Батысқазақстандық өнерпаз – халықаралық байқау жүлдегері

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов Бішкек қаласында өткізілген халықаралық «Среднеазиатская романсиада» байқауында жүлделі 1-орынды иеленді.

Бұл туралы филармонияның баспасөз қызметі хабарлады. Орыс романстарын орындаушылардың аталған байқауы Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен 60 шақты өнер иесінің басын қосты.

Биыл 18 қарашада «Среднеазиатская романсиада» байқауына Орал қаласындағы орыс романстарының әуесқойлары Оралдағы Ресейдің бас елшілігі мен жергілікті «Aqjaiyq» телекомпаниясының ұйымдастыруымен телекөпір форматы арқылы алғаш рет қосылды. Ақ Жайықтан тікелей эфир арқылы аталмыш байқауға алты әнші қатысқан болатын.

Өнерпаздардың өнерін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, продюсер, тележүргізуші, Мәскеуде орыс романстарын жас орындаушылардың «Романсиада» халықаралық байқауын құрушы және көркемдік жетекшісі Галина Преображенская бастаған халықаралық қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Айбар Хайырханов иеленді. Ол «Серенада Дон Жуана» (әуені – П.Чайковский, сөзі – А.Толстой) әнін орындады. Батысқазақстандық өзге байқауға қатысушылар Гүлназ Ғиниятова, Альбина Наурызалиева, Валентин Сажин, Ақбота Молдағаинова, Мағжан Мұханбетовтер байқауға қатысушы ретінде халықаралық дипломдарға ие болды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы