Батырлардың ерлігі-ұрпаққа үлгі
Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына биыл 36 жыл толып отыр. Он жылға созылған ұрыс ХХ ғасырдың ең ұзақ қантөгістерінің бірі есебінде тарих бетіне таңбаланды. Сол армияның қатарында соғысқа Қазақстаннан қатысқан 22 мың жауынгердің 900-дан астамы жат елде қаза тапты. Олар Отан алдындағы интернационалдық борышын адал атқарып, ерліктің өшпес үлгісін танытты.

Ауған жеріндегі ұрыс қимылдарына ауданнан 38 жауынгер араласып, екі жерлесіміз Қанат Мұсаев пен Бүркітбай Бітібаев соғыс даласында мерт болды.
15 ақпан-Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай ардагерлер мен мекеме қызметкерлері ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткішке тағызым етіп, ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды.
Шарада Қаратау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің бастығы Рашид Мұстафаев және «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық ұйымының төрағасы Сәкен Есқараев сұрапыл жылдардың куәсі болып, ауыр кезеңді бастан өткерген ардагерлерге амандық, елге бейбіт өмір тіледі.
Мұнан соң жиылғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.
Нарбол Қашаған, Талас тынысы