Батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, майдангерлер рухына тағзым етілді
Жеңіс күніне орай Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Майдан даласынан қайта оралмағандарды, марқұм майдангерлерді еске алу үшін ардагерлер, тыл еңбеккерлерімен қатар, бірқатар жамбылдықтар жиналды.
Сонымен бірге іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, құқық қорғау органдары және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.
Жиналғандар Жеңіс үшін жанын қиған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан соң аймақ басшысы бастаған топ саябақтағы “Данқ” залын аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Мұнда театрландырылған қойылым сахналанып, патриоттық әндер шырқалды.
“Данқ” залы Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Ғимаратта 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған.
Залдың 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғаларындағы суреттерде сол кезеңдегі соғыс көріністері бейнеленген.
Сондай-ақ, «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін суреттер де көрініс тапқан.
Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған.
Шара барысында “Жамбылдық әскери құрамалар” атты жинақтың тұсауы кесілді.
Айта кетейік, 2021 жылы Байзақ ауданы әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыста ерлікпен қаза болған Бауыржан Дәуітбаев Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Облыс әкімі аталған орденді марқұмның әкесі Талғат Дәуітбаевқа тапсырды.
Жамбыл облысының әкімдігі