Баукең көрген Мағжан
Әлі күнге дейін маңдайымызға солай жазылғандай қайсысын таңдайтынымызды білмей, ақи-тақи ақиқатқа жете алмай, аңыз алысында дүбәра күй кешіп жүргендейміз. Бір-бірінен оңайлықпен ажырамайтын сиам егіздеріндей бұлар санамызды сансыратып келе жатқандай.
Даналықтың ауылында жүрсем де, ел аузындағы айтылып жүрген аңыздар сол ақиқаттан басталатынын білсем де, әрі-сәрі ой кешемін. Солардың бірнешеуімен сіздермен ой бөліскім келеді. Сонымен, ақиқаттың ауылы, қайдасың?..
Аңыздан арылу, ақиқатқа жету
Нұршайықовтың баһадүр Бауыржан Момышұлы туралы баяны «Ақиқат пен аңызына» алғаш жабық пікір жазып берсең дегеніне иліктім.
1976 жылдың қысы болатын. «Алатау» демалыс үйінде жазып жатқан Б.Момышұлы редактор арқылы келіп кетуімді өтініпті. Қанша қашқақтағаныммен баруға тура келді. Жазбагер Мәткәрім Әкімжанов, «Қазақ әйелдері» журналының фототілшісі марқұм Нұрғожа Жұбанов қоярда-қоймай маған ілесті. Біз барғанда Баукең қитыққандай әуелі ағылшынша сөйлеп, содан соң, бірте-бірте Мәскеуді қорғаудағы генерал Панфилов дивизиясының майдандағы жанқиярлық ерлігі туралы қызық сыр шертті. Жазықсыз жапа шеккен ардагер ақын Мағжан Жұмабаев жайында әңгіме қозғалып, амалсыз иландырды. Басқа болса бір басқа, ал шынайы шыншыл Баукеңнің жөні бір бөлек. Ақиқат па, аңыз ба? Әлі күнге дейін саңқылдап сол үн, Баукең сөзі құлағымнан кетпейді.
«1948 жылы мен Сібірдегі 59 бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүргенде орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болса керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. Бұл не қылған адам деп, өз ойымды жинап алғанша ол теріс қарап отырған күйінде:
— Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, — деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:
— Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болды. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, — деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де:
— Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз, — дедім».
Қалай сенбейсіз?
Туған елі мен жері үшін қиян ұрыстардан аман-есен шығып, қасықтай қанын аямаған жан Алашорда тарихын, 1937 жылғы аяусыз жазалауды білмеді дейсіз бе? От пен оқтан кеудесін тосып, тірі шыққан сардарға кенет М. Жұмабаев неге керек болды? Ну орман. Қақаған қыс. Сықырлаған аяз, ақ қарда ақынды он жылдан кейін көру, әрине, аянышты. Оны алаңдатқан ақын тағдыры бізді де бей-жай қалдырмайтыны белгілі жәйт. Б.Момышұлының тік мінезі, ақиқаттан айнымайтындығы көп адамға ұнай да бермеген шығар. Оның өзінің үлкен-кіші замандастарымен қарым-қатынасы, байланыстары аса күрделі болғанына шәк жоқ. Бірақ ақиқаттың ала жібін аттаған жері жоқ. Қашан да өзіне де, өзге де қатал талап қойып, аға әріптестері, академиктер М.Әуезов, С.Мұқанов және басқаларға сол тұрғыдан келіп, бетің бар, жүзің бар деп мәймөңкелемеген. Оның Мағжанды көруі әбден ықтимал. Ол 38 жаста еді. Бұған тиісті орындар қалайша жеткілікті мән бермей жүргені ойлантады.
Ақырғы деміне дейін шындықтың шамшырағындай ғазиз басы ноқтаға симай кеткен Баукең жеме-жемге келгенде сол азаматтық биік ұстанымының аясында әрекет етті. Мәселен, Мұхтар Әуезовті ерекше қадірлеп, зор талантын сыйлай отырып, пендешілігін де мақтамен бауыздағандай етіп айтып кетеді: «Менің даңқым Мұхаңның да құлағын елітіпті. Ол кісі майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның» кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивімнен өзі ұрлап алып жойды. Оны мен ол кісіге ешуақытта кешірмеймін. Қара жер айтып бара берсін. Кешірмеймін». («Көз алдымда бәріңсің…», 2007 жыл 3-бет).
Он жас үлкен Сәбит Мұқановқа да сын көзқарасын өзгертпейді: «Сіз Гений деген сөзге түсінбейсіз. Бәрің өзіңді, өздеріңді гениймін деп түсінесіздер. Сол дұрыс па, ағатай! Бәріміз гений болсақ, қазақ не болады? Соны неге ойламайсыздар?
Гений — это приоритет народа, а не отдельних личностей. Аспаннан түскен ешкім жоқ. Осыған сіз түсінбедіңіз, ақсақал!» — десе, тағы бірде бедел-атақтан қаймықпай төтесінен тартады:
«Ал сізде нысап жоқ. Алжыған шал екенсіз ғой. Оған дәлелім бар… Мысалы, мен оқырманмын, ит пен құсты оқымасам, мен Бауыржан болмаймын. Мен сіздің 16 томыңызды оқығанның бірі боламын. Бірақ та қорғасаң қорға, атсаң ат, не оқығаным есімде жоқ. Кешіріңіз, есімде жоқ». (Сонда. 17-19 беттер). Және бір тұста осы ойын шегелей түседі: «С.Мұқановқа званит еттім. Ол менімен суық түрде салқын сөйлесті. Дауыс деген Құдайдың бәлесі ғой, сонысынан білініп тұрды. Я наплевал на это. Бірақ айтарымды айттым, сұрақтарымды қойдым. «Сіз өзіңізді кәрі большевик санайсыз. Оныңыздың жартысы өтірік, жартысы шын. Сіздің жасыңыз биыл 70-те. Ең болмаса өлер алдында адал болыңызшы…» «30-бет). Бұлар аз ба?!
Қазір басымыздан өткен бар кемшілік-кінәраттарды кешегі Кеңестік кезеңдерге жауып сілтей салу үйреншікті жаман дағдыға, тіпті ермекке айналып бара жатқандай. XX ғасыр қазақ халқына зор қайғы-қасірет, кесапат әкелгенін аштық пен жалаңаштық, тәркілеу, жазықсыз жазалап, атып-асу болғанына ешкім де көзжұмбайлық жасай алмайды, алайда уақытқа бетпе-бет келгенде батыл қаймықпай қарау — парыз бен қарыз. «Қазақ тарихындағы бір үлкен асқар бел — Алашорданың құрылғанынан бастап, оның құрығанына дейін. Ең үлкен сала — айтыс пен тартыс сол дәуір де болған еді. Сол дәуірдің адамдарына (қасы бар, дұшпаны бар) әділ, ғылыми билік айта жазылған еңбектер әлі жоқ. Сол тақырып — өте үлкен тақырып… Мұхтар мен Сәбит екеуі де (М.Әуезов пен С.Мұқановты айтып отыр. — А.Н.) ол дәуірді әділ жаза алмайды. Оған адалдықтары мен ерліктері жетпейді. Екеуі де жалтақтайды», — деп, ақиқатты айтқан. Баукеңе қалай сенбеуге болады? Оның үстіне: «Довольно безответственно хвастаться. Давайте наберемся мужества признать свою вину. Өз кінәсін мойнына ала білу ақылдылыққа, ерлікке жатады. Пора нам мужать!
Долой хвастовство! Долой оттацизм! Долой компанейжины! Долой коньюнктуршины! Долой раболепство перед злободностью!
Да здравствует жизнь! Да здравствует правда!» — деген кісі қайтып көлгірсуі мүмкін? Сөйтіп, әр сөзіне аса азаматтық жауапкершілікпен қарайтын ірі кесек тұлғаның кенет айдаудағы «қылмыскер» ақынға келгенде қайдағы-жайдағы қияли оқиғаларды қоздатып, жалған сөйлейді дегенге өз басым нанбаймын. Баукең бұл темірқазық тақырыпқа қайта-қайта қайырылып, бірнеше мәрте адам жанының айнасына түсірді, саналы түрде еске салды.
Аян – Сейітхан
Нысаналин