Батырдың қарындасы Таразда тұрады

Қазақ дейтін халықтың перзенті болып күн кешу де бақыт. Ал Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің бірге туған бауыры болып күн кешу әлденеше есе бақыт шығар. Оны батырдың бауырынан басқа жанның түсінуі де қиын болар.

Сәду батырдың қарындасы, 86 жастағы Күләшай Шәкірова Тараз қаласының шет жағында Аңырақай деген көшеде тұрады екен. Ойқыш-ойқыш жолдарды артқа тастап, межелеген жерімізге жеттік. Әрине, тоқсан жасқа жақындау оңай ма, Күлекеңнің құлағы ауыр ести бастапты. Ара-тұра естіп қалған сәтін күтіп, қызы Айшаның көмегімен біраз деректерге қанықтық.

Батырдың қарындасы Күләшай әуелі Таластағы Кеңес ауылында оқып, кейін Тараздағы No5 қазақ мектебін бітірген екен. Мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл есеп санақ техникумын, содан соң Алматы қыздар педагогикалық институтын тәмамдапты. Ұзақ жыл білім саласында тер төккен. Оның ішінде 28 жыл бойы Талас ауданы, Ойық ауылында ауылдық балабақша меңгерушісі болды. 45 баласы бар мекемені 75 балаға дейін жеткізіп, балабақшаның тәрбие, білім беру деңгейін де едәуір көтерген.

Сонымен бірге өмірлік жары екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Ұл-қызының барлығы жоғары білімді. «Алтын алқа» иегері атанған Күләшай Шәкірқызының кеудесінде «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісі де жарқырайды. Өзге де бірқатар медальдары, марапаттары бар екен. Күләшай батыр ана: «Сәду – өжет, батыл, мейірімді еді. Бәрімізді жақсы көріп, еркелетті. Ағам әскерден келгенде мен мектептің төменгі сыныбында едім. Сонда қуанып, жылап көрістік қой. Ол қасіретті күнді Құдай адамның басына салмасын. Сәду сосын партия саласында ұзақ жыл еңбек етті.

Шу ауданы, «Дружба» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болды. Ол кезде бұл – үлкен қызмет. Көңілді жүретін, өлең жазатын. 55 жасында өмірден озды. Ол да соғыс зардабы шығар» деп бір күрсініп алды. Ал қызы Айша: «Біз Сәду атаны қашанда мақтан еттік. Мен ұзақ жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Директордың орынбасары болдым. Ашық сабақтарда отаншылдық, ерлік жайлы көп айттық. Сол кезде Сәду Шәкіров атама да арнап көп іс-шара өткізуші едік. Енді батырдың қарындасының бабын жасап отырмыз. Менен гөрі күйеу баласы Тұмарбек жақсы қарайды. Жасы үлкен кісінің көңілін тауып бата алғанға не жетсін» деді.

Әрине, жасы үлкен кісінің рақметін алғанға бөленгенге не жетсін? Күләшай апаға басқа ұл-қыз, немере, шөберелері жиі келіп тұрады. Жеті перзентінен 21 немере, 20 шөбересі бар. Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің туған қарындасы Күләшай апаның Таразда тұрып жатқаны – бір бақыт. Батыр ана кетерімізде бізге де батасын беріп: «Жолың болсын, ұрпағыңмен мың жаса» деді.

Есет ДОСАЛЫ