазамын деп еш ойлаған емеспін. Атамның сөздерін асханада тұратын май-май күнделігіме жылдам жазып алатынмын. Бір жақсы жерім сақ құлақ болатынмын. Аманатты жеткізу жолында жазушы болып кеттім.

25. Бір кісі келініне «Шуақты күндерді» апарып: » Мə, оқы. Зейнеп Ахметовадай келін бол» деп берсе, келіні: «Ондай болу үшін Бауыржандай атаң болуы керек қой» депті)

26. Қазір қыздардың бəрі еркек шора. Тойға да, киноға да, театрға да шалбар киіп барады. Шалбарды да киетін жер болады ғой айналайын.

27. Жігіттерге жаным ашиды. Бəрінен айрылды. Темекісінен де, көлігінен де, енді шалбарынан да айрылды.

Дайындаған: Балжан Ақылбек.

Әр қазақ бай болсын.