Батысқазақстандық отбасы баспаналы болды

Республикалық «Aidyn Nury» қайырымдылық қорының бастамасымен берілген 59-үй Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Оян ауылындағы Әжіғалиевтер отбасына бұйырды.

Аталған қайырымдылық қорының жергілікті волонтері Мейрам Мұхтаровтың айтуынша, Әжіғалиевтер – көпбалалы отбасы. Алты бала тәрбиелеп отырған жас жанұя жетінші перзенттерін күтіп отыр.

«Aidyn Nury» қайырымдылық қорының директоры Мөлдір Ақылбекова еліміз бойынша 59-үйдің кілтін иелеріне табыстап, шаңырақ шаттығын тіледі. Бұл қуанышты сәтке Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Әсел Мырзахметова мен Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Гүлдана Бирниязова да ортақтасты.

– Әжіғалиевтер отбасының осы уақытқа дейін жеке баспаналары болған жоқ. Қордың көмегімен халықтан жиналған қаражатқа үй сатып алынды. Аз уақыттың ішінде барлық жұмыстарын реттеп, баспанаға мұқтаж жандарды қуанттық, – деді қор волонтері Мейрам Оңғарұлы.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы