Батысқазақстандық өнер ұжымы тағы бір жобаны қолға алуда

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының бастамасымен «Өткен жылдар ізімен»  атты фильм концерт түсіру жоспарлануда. 

Филармонияның ақпарат бөлімінің жетекшісі Олжас Сейтімовтың айтуынша, қазіргі таңда аталмыш жобаның сценарийі дайындалуда.

– Бұл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы, өнердің қара шаңырағы саналатын облыстық филармониямыздың 55 жылдығы аясында халыққа ұсынылатын үлкен жоба. Басты мақсат – 55 жылдық тарихы бар өнер ордасының  өткені мен бүгініне шолу жасап,  өнер иелерінің гастрольдік сапарларын, сол кезде іске асырылған ауқымды шараларын көрсету. Сонымен қатар филармониямыз құрылған 1966 жылдан бастап қазіргі кезге дейін жұмыс жасаған ардагерлер мен өнер майталмандарының естелік әңгімелерін халыққа боямасыз ұсынуды көздеп отырмыз. Бұл жобаға ҚР Еңбек сіңірген артисті Қанатқали Қожақов, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжанов, ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Таудаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова сынды мәдениет майталмандары қатысады, – деді филармония директоры Асхат Қажғалиев. Өнер ордасының басшысы бұл фильм ұрпақтар сабақтастығына негіз болатын, өткен шақ пен қазіргі кезеңге көз жүгіртіп саралайтын, тарихқа бойлай отырып, өнердің дамуына  ықпал  жасайтын құнды бейнематериал, халық жадында сақталатын мәңгі мұра боп қаларына сенімді.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы да филармония ұжымы Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай «Жалынды жыр иесі Жұбан ақын» атты фильм-концерт түсіріп, youtube арнасынан халыққа ұсынған еді. Биыл да сол үрдіс жалғасын таппақ.

 

Ләззат Қажымова

Батыс Қазақстан облысы