Тараз қаласындағы және Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен байзақтық Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы көшелердің бас жақтарына ескерткіш тақталардың ашылуы болды.
Аталған шараға «Қосы батыр» қоғамдық қорының мүшелері, қаладағы, ауылдағы аталған көшенің тұрғындары қатысты. Ескерткіш тақта маңайы абаттандырылып, тал-теректер егілген екен. Үлкен мрамор тақталарға батырдың суреті, қашалып жазылған аты-жөні және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетін бірнеше жыл басқарған
ұлы тұлға, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері, жерлесіміз Арғынбай Бекбосынның батыр туралы естеліктерінен қысқаша ғана үзінділер келтірілген тақталарды «Қосы батыр» қоғамдық қоры орнатты.
Ескерткіш тақталардың ашылуында Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов алдымен сөз алды.
-Ауданымыздың Қарасу ауылында 1920 жылы туып, Ұлы Отан соғысында өшпестей ерлік көрсетіп, жау дзотына кеудесін тосып, мыңдаған жауынгерлерді ажалдан арашалап қалған Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев біздің мақтанышымыз. Тараз қаласында, ауданымыздағы Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта батырға үлкен ескерткіш қойылса, бірнеше ауылда мектеп, көшелер батыр бабамыздың есімімен аталады. Біз Ақәділ бауырымызды әркез еске алып отырамыз. Әсіресе 9 мамыр — Жеңіс күні мен ерлік жасап, өмірден өткен күні – 31 шілдеде аудан жұртшылығы батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуді әдетке айналдырған.
Енді міне, Тараз қаласындағы және Сарыкемер ауылындағы Ақәділ есімімен аталатын көшелердің басталар тұсына ескерткіш тақта қойылып отыр. Бұл бүгінгі жас ұрпақтың аталған көшелердің Суханбаев есімімен аталу себептерін айқындап тұрады. Сондай-ақ мұндай құрметтің жасалуы қала мен ауылға келген қонақтар алдында да мерейімізді асырады. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Демек осындай игі іс жасаған «Қосы батыр» қоғамдық қоры мүшелеріне алғыс айтамыз,-деді аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов.
«Қосы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Шу ауданынан арнайы келген еңбек ардагері Халық Тұрсынбайлар Ақәділ батырдың ерлігі туралы айта келіп, оны еске алып отырған «Қосы батыр» қоғамдық қоры басшылығына ризашылықтарын білдірді.
— Бүгін Тараз қаласынан бастау алған жақсы іс-шара біздің Сарыкемер ауылында жалғасын тауып отыр. Ақәділ батырдың есімі аудан орталығындағы ең үлкен осы көшеге берілген. Ал мына бүгінгі ашылып отырған ескерткіш тақта көше ажарын ашып отыр. Бұл жақсы, өнегелі іс болды,-деді аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев.
Ақәділ батырға арналған ескерткіш тақталардың шымылдығын ашу құрметі еңбек ардагері, облысымыздың Құрметті азаматы, бұрнағы жылдары ауданымыздың әкімі қызметін атқарған Аманкелді Карентаевқа тиді. Ақ шымылдық жерге сусып түскен бетте қасқайып тұрған батырдың әскери киім киген бейнесі бірден көзге шалынды. Аналар қуаныштан шашуларын шашып жатса, батырдың туған ауылындағы Суханбаев атындағы орта мектептің оқушылары «Ақәділ маршын» хормен әдемі орындады.
Ескерткіш тақта алдында аудан әкімінің орынбасары Д.Дәулетов Ақәділ батырдың келіні, көп балалы ана Науаткүл Суханбаеваның үстіне камзол жауып, басына орамал салды. Сондай-ақ екі жердегі ескерткіш тақталардың орнатылуына көп үлес қосқан азаматтарға аудан әкімі, «Amanat» партиясы аудандық филиалы, «Қосы батыр» қоғамдық қорының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Сүндетулла Әбілов
|