Батыс Қазақстан: «Жасылелдіктердің» жұмысының жемісі

БҚО-ның Деркөл кентіндегі орталық саябақты ««Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасақтары» облыстық штабының сарбаздары өз қамқорлықтарына алып, игі жобаны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков саябақта атқарылған жұмыстармен танысты.

Деркөл – облыс орталығының қамқорлығындағы елді мекен. Кенттегі орталық саябақ бұған дейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгерімінде болған. Енді оны Деркөл кенті әкімдігінің иелігіне өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Саябаққа арнайы келіп, аралап көрген шаһар басшысы А.Шыныбековті «Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасақтары» облыстық штабының басшысы Аслан Тапишев демалыс орнында жасалған жұмыстармен таныстырды. – Біз осы саябақтың жұмысын «Жасыл ел» жасағы болып қолға алу жөнінде жергілікті әкімдікке ұсыныс тастадық. 175 сарбаз екі ай бойы осы саябақты қалыпқа келтірді. Абаттандыру, жарамсыз ағаштардан тазарту, санитарлық жұмыстар жүргізу секілді жұмыстар атқарды. Тұрғындар біздің жұмысымызды көріп, оң бағасын беруде, – деді облыстық штаб басшысы. Тіпті деркөлдік кәсіпкер өз қаражаты есебінен саябақты керемет демалыс орнына айналдыру жөнінде жоба да ұсынған.

 

 

Жалпы аумағы 6 гектарды құрайтын орталық саябақтағы спорттық алаңға резеңке жабын төселген. Мұнда «жасылелдіктер» мен жергілікті жеткіншектер арасында жолдастық кездесулер ұйымдастыру нәтижесінде деркөлдік жастар замандастарының игі бастамасына үн қосып, табиғатқа қамқорлық шараларына бей-жай қарамапты. Сонымен бірге «Жасыл ел» жеміс саябағына алғашқы көшеттерді отырғызу шарасына қала басшысы да атсалысты.

Осылайша 15 жылдық тарихы бар «Жасыл ел» қозғалысының 16-шы маусымын батысқазақстандық «жасылелдіктер» игі іспен түйіндеді. Кезекті маусымның сәтті аяқталуымен құттықтап, жастардың ерен еңбектеріне ризашылығын білдірген қала әкімі Абат Абайұлы: – «Жасыл ел» қозғалысы тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде жұмысын жалғастырып, өзіндік орны бар екенін дәлелдеді. Сіздер биылғы күрделі жағдайға, ауа райының түрлі құбылыстарына қарамастан белсенді еңбек еттіңіздер. Нәтижесінде өздеріңіздің қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктеріңізді көрсетіп, туған қаламыздың гүлденуіне, тазалығына үлес қостыңыздар. Үш ай ішінде шаһарымыздағы саябақтарымыз ажарланып, гүлзарларымыз көркейіп, үлкен іс тындырылды. Бұл – өңір жастарына үлгі. Ал биылғы жылдың ерекшелігі – қаламыздың бір бөлігінде өз қолтаңбаларыңызды қалдыруларыңыз. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, араға жылдар салып өз мәртебесін қайтарған Деркөл кентіндегі саябақты жандандырдыңыздар. Сол үшін де сіздерге алғыс айтамын, – деді.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрхат Ораштың айтуынша, биыл өңірімізде «Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасақтары қатарында 1175 сарбаз қызмет атқарған. Олардың 400-ден астамы Орал қаласында қызмет атқарса, қалған 700-ден астамы аудан-ауылдарда еңбек еткен. Келесі жылы жастарды тағы да биылғы көрсеткішпен «Жасыл ел» қатарына тарту көзделуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы