Баталы құл арымас……
«Ертеректе Нармамбет Ормамбетұлына еріп, Жетісу баурайына барып, бір байдың үйінде қонақтап жаттық, өзіміз бесеуміз. Қайтпақшы боп отырғанымызда, тәңертеңгі шай үстінде сәлем беріп бір әйел келді үстімізге.
Үсті басы таза, біраз аялдап отырып,-«Нараға, мен сізге келдім. Адасып жүрген бір қарындасыңызбын, көп Тобықтыданмын. Ерім мына байдың қойшысы. Бір уыс сүйегіңізбін ғой, қорашсынбасаңыз, от басында болып, дәм татсаңыз деп келдім, аға».
Әйел жылады.
Наркең іркілмеді:-«Қазір барамыз, қарағым» — деді.
Байды ертіп туысымыздың үйіне бардық. Бай малшысының үйі дейтін емес. Үй іші тиянадай. Дәмді де баптап берді қарындасымыз.
Дәм соңында ықылас білдірмегіміз бар. Сонда күйеуі екеуі қолын жайып отыра қалды да, қарындасымыз: -«Нараға, мал тілемеймін Тәңірден, дәм жазып, мына күйеу балаңызбен қосылғаныма бір қыдыру жыл болды, бір шыр еткенге зармыз, аға» — деп және көзіне жас ірікті.
Нарағаң көңілі келгеннен риза секілді еді, енді тіпті тебіреніп кетті:
«Жеті өлікке жан берген,
Жеті хатқа өң берген.
Адамзатқа нәр берген,
Қара жерге әр берген
Жаратушы Сенен!
Бабай түкті шашты Әзиз, тіледім сенен!
Осы қарағымның маңдайына ырыс бер, берсең ырыс, дұрыс бер. Ернін ұлға тигіз, уысын пұлға тигіз, Аллау акпар!»- деп бата берді.
…Содан бері көп уақыт өтті. Кім есте қалады, қарындас та ұмытылды, өзімізден де ес кететін уақыт жетті. Бар бала-туыстан 1931 жылдың аштығында айрылып, қу басым қаңғып, Қарқараға бардым.
Буын кетіп, әл құрып жүргенімде бір бәйбіше, өңіме үңіліп тұрып, қолымнан ұстап, жетектеп алды да кетті базардан. Үйіне келіп? –«Нарбай, Шашу, екеуің мына нағашыңды шомылдырыңдар» — деді.
Зіңгіттей екі жігіт жуындырып, үр жаңа киім киіндіріп, нағашылап, үстіме түсіп жүр. Айран-асырмын, тамаққа әбден тойғызып, көрпемді жауып салды.
Ертеңгі ас үстінде әлгі бәйбіше: — «Шашу аға, мені танымадыңыз-ау»- деді. «Танымадым, қарағым» — дейін.
– «Шашу аға, баяғыда Нарекең бар, бес кісі келіп, шаңырағымыздан дәм татқаныңыз бар еді. Нарекеңнің батасы тиіп, содан мына бес жиенді көрсетті Алла!»- деп отыр. Бес баласына сол жылғы келген бесеуміздің атымызды қойыпты»…………………
Online Qazaqstan
Шашубай Қошқарбаев