БАТАМЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР…

Күні бүгін Жуалы ауданында «Ақ бата» аталатын бата беруден ақсақалдар арасында байқау өтті. Байқауға ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығынан батагөй қариялар қатысты.
♦ Байқау өткізудегі мақсат та біреу. Ол – ауыз әдебиетінің үлкен саласы, сөздің асылы, ақ тілектің атасы, бата беру дәстүрін жас ұрпаққа жеткізу және жалғастыру, тілі шешен, аузы дуалы көпті көрген данагөй қарттардың өнегелі өмірін қоғамға үлгі-өнеге ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету.
Бата беру байқауы басталмас бұрын аудан ардагерлері және облыстан келген қонақтар даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Батырдың рухына тағзым жасады.
Батагөй қариялардың арасындағы сайыс – «Бата – сөздің атасы», «Ақ бата – асыл мұра» және «Айтарым бар…» деп аталатын үш кезеңнен тұрды.
Сонымен, «Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесі Билікөл ауылдық округінің атынан сынға түскен Сейітқазы қажы Медетбековке берілді.
Батагөйлер байқауының бірінші орны Шақпақ ауылдық округінің намысын қорғаған қадірлі әрі білімді қария Дәулетжан Байдалиевке берілді. Қазылар алқасының шешімімен екінші және үшінші орындарға екі-екі жүлдеден тағайындалды. Екінші орынның екі жүлдесін Б.Момышұлы ауылы және Жетітөбе ауылдық округінен қатысқан үміткерлер – Мұратқали Рахметов және Шарханбек Қожаназаровқа, үшінші орынның жүлделері – Ақсай ауылдық округінен келген батагөй Аманжол қажы Дүрәліұлына және Қарасаздық қария Оңғарбек Қорғанбайға берілді.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және аталған ұйымның жанынан құрылған билер кеңесінің төрағалары, ел ағалары – Еркінбек Солтыбаев, Оңласын Есіркепов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, сонымен қатар Тараз қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Күләш Әбдікешова, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің ардагері Сауранбек Жамалбеков, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова салтанатты жағдайда марапаттады.

Жуалы ауданы әкімдігі