Батыс пен өңірлердің алтын көпірі — Ақтөбеде тіршілік-думан қызып тұр

 «Қазақстан ZAMAN» газетінің жыл сайынғы дәстүрлі ауыл экспедиясы биыл да сапарға шығып, қазан айының 27-28-дері аралығында Ақтөбе облысының бірқатар аудандарын аралады. Мақсат – елдің тыныс-тіршілігімен танысу-ды.  Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай ел ішінде атқарылып жатқан игі істерді басылым арқылы алқап насихаттау һәм газеттің бағыт-бағдары жайлы, алдағы жоспарлары хақында оқырманмен пікірлесулер өткізу еді… Ақтөбе облысының Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарында болған сәттердегі естігендер мен көргендерді түзген сол хабарламалар оқырман назарына ұсынылып отыр. Сонымен…

ХРОМТАУДЫҢ БИІГІ аласармайды

Хром рудалары Қазақстанда, Қостанай (Аққарға, Жетіқара, Құндыбай), Ақтөбе (Кемпірсай) және Семей (Шар) өңірлерінде орналасқан. Кезінде КСРО хромиттің барланған және жылдық өндірілу мөлшері жағынан, Қазақстанның арқасында әлемдік елдер арасындағы рейтинг бойынша бірінші орында болған. Дүние жүзінің қырық еліне экспортқа шығарылатын осы кендердің рудалары сапасына хром тотығы мөлшері жөнінен жер шарында тең келетін бір де бірі ел жоқ еді дейді нақты мәліметтер. Алынған бұл жер асты шикізат өнімдері Ермак ферроқорытпа, Ақтөбе хром қосындылары зауыттарында қорытылады.

Хром-калий ашудасы былғары илеуде, мата өнеркәсібінде, кино пленкасын жасауда қолданылады. Сонымен қатар металдан жасалған бұйымдардың бетін хромдау үшін де пайдаланылады екен. Құрамында хром бар болат таттанбайды, қажалмайды және үйкеліс пен қызуға төзімді келеді дейді қолдағы дереккөздер.

       Қазақстанның батыс аймағында орналасқан кен орны Ақтөбе шәріндегі хром қосылыстары заты мен ферроерітінді затын хроммен қамтамасыз етеді. Қазақстандағы ең үлкен мөлшердегі өнімді Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинаты өндіреді…

Айтпағымыз, Хромтау – өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан Ақтөбе қала мәртебесіне ие.

Бұдан әрі Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі Бердалин Аманғали Бейсенбайұлымен арада өткен сұхбатпен жалғастырайық, басшының өзі айтып берсін нақтылап.

– Аманғали Бейсенбайұлы, Хромтаудағы кен орындарында атқарылып жатқан жақсы істерден бастасаңыз әңгімеңізді… 

       – Өңіріміздің бүгінгі жәйіне көшсек, Хромтау – Ақтөбе шәрінен кейінгі өндірісті қала. Хром өндіріледі. Бұл байлықты игеріп, кәдеге асыруда «Индерен» аталатын түрік корпорациясы, «Восход Oril» деген компания жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге өңіріміздегі кен көздерін игеруге «Трансұлттық», Ақтөбе қаласындағы «ҚазХром» компаниялары да үлестерін қосуда. Бұлардың қатарында өзіміздің «Дөң тау-кен байыту» комбинаты бар. Кеннің қоры 136 жылға жетеді. Бұдан кейінгі ірі өндірісіміз – мыс. Мұны «Русская медная компаниясы» игеруде.

Әрине, қазіргі кез өнеркәсіптік жабдықтарды, басқа да жақтарды модернизациялау – басты мақсат. Яғни, еңбектің функционалдық қасиеттерін жақсаратып, өнімділігін арттыру, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұны да назарда ұстап отырамыз. 1310 метрге дейінгі тереңдікті қазу жұмыстарының қазіргі жетілдірілген техникалармен жүргізілуі – сөзіміздің бір дәлелі.

Хромтау қаласының тұрғындары саны – 25 мың. Соның 7 мың сегізі «Дөң тау-кен байыту» комбинатында еңбек етеді. Жұмыспен қамту үшін жастарды өзіміздегі «Тау-кен» колледжінде оқытып, белгілі бір кәсіби мамандықты игертіп шығарамыз. Білім алып шыққандардың 94 пайызы жұмысқа орналасады. Әрине, алдын ала әр салаға қанша, қандай мамандар керек екені анықталып, сол сұраныс бойынша білім беріледі. Биылдың өзінде 104 адам жұмысқа жолдама алды. Және айта кетер жайт, колледжде оқып жүрген болашақ маман практикалық тәжірбиеден өтуге барғанда жатын орындармен, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондықтан еңбек етуге ынталы қыз-жігітке жұмыс бар, жәрдем де береміз. Бұл жерде тек жастар ғана емес, тілек білдірген аудан тұрғындары да Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша бес айлық курста оқып, жұмысқа орналасады…

       – Нақты істер мол екен атқарылып жатқан! Енді өңірдегі ауылшаруашылық жағдайына қарай ойыссақ, ет, сүт өнімдерін өндіру, оны өңдеп, іске асыру, өткізу жәйі қалай шешілуде, бұл да маңызды мәселелердің бірі ғой қазір?

– Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеп, тұтынушыларға ұсыну мәселесін шешу де күн тәртібінде. Осыны жүзеге асыру мақсатында «Агро Тау» ЖШС-тігі ашылды. Сүт өңдейді. Тәулігіне 20 тонна. Өнімнің он алты түрін шығарады. Жергілікті тұрғындар алады. Өзіміздегі зауыттар алады жұмысшыларына.

Қызмет етудің халыққа пайдасы мол, оңтайлы әдістеріне көшіп жатырмыз. Соның бір айғағы – Тасөткел аулында 63 үй бірігіп «Тасөткел» кооперативін ашуға ниет білдірген-ді. Сол өтініштері ескеріліп, мемлекет қаржысына сүт қабылдау пункті салынды. Зертханасы бар. Ұдайы өнім сапасын тексеріп отырады. Бұл – өте тиімді. Әр тұрғын өткізген сүтінің литріне қарай белгіленген бағадағы ақшасын алады. Енді үй жағдайында олар өндірген өнімін қайда, қалай өткіземін деп бұрынғыдай уайым шекпейді. Мұндай сүт қабылдайтын пунктті Абай ауылдық округінен де аштық. Жиналған сүт жаңа айтқан өзіміздегі өңдеуші цехтарға жеткізіледі. Бұл әдіс – халықтың көңілінен шығуда. Айта кетуіміз керек, атқарылған істер беріліп жатқан субсидия арқасында жүзеге асып жатыр. Диханның егініне, жанар-жағар майына т.б. мемлекет бюджет есебінен көп жәрдемін көрсетіп отыр қазір.

Енді өзімізде өңделген осы сүт тағамдарын Ақтөбе қаласындағы сауда орындарына өткізу үшін маркетинг принциптері негізінде жұмыс істеп жатырмыз. «СНПС-Ақтөбе мұнай-газ» ААҚ-на да ұсыныс жасадық. Қалай болғанда да нарық заңы бәсекелестікке негізделген. Сол арқылы тұтынушы сұранысын өтеудің, сапалы тауар өндірудің мәдениетіне түбегейлі нық қалыптасу. Соған сай әрекет етудеміз.

Ет өнімі де жеке мәселе. Бұған да оңтайлы әдістерді қолданудамыз. Аудан орталығынан 4 мың басқа арнап «Жантезер» мал бордақылау орнын аштық. Халық қолындағы етке өткізгісі келген малын осында тапсырып, құнын алуда. Бірақ бұл жерде монополиялық баға үстемдік құрмауы шарт, сондықтан бәсекелестік керек. Осыны ескеріп, Тасөткел аулынан тағы 200 басқа арналған бордақылау алаңының құрлысын аяқтадық. Мұндай істерді әлі де жалғастыра беруді мақсат қып отырмыз.

Аудан орталығы – Хромтау қаласында «Габор В. В.» ЖК шұжық цехы жұмыс істейді. Тәулігіне 3 тонна еттен 30 түрлі шұжық өнімін шығарады. Оны осы жердің сауда орындарына өткізеді. Мұндай ет өңдейтін тағы бір орынның құрлысын жаңағы Тасөткел аулынан бастадық. Оған Санкт-Петербург қаласынан инвесторлар тарттық. Іске қосылған соң өнімдер өздері әкеліп орнатқан аппарат-жабдықтарымен өңделіп, Ресейге экспортталады. Осындай келісім бар арада…

– Ал үй жағдайында айналысатын бау-бақшалық өнім өндірушілер де бар ғой, оларға да көңіл бөліп, осындай тиімді әдістерді қолдануға болмай ма?

– 500 тоннаға дейін көкөніс сақтайтын орынға сметалық жоба жасап жатырмыз. Бұндағы мақсат та – аудан халқының бау-бақшамен айналысуына жағдай жасау. Нақтылап айтқанда, әр тұрғын ала жаздай баптап, күтіп өсірген көкөністерін осы сақтау орнына өткізіп, еңбегінің тиісті құнын алады…

        – Өзіңіз жақсы білесіз, халық тұрмысын жақсартуда газ бен ауыз судың мәселесін шешу – әуелгі шаруа екенін… бұл жағы қалай?

– Хромтау ауданының 94 пайызы газбен қамтылған. Бұл тұрғыдағы жұмыс әлі жалғасын табуда. Жазық бекетіне 107, 0 млн. теңгені, Тамды мекеніне 104, 7 млн. теңгені құрайтын сметалық жобадағы құбыр тарту жұмыстарын аяқтадық… Тұрғындардың 84 пайызы ауыз сумен қамтылған. Бұл тұрғыдағы шаруалар әрі қарай жалғаса бермек…

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де қолға алынған жұмыстар бар шығар?  

– Әлеуметтік маңызы бар 8 жоба іске асырылмақ. Атап айтсақ, «Қазхром ТҰҚ» АҚ Хромтау қаласында 320 орындық бала бақшаның (769, 0 млн. тг.), «Восход Oriel» ЖШС демалыс орталығының (822, 0 млн. тг.), «ҚазАдалҚұрлыс» ЖШС Ақжар ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияның (90, 4 млн. тг.), «Болжай» ЖШС Дөң ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияның (92, 4 млн. тг.), сонымен қатар Абай (49, 5 млн. тг.), Тассай (51, 0 млн. тг.), Көктөбе (51, 2 млн. тг.), Табантал (54, 1 млн. тг.) ауылдық окургтерінде дәрігерлік пункттер (амбулатория емес) құрлыстары жүріп жатыр…

       – Жыры таусылмайтын проблеманың бірі – жолдың жәйіне тоқтала кетсеңіз…

– Бізде 4 ауылдық округке сметалық жоба жасалды. Қатынасты жақсарту үшін. Көрші Қарғалы ауданының орталығы – Батамшаға Ақтөбе арқылы қатынап келдік осы кезге шейін. Енді ол жерге Хромтаудан тура тартып жатырмыз жолды. Ұзындығы 40 шақырымдай. Мұның ауданымызға қарасты ауылдық округтің орталығы әрі теміржол бекеті – Никелтауға дейінгі құрлысы аяқталды. Бұған биыл 360 млн. теңге бөлінді. Жолдың қалған 20 шақырымдық құрлысын жарын бітірмекпіз. Табантал (636,3 млн. теңгеге), Тассай (451,9 млн. теңгеге), Тасөткел (527,5 млн.теңгеге) ауылдарының кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жүргізу үшін, сондай-ақ, Құдықсай – Қопа (1 090,5 млн. теңгеге) жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржыландырылуын күтіп отырмыз. Өңірімізде жұмыс істеп жатқан компанияларды да келіссөзге тартудамыз, Аққұдық пен Көктау аталатын елді-мекендер арасына жол төсеу жайында. Бұған тиісті құжаттарды дайындап қойдық…

– Моноқалаларды дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған үкімет бағдарламасы бар. Хромтау осы моноқалалардың қатарына енген. Енді алда үлгілі шаһар қып дамыту міндеті тұр, бұл жағы қалай?

– Әлеуметтік жағдайды түзеуге мүмкіндігі мол, кен өндірісінің белгілі бір саласы дамыған әрі ауылшарушалықтағы өңір болғандықтан Хромтауда халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Ақтөбеден кейінгі моноқала санатына енгендіктен өзіндік мәдени келбеті, көркі бар шаһарға айналуы керек екені түсінікті жайт. Осыған орай, инфрақұрлым, бұдан басқа да шаруаларды іске асыру қажет. Бірақ биыл соған бергені 220 миллион-ақ теңге. Жұмсаған кезде бұйым да болмай қалды. Сондықтан моноқалаларды қаржыландырудағы мәселені үкіметіміздің қайта қарағаны жөн-ау деп ойлаймын…

– Аманғали Бейсенбайұлы, «Қазақстан – Заман» басылымын оқып тұратын шығарсыз?

       – Әрине. «Қазақстан – Заман» газетін шолып отырамын. Соның ішінде, әсіресе, ауыл өміріне, әлеуметтік мәселеге қатысты қажет, жанға жақын, өзекті, пайдалы мақалалар жарияланып тұрады. Сондықтан «Қазақстан – Заманға» өзіндік ұстанымы, бағыт-бағдары бар басылым ретінде құрметпен қараймын…

– Рахмет лепесіңізге! Аманғали Бейсенбайұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған облысымыздағы ең ірі Хромтау ауданының әлеуметтік жағдайымен, өндіріс, ауылшаруашылық саласында қолға алынып, іс жүзінде нақты атқарылған шаруалармен біршама таныстырдыңыз. Санаулы минут, тығыз уақыт ішінде бәрін қамтып, баяндап шығу мүмкін емес. Сұхбат алда тағы жалғасады деп үміттенеміз!

………………………………………………………………………………………………………………

                                     Кәсібін елге нәсіп қылған

Хромтаулық Селенов Мұрат Саматұлы көп уақыттан бері ауылшарушылығының егін, мал өсіру салаларымен айналысады екен, жетістіктері де мол. Отандық өнім өндіруге өзіндік еңбегімен атсалысып жүрген кәсіпкердің шаруашылығымен таныса жүріп, сұхбатымызды былай өрбітіп едік:

         –   Мұрат аға, кәсібіңіз жәйлі айтып өтсеңіз!        

         – Негізгі айналысатын кәсібіміз – егін. 2000 жылы бастадық. Қарамағымыздағы жер көлемі 20000 гектар. Шаруашылығымыз екі ауданда. Бірі – Хромтау ауданында, ол ЖШС «Ақжар-Агро», екіншісі – Мартук ауданы территориясында, ЖШС «Рада-Агро» деп аталады. Жеріміздің 3000-7000 гектарына күнбағыс егеміз. Он үш жылдан бері. Биыл 10 центнерден болды түсімі. Күнбағыс өсіріп, мол өнім алудың технологиясын жан-жақты меңгердік.

Хромау ауданы территориясында орналасқан шаруашылығымыздағы алқабымызға 3300 га жұмсақ бидай (бұл – бидайдың ең көп тараған сорты, барлық жерде өсіріледі.-Б.К.) сеуіп, 13 центрден өнім алдық. 1800 га қатты бидай (бидайдың бір түрі, бірнеше сорттары бар, дәні бағалы, мемлекеттердің біразында өсіріледі.-Б.К.),  3000 га арпа өсірдік.

Мартук ауданындағы «Рада-Агро» аталатын шаруашылығымызда малымыз да бар бағып жатқан. «Қырдың қызыл сиыры» деген тұқым. Сүтті. 200 бас. Облыс бойынша бізде ғана. Өнімін алты жылдан бері Ақтөбе қаласындағы «Айс» деген компанияға өткізіп келеміз…

– Сиырдың бұл тұқымының ерекшелігі не сонда? Сәл тоқтала кетсеңіз… 

– «Қырдың қызыл сиыры» о баста Запорожье өңірінің сұр сиырын остфрисландия бұқаларымен шағылыстыру арқылы 18-ғасырда пайда болған екен. Кейін 19-ғасырда украина жерінде әлгі «қырдың қызыл сиырын» ангельн бұқаларына жұптап, көбейтіпті. Ал Қазақстандағы генетика мен селекциялық жетістіктерді өндіріске енгізетін, іске асыратын орталық мекеме ғалымдары жергілікті сиыр тұқымдарын «қырдың қызыл бұқаларымен» шағылыстырып, сүтті әрі етті түріне асылдандырған. Құрғақ континентті ауа-райына бейімді. Жаңа айттық, бұл тұқымның 200 басын бағымымызда ұстап отырмыз деп. Күніне 2500 литр сүт сауылады, сонда әрқайсысы 12,5 литрден береді. Майлылығы 3,6 – 3,8%.  Салмағы 360 – 500 кг, ал бұқалары 650 – 700 кг тартады. Орташа есеп бойынша айтып тұрмын мұны. Осы жылы 55 қашарды етке өткіздік…

– «Рада-Агро» ЖШС тек сүт өнімімен айналыса ма?

– Жоға. Мартук ауданында орналасқан, өзім басшылық ететін «Рада-Агро» ЖШС егінмен де айналысады. Үстіміздегі жылы 1200 га алқапқа еккен арпаның түсімі 10 центнерден болды. 1000 га жерге күнбағыс өсіріп едік, 1000 тонна өнім алынды. Және 1000 гектарға жүгері ектік, түсімі 35 тонна. Малға көк балауса, пішен, сүрлем дайындау үшін 600 га өсірген судан шөбінен 350 тонна өнім алдық.

– Әрине, өнімдерді тұтынушыларға да өткізесіздер ғой, өтімі қалай?  

– Иә. Биыл да астықтықтың түсімі жақсы болды. Сапасы жоғары. Шет елдерге өткізудеміз. Иран мемлекетіне 6 мың тоннасын саттық. Қазір 9 мың тоннасын Түркияға жөнелтіп жатырмыз. Әрине, нәтижелі табысымыз шаруашылығымыздың осы заманғы жетілдірілген сапалы техникалармен жабдықталуына да, ала жаздай төккен маңдай терге де тікелей байланысты…

– Алдағы күндерге жоспарлап отырған өзге де шаруалар бар шығар? 

– Әрине. 150 жылқымыз, 600 бас қойымыз бар бағымда. Биыл бір ай бие байладық саууға. Тиімділігін байқау үшін. Енді келер жылы қымыз сатуды қолға алуды мақсат қылып отырмыз. Май зауытының (АКМЭЗ) құрлысы жүріп жатыр. Сәтін салса, келер жылдың мамыр айында аяқтап, іске қоспақпыз. Күніне 150 тонна күнбағыс дәні сығылып, 60 тонна май өндірілмек. Құрлысына 1 миллиард 450 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оның 796 миллионын он жылға «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ-дан несиеге алдық.

«Ақжар-Агро» аталатын шаруашылығымыз Жазық аталатын теміржол бекетінде орналасқан. Логистикалық мәселемізді шешу үшін тиісті орындарға өтініш түсірдік рельс тарту жөнінде. Бұл – өнім тасымалдауды тіпті жеңілтпек.

        – Сіз ашқан кәсіп – ауыл тұрғындарына жұмыс көзі… Қанша адам еңбек етеді онда?      

– «Рада-Агро» ЖШС-те 26, ал «Ақжар-Агро» ЖШС-те 70 адам еңбек етеді. Еңбек ақыларының орташасы 100 мың теңге. Егін ору, жинау маусымдарында 1 миллион теңге шейін сыйақы алады…

        – Отандық өнім өндіріп, қазақ жұртын бай-бақуатты елге айналдыруға қосып жүрген үлесіңіз әркез өстіп жемісін бере берсін, күш-қуатыңыз ортаймасын, аға!

…………………………………………………………………………………………………………………….

                                    Түтіні түзу ұшқан ауыл

       Қысқаша дерек: Бөгетсай – Ақтөбе облысы Хромтау ауданына қарасты ауылдық округтің орталығы. Ор өзенінің жағалауында орналасқан. Аудан орталығынан 45 шақырым, халқының саны – 1710. Бөгетсай арқылы Ақтөбе – Қарабұтақ – Комсомол  автомобиль тас жолы өтеді.

Бөгетсай ауылдық округінің әкімі Сердалы Жаназаровтан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін, қазақстандықтардың қолдауына ие болған, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай атқарылған істер жәйін сұрағанымызда былай деп баяндап берді:

– Аулымыздағы  шаңырақ саны – 352. Округ қармағында үш елді-мекен бар: Шіліктісай, Талдыбұлақ, Қарлау. Аудан бойынша малы көп мекен – осы біздің Бөгетсай округі. 7 мың бас ірі қарамыз бар. Малды асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 120 сиыр сатып алдық. Мұның 60-ы сүтті, 60-ы етті. Тұқымы – қазақтың ақ бас сиыры.

Ет өнімдері өзіміздегі «АқТеп» ЖШС-іне өткізіледі. Киллограмы 550 теңгеден. Кейде мұнан да жоғары бағаға қабылдайды. Хромтауда «Жантезер» ЖШС бар, халық соған да апарады малдарын. Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалған…

Ауыл округінің орталығы – Бөгетсайда 50 орындық бала бақша бар. Дәрігерлік амбулатория бар. Мәдениет Үйі бар. Ауылдық округ әкімшілік үйінің құрлысы аяқталды. Пайдалануға жуырда беріледі. Ендігі бір мәселе – ауылға кіре беріс жерден жақсы көпір салу. Жоғары жаққа құлаққағыс қылдық…  Алда да елдің пайдасы үшін игі істер атқарыла береді өстіп.

Округімізге қарасты Қарлау елді-мекеніне 50 орындық мектеп құрлысын жүргізу үшін 9,562 млн. теңгеге сметалық-жоба құжаты жасалып, сараптамаға ұсынылды. Медпункт салу да ойластырылуда. Аудан басшысы Қарлауға да газ тарту мәселесін қарастырып жатыр. Өйткені, бұл жерде халықтың тұрақталуына, өсуіне негіз бар…

Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұдан бұрын жер-жерде  бұқаралық спортты дамытып, қазақстандықтардың 30 пайызын осы салауатты өмір салтына тарту қажеттігін айтып еді. Бұған бөгетсайлықтар нақты іспен кірісіп жатыр. Андашов Дастан, Дархан деген аулымыздың азаматтары қатарластарын тартып, өз ынталарымен спорттық жаттығу залын жасақтап берді. Абылай Шакиров есімді жерлесіміздің идеясымен, ұйытқы болуымен, көптің ынта-ықыласпен қоштауының арқасында құны 4,5 млн. теңге шамасындағы хоккей алаңы салынуда.

Наурыз мейрамында ұлттық дәстүрді театрландырылған жасанды түрде емес, шынайы кейіпте көрсетіп, насихаттаудамыз. Биыл бөгетсайлық жастардың ұйымдастыруымен  Наурыз тойы өзгеше өтті. 1 544 235 теңге қаражат жұмсады.  Ұлттық спорт ойындары уағыздалды. Түйе палуандар, бұқа палуандар боп белдесті. Жаяу жарысты. Біреулерлері кір тасы мен қошқар көтеріп, енді біреулері арқан тартысып, білек күштерін көрсетті. Ойын жеңімпаздары медальдармен және ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталды.

Бөгетсай тұрғындарында осындай рухани серпіліс туды. Бұл – елдің сақталуына, ауыл түтінінің түзу ұша берер болашағына сендіреді!

 

Бөрібай Кәртен