Батыс Қазақстанда мұқтаж отбасы баспаналы болды
Оларға мұндай қуаныш «Айдың нұры» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен бұйырды. Бұл сүйінші жаңалықты бізге аталмыш қордың өңіріміздегі волонтері Мейрам Мұхтаров жеткізді.
Атап айтқанда, облысымыздағы Тасқала ауданына қарасты Оян ауылында тұратын көпбалалы ана Нұргүл Сағынғалиева қайырымдылық қорының бастамасымен және халықтың қаржылай қолдауымен тозығы жеткен баспанадан құтылды. – Үш ұл мен төрт қызды тәрбиелеп отырған Нұргүл мектепте аспазшы болса, жолдасы – жалдамалы жұмысшы. Екеуінің табыстары отбасының ас-суынан артылмасы белгілі. Басқа шаралары қалмаған көпбалалы жанұя халықтан көмек сұраған болатын. «Айдың нұры» қоғамдық қоры жерлесіміздің мұң-мұқтажын халыққа жеткізіп, жұмыла әрекетке көшкен еді. Нәтижесінде қазақ елі көмек қолын созып, армандарын орындады, – деді қордың БҚО бойынша волонтері М.Мұхтаров.
Батысқазақстандық отбасыға жаңа баспаналарының кілті жаңа оқу жылының қарсаңында табысталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы