Батырлардың есімі берілмек

Болашақта Павлодар қаласындағы үш көшеге Олжабай, Малайсары және Баян батырлардың есімі берілуі мүмкін. Мұндай ұсыныстар құзырлы оргындарға жергілікті зиялы қауым өкілдері тарапынан түсті.

Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының бас маманы Данагүл Озыханның сөзінше, Павлодар қаласының құрметті азаматы, ақын Арман Қани – Володарский көшесін «Олжабай батыр» деп қайта атау жөнінде ұсыныс жасаса, Суворов көшесіне Малайсары батыр есімін беруді Павлодар қаласы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының төрағасы Байғабыл Майкотов көтеріп отыр. Сонымен қатар, Баян батырдың есімін Айманов пен Торайғыров көшелерінің қиылысынан Омбы тас жолына дейінгі атаусыз тұрған көшеге беру ұсынылған. Мамандардың сөзінше, аталған ұсыныстарды толыққанды зерттеп, қарау үшін бір ай уақыт керек. Мысалы, қажетті құжаттарды реттеп, есімдері ұсынылған тұлғалар жөнінде мәліметтер жиналады. Одан кейін көшелерді қайта атау кезінде жұмсалатын қаржылық шығындарды есептеп, ғылыми сараптама актісі әзірленіп, қалалық мәслихатқа жолданады. 

— Ономастикалық мәселеге байланысты ұсыныстар өте көп түседі. Әсіресе, мән-мағынасы жоқ көше аттарының орнына бұрынғы тарихи атауларды қайтару немесе өзіміздің тарихымызға қатысы бар жаңаша атау беру мәселесі жиі айтылады. Алайда, бізге Президент Әкімшілігінен нақты кімдердің есімін көшелерге беруге болатыны жөнінде тізім бар. Сол тізімнің ішінде еліміздің Тәуелсіздік алуына және дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалар, ақын-жазушылар бар, — дейді Данагүл Озыханқызы.

Арман ҚАНИ, ақын, Павлодар қаласының Құрметті азаматы:

— Олжабай батыр 18 ғасырда Ертіс-Баян өңірін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған аса көрнекті қолбасшы. Екіншіден батыр бабамыз біздің өңірдің тумасы. Сондықтан, оның есімін Павлодардың бір көшесіне беру – кейінгі ұрпақтарының міндеті. Жалпы, қазіргі күні Павлодар қаласында кеңестік идеологияға негізделген көше атаулары әлі де баршылық. Мысалы, Володарский, Луначарский, Люксенбург, Суворов, Карл-Маркс секілді атаулардың біздің тарихымыз бен мәдениетімізге еш қатысы жоқ. Міне, осылардан құтылып, олардың орнына қазақ мемлекетінің ел болып сақталып қалуына үлкен үлес қосқан Малайсары және Баян батыр сынды ұлы тұлғаларды есімі берілуі тиіс.

Жоғарыда аталған үш көшеге Олжабай, Малайсары және Баян батырлардың есімін беру жөніндегі қоғамдық тыңдау  13-тамыз күні сағат 15:00-де «Колос» мәдени-сауық орталығында болды.

Тілеуберді САХАБА