Батыс аймақтық бата беруші ардагерлер арасында «Батаменен ел көгерер» аймақтық ашық байқауы өтті.
13 сәуір күні Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамының Атырау облыстық филиалы, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында Батыс аймақтық бата беруші ардагерлер арасында «Батаменен ел көгерер» аймақтық ашық байқауы өтті. Байқауға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 21 үміткер қатынасты.
Байқау үш кезеңнен тұрды:
1. Ел есіндегі баталар. Яғни, сайыскерлеріміз тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре орындау.
2. Ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне арнап, өзінің батасын беру. (Бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, жас жұбайларға, жаңа қонысқа және т.б).
3. Ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беру. Байқауға қатынасушыларға тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев бастаған қазылар алқасы құрамы қазылық етті.
Шара барысында сайысқа түсуші ардагерлерімізге ақ жол тілеу үшін арнайы дайындалған «Батаменен ел көгерер» кітабының тұсауы кесілді. Аталған кітапта қазақ абыздарынан бастап, Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміз бен сөз маржанын мирас тұтқан ақсақалдарымыздың ақ баталарымен қатар Атырау облысында 2017 жылы өткізілген және осы сайысқа қатынасушы батагөй аталарымыздың баталары топтастырылған.
«Қарты бар елдің қазынасы бар дегендей», — дегендей байқауға қатынасушы ардагерлеріміз жас ұрпағына ұлылығын ұялатып, бата беру дәстүрінің қадір-қасиетін арттыруда берілген тапсырмалар бойынша бар ақжарма баталарын жаудырды және қазағымның салт-дәстүріне байланысты қойылған сұрақтарға мағыналы жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының ардагері Сердалин Ертай, І-орынды Атырау облысы, Исатай ауданының ардагері Адилов Уахит, ІІ-орынды Атырау облысы, Индер ауданы ардагері Берғалиев Молдабай бен Құрманғазы ауданының ардагері Сабыров Ғалымжан, ІІІ-орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының ардагері Құмашев Таған, Ақтөбе облысының ардагері Қабижанов Марат және Атырау қаласының ардагері Батырқайыров Ақмырза иеленді. Қалған ардагерлеріміздің барлығына Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді.