Батыс Қазақстан: Бәйтеректе ауылдар байланыс желісімен толық қамтылған
Бұл туралы Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған облыстағы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов мәлімдеді.
«Бәйтерек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбындағы баспасөз мәжілісінде аудан басшысы Марат Лұқпанұлы цифрландыру жұмыстары аясында 68 елді мекен толықтай байланыс желісімен қамтамасыз етілгенін айтты. – Ағымдағы жылы Шалғай, Погадаев, Янайкин ауылдары ұялы байланыс желісінің интернет жылдамдығы 4g жүйесіне ауыстырылды. 13 елді мекен кең жолақты интернет желісіне қосылған, бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Ал ауыл шаруашылығы саласында 17 шаруа қожалығында 2158 жануарға арналған радиожиілік жапсырмалар қолданылады. Олар шаруашылық малдарының барлық түрін қарапайым және ыңғайлы есепке алуға арналған. Сонымен қатар биыл 2 шаруа қожалығы баламалы энергия көзі – күн панельдерін орнатқан.
Биыл ауданға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 6 млрд. 832 млн. теңге қаражат бөлініпті. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жол», 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары аясында бірқатар шаралар атқарылған.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы