БАТЫРЛЫҚ

Жаугершілік заман. Жасағы жау қолынан түгел қырылып, ұрыс даласында алаштың жалғыз батыры қалады. Оны қоршап алған қалың жау қыспаққа ала түскен. Қазақ батырын қолға түсіруді ойлаған дұшпан енді күле қарайды, себебі жаңа ғана дес бермей өздерін қырып кете жаздаған қазақ жасағының қолбасшысын аздан соң тұтқын етпек, ат артына байлап, сүйретпек… Батырдың бес қаруы да сынған, қолында қылыштың балдағы ғана қалған. Үсті-басын қан жуған. Дұшпан баласы қарқылдай күліп, қазақ батырын келемештей бастады.
— Әй, қазақ, состиып жалғыз қапсың ғой! Сен енді біздің құлақкесті құлымыз боласың. Сенің қылған батырлығыңнан қандай пайда?
— Сендердің қолдарыңа түскенше осы ұрыс даласында шаһид болғаным артық!
— Ееей, сен қазақ мұсылман емессің бе, өз-өзіңе қол жұмсау үлкен күнә…,-деп қазақтың әр қимылын жіті баққан жаулар жақындай түскен. Кенет қолын көтеріп, «Аллалап, алаштап, аруақтап» жау басшысы тұрған тұсқа қарай атойлап тұра шапты. Одан бұндайды күтпеген дұшпан жан-жақтан жақ тартып, сүңгі түйреп батырдың өмірін қиды… Қазақ батыры Жасағанды ауызға алып: «Тәңірім, мені де қабыл ал!..» деп үн қатты. Қаһарлы жүзінде жеңіс күлкісінің табы тарқамай дұшпанын тіксінтті. Кеудесіне кірш-кірш қадалған жебелер мен найзаларды көтеріп құламаған күйі жерге жайлап барып отыра қалған батыр одан бетер айбатты, одан бетер аруақтанып, рухы асқақтап бара жатты. Жаудың күлкісі сап тиылған, бәрінің жүрегінде үрей бар. Батырға қару сілтегендердің ішінде қолбасшылары да бар болатын. Қазақ батыры өздеріне қарсы тұра шапқанда олардың көзіне сұлап жатқан бүкіл сарбаз қайта тіріліп, онымен бірге атойлағандай көрінді. Бұл қас батырдың аруағы, айбаты, сұсы еді. Ер Исатай інісі Махамбетке: «Ел осы сені «Батыр» деп жатыр. Қане, сұсыңды бір көрсетші» демейді ме, сонда Махамбет батыр: «Ағаке, ендеше осы арада тұрыңыз, мен мына қырдан асып кетіп, бермен қарай ұрандап шабайын. Сонда мына әскер қайтер екен?!.» дейді. Махамбет қырдан жалғыз асып, кері атойлап шаппайды ма?!. «Ағатайлап» төніп бергенде Исатай батыр ғана орнынан тапжылмайды да, қалған әскер дүрлігіп, аттарына мінгені мініп, мінбегені жаяулай шегініп, әбігерге түседі де қалады. Содан әскерден сұрамайды ма, «Неге қаштыңдар? Көздеріңе не көрінді?» деп. Олар бірауыздан: «Шаң арасынан бес қаруы сайлы қалың әскерді көрдік» дейді. Исатай көкесі інісі Махамбетке қарап: «Ел айтса айтқандай-ақ екен, сенің аруағың жасақты бұлай дүрліктірді, батырлығыңа бұл да бір дәлел» депті. Асылы қаһармандық, батырлық жүрекке бітеді, және ол отангершіл рухпен астасса, жау қарасы қанша болса да одан үстем болады. Бізге рух, жүрек тәрбиесі аса қажет. Үрей, жағыну, жылпостық, қорқақтық сияқты жамандықтарды аластау тәлімі өз тарихымызда, аңыз-әфсаналарымызда, батырлар жырында, қасиетті топырағымызда жатыр.

Мұнайдар Балмолда