БАТЫР АНА МУЗЕЙГЕ СЫЙ ЖАСАДЫ

Осы аптада Жазылбек Қуанышбаев атындағы аудандық музей қоры тағы бір жәдігермен толықты. Ауданымыздың алтын құрсақты батыр анасы Тұрсынкүл Көпбергенова «Музейге сый» акциясы өтіп жатқанын естіп, Қазақстанның құрметті кітапханашысы Гүлсім Нарбаевамен бірге келіп, өз қолымен тоқылған қолөнер туындылары мен әдемі болып өскен бөлме гүлін музейге сыйға тартты.
Батыр ана өзінің қолынан шыққан қолөнер туындылары музейдің бір бұрышынан табылып, музейге келуші жастардың өнер, әдемілікке деген қызығушылықтарын оятып, болашақ ұрпақ тоқыма өнерінен қол үзбесе екен деген тілегін жеткізді.
Музей қызметкерлері батыр анаға алғыстарын білдіріп, қонақтардың иығына ақ жаулық жауып, арнайы дайындалған ақ дастарханның сыйлы қонағы етті.
Ләйла ҚОЖАГЕЛДИЕВА,
Ж.Қуанышбаев атындағы МОЙЫНҚҰМ
аудандық музей директоры.