Батырдың қызы дүниеге келді

«Дүниеден өту бар, келмек жоқ. Жан беру бар, өлмек жоқ». Елі үшін туған есіл ерлерге қарата айтылған даналық сөз. Шын мәнінде де елі үшін жанын пида еткен ер азаматтардың есімі елі тұрғанда өшпек емес. Қайта күн өткен сайын халық жадында жаңғыра бермек.

Былтыр Байзақ ауданында орын алған жарылыс көптің жүрегіне өшпес жара қалдырды. Қызметіне адалдық танытқан арда азаматтар өзгелерді құтқарып жүріп қаза тапты. Елге қызмет бізге міндет деп білген сол кездегі батырлардың бірі – ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған ерназарлық Тәңірберген Төребеков. Антына берік, қызметіне адал болған азаматтың артында асыл жары Мағжан Сыздықова мен Айсұлтан, Талант, Аслан есімді үш баласы қалды. Оның үстіне қайғыдан қан жұтқан әйел-ананың сол кезде аяғы ауыр етін. Марқұм күйеуі тірі кезінде «төртінші сәбиім қыз болса, есімін Айсезім деп қоямын» деп ниеттенген екен.

Әкенің арман-тілегі 10 наурыз күні орындалды. Жан жары Мағжан көптен күткен қыз баланы дүниеге әкелді. Есімін Айсезім деп атады. Қуанышты хабарды естіген аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев Ерназар ауылының әкімі Қайрат Әділовпен бірге Тараз қаласындағы облыстық перзентханаға арнайы барып, «Төребековтер әулетінің» қуанышына ортақтасып қайтты. Ана мен балаларына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Аудан әкімдігінің атынан гүл шоқтарын ұсынып, бесік-арба тарту етті. Ауыл әкімі де өз сыйлығын табыс етті.

Батырдың анасы Айсұлу Нұралиева көзіне жас алып: «Баламды жоқтатпай, көңілімді аулап жатқандарыңыз үшін рақмет. Бала-шағаңыздың қызығын көріңіздер. Баламның іші сезді ме екен, қыз болса, атын Айсезім деп қоямын деген. Бүгін баламның сол аманатын орындап, перзентханадан шығарып жатырмыз. Барлығы үшін бәріне рақмет», – деп аналық алғысын айтты.

Аналар аман болсын, балалар жыламасын. Біздегі тілек осы.

Ильяс Қалыбеков,

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ