БАТЫРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА НЫҒМЕТ

Қазақ халқында «Батырдың даңқы өшпейді» деген тамаша даналық сөз бар. Бұл елі мен жері үшін, ұлтының мақтанышына айналған қаһармандарға берілетін баға! Біз сөз еткелі отырған батыр Рақымжан Қошқарбаев бұл абырой-атаққа лайық тұлға. Біле білгенге Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ. Еңбегі еленбесе де, ерлігі бағаланбаса да – халық жадында мәңгілікке көзсіз ерлігімен жатталып қалғаны ақиқат. Тарихи ерлігін небәрі 21 жасында жасаған батырдың дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толып отыр.

Өлім мен өмірді, құрмет пен табынуды ұлтқа бөлген саясаттың кесірінен еленбеген, небәрі 21 жасында адам сенгісіз ерлік жасаған Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы алғаш рет сөз қозғаған Бауыржан Момышұлы «Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс туын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің – енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу» деп айтқан сөзі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласын батыл түрде тарихи құнды құжат деп атауға болады. Өйткені атақты Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын желбіреткенін алғаш дәлелдеген осы мақала екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бұл мақала Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан батырдың ерлiгiн паш етудің басы болатын. Бауыржан Момышұлының ұйытқы болуымен Кәкімжан Қазыбаев көп ізденіп, мақала жазумен ғана шектелмей, мәселені сол кездегі Орталық комитеттің қарауына ұсынып, Мәскеуге дейін сұрау салады.
Жалпы, К. Қазыбаевтың қолында Рахымжан батырдың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккендігін дәлелдейтін 100-ден астам құжат болған. Ол кісі Рахаңның ерлігі туралы алғаш “Воин Родины” атты дивизия газетiнiң 1945 жылғы мамырдың 3-iнде жарияланғанын анықтайды. Ал сол жылы мамырдың 5-інде-ақ Рахымжан Қошқарбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беру жайлы ұсыныс қозғалғанымен, оны Мәскеу көпе-көрінеу ескермейді. Кәкең 1965 жылы ОК хатшысы Н. Жанділдинге жазған хатында мәселенің мәнісі Рахымжанның әкесі Қошқарбайдың 1937 жылы қуғынға ұшырағандығымен байланысты болғандығын ашып жазады.
Кәкең Баукең арқылы Рахаң жайлы майдандық газетке алғаш жазған майдангер-журналист Василий Субботинмен танысып, қос қаламгер «Советский воин», «Правда», «Литературная газета» «Қырым», «Новый мир», «Дружные ребята», «Жұлдыз», «Простор», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Фрунзевец» тәрізді басылымдарда Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов жайында бірнеше мақала жариялайды. Кейін сол кездегі ГДР журналисі Карл Кокошко арнайы Рахымжанды іздеп келіп, Кәкеңмен кездеседі. К.Кокошко да Берлин басылымдарында Рейхтсагқа ту тіккен Рахымжан жайында бірнеше мақала жазады. Ал 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына орай, Кәкең Рахымжан турасында «Кернеген кек» повесін жазып бітірсе, «Правда», «Литературная газета» басылымдарында және сол жылы жарыққа шыққан Ұлы Отан соғысы тарихының 5-томында Рейхстагты алған Рахымжан мен Григорий батырлар жайында жазады. Ал Василий Субботин өзі жүргізетін «Голубой огонек» телебағдарламасына Рахаңды арнайы шақырып, Рейхстаг түбіндегі ту жайында сыр суыртпақтайды. Сол жылы К. Кокошконың мұрындық болуымен Берлиндегі кеме зауыты бригадаларының және пионер отрядтарының біріне Р. Қошқарбаевтың аты беріледі. Бұл турасында Кәкең «Неміс достар осындай ілтипат көрсеткенімен, өзіміздегі дәмеленген қарекеттен ештеңе шықпады. Дүрілдеп ұлы Жеңістің 20 жылдығы да өте шықты, бірақ Рахымжан жөнінде Москва үндемеді», – деп қынжыла жазады. Кәкеңнің жазуынша, бұл жайға сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы Жұмабай Тәшенов араласып, Рахымжанның кезінде батырлыққа ұсынылған мұрағат құжаттарын көтертіп, маршал И. Коневтің алдына мәселе қояды. Бірақ оның соңы дауға ұласып, төрелік айтады деген К. Ворошилов табандылық көрсете алмапты… Осылайша батыр Баукеңнің мұрындық болуымен, Кәкімжан Қазыбаевтың араласуымен басталған «майданға» сол кездегі еліміздің басшысы Д. Қонаевтан бастап, басқа да қайраткерлер мен қаламгерлер үн қосады. Соның нәтижесінде 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы беріледі.
«Ер есіме ел есінде» деген рас екен. 30 мамыр күні Астана қаласында Р. Қошқарбаевқа 100 жыл толуына орай шыққан «Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа тігілген ту» атты жинақтың таныстырылымына арналған дөңгелек үстел болып өтті. Бұл іс-шараның өтуіне Астана қаласының әкімдігінің мұрындық болғанынын айта кеткен абзал. Дөңгелек үстелге қала әкімшілігі, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары, ұстаздар қатысты.
Іс-шара барысында «Рахымжан Қошқарбаев: Рейхстагқа тігілген ту» кітабының тұсауы кесіліп, жиналғандар «Ерлікке тағзым» атты архив құжаттарының көрмесімен танысты.
Дөңгелек үстел басында сөз алғандар көп болды. Бәрі де батырдың өршіл рухын, қайсарлығын тілге тиек етті. «Рахымжан Қошқарбаев — бүкіл Кеңес елдеріне ортақ ұлы тұлға. Бәрінен де бұрын бізге жақын. Бүгінгі шараның үлкен мәні бар. Бастама құтты болсын! Ел үшін жасалынған еңбек ешқашан ұмытылмауы керек», — деді тарихшы, ғалым, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдастық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев .
«Тарихымызда батырларымыз көп. Ол Қабанбай, Райымбек батырдан басталады. Жастар сондай әруақты батырларымызға қарап, өсіп-өнуі керек. Бүгінгі шара өте керек әрі маңызды деп ойлаймын. Бұл — жалғыз бізге емес, болашақ жастарға бағытталған шара. Біз батырларды мақтан тұтамыз. Бүгінде шындық келді. Азаматтарымыз Кеңес одағының батыры атағын алды», — деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.
Мемлекет басшысы биыл жылдың басында Егемен Қазақстан газетінде жарияланған сұқбатында «Биыл даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл. Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деген болатын.
Осыған байланысты ел бөлімінде әртүрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қаһарман ата-апаларымыздың есімі мектеп пен көшелерге берілуде. Бүгінде қаламыздағы көрікті көшелердің біріне Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді, сол көшенің бойында ескерткіші де орнатылған.
Жершары халқының 80 пайызын қамтыған Екінші жаһандық соғыста қазақ халқының батыр ұлдарының даңқы бүкіл әлемге жайылғаны рас. Іс-шараның мақсаты да Екінші жаһандық соғыс жылдарындағы ата-бабаларымыздың қайсарлығы мен батырлығын, шексіз рухани күшін бүгінгі жастарға үлгі- өнеге ету, мәңгілік есте сақтау екені байқалып тұрды.

Нағашыбай Қабылбек