Бауырға күтім керек
Бауыр бүкіл ағзаға қанды сүзіп өткізіп тұратын үлкен зертхана десе де болады. Оған күтім қажет. Ащы, майлы, қуырған тағамдарды мөлшерден асырмай қабылдау бауырдың кінәратсыз жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
1. Ертеде египеттіктер аскөкті (укроп) көптеген ауруларға дәрі ретінде қолданған. Бауырдың батып, түйіліп ауыруынан мазасы кеткен азамат дәрілік өсімдіктермен емделсем деген үмітпен көмектесуімді өтінді. Оған аулада өсіп тұрған аскөктің гүлдеуінен бастап белгілі мөлшерін қайнатып қойып, сусын ретінде іше беруін тапсырдым. Таңертең 600 г суға бір уысын қайнатып қойып, әр жолы 200 грамнан күніне үш реттен іше береді. Келесі күні жаңадан әзірлейді. Осы әдісті үздіксіз екі ай бойы жалғастырғанда бауырдың бұрынғы ауруы жым-жылас жоғалды. Алғашында арнайы аппарат тексергенде бауырдың үлкейіп ісініп тұрғанын айтса, екі айдан соң оның өз қалпына келгені белгілі болды.
2. Бауырдың түрлі қабынуларына аршылған сұлы дәнінен 250 г алып, бір литр суға жартысы қалғанша қайнатады. Кейін үстіне жарты литр сүт қосып тағы да 20 минут ақырын кайнатады. Дәрі дайын. Астан 30 минут бұрын күніне үш рет қабылдайды.
3. Әртүрлі тау шөбінен жиналған балдың бір ас қасығын бір құты қайнап тұрған суға езіп, үстіне грек жаңғағы ұнынан жарты килограмм салып араластырады. Ас алдында бір ас қасықтан күніне үш рет екі апта бойы қабылдайды. Арада бір апта өткізіп, емді әрі қарай жалғастыруға болады.
4. Бауыр қатып ауырған кезде түймешек кәріқыздан бір ас қасықты бір кұты қайнап тұрған суға 2 сағат бұқтырады. Осыны үшке бөліп ас алдында күнде қабылдайды. Мұны ай бойы қабылдап, апта демалып қайта жалғастыруға болады.
5. Қатқан бауырға кеспе жапырақ талдың қабығын да қайнатып ішуге болады.
6. Ошаған тамырынан, шайқурай гүлі, түймешетен гүлі, мыңжапырақ, түймедак гүлі, итмұрын дәні, қыр жалбызы, қарандыз тамыры, таспа жоңышқа, итшоған барлығын тең мөлшерде қосып, тамырларды жеке ұнтақтап көбірек қайнатады, үстіне шөптерді қосып тағы да 2 минут қайнатып, 40 минут бұқтырады (300 г су). Осыны 100 грамнан күніне үш рет ішеді. Емдеу мерзімі 1 ай.
7. Үйеңкі дәнінен көктей жинап, көлеңкеде кептіріп, ұнтақтап алады да бауыр ауырған кезде қайнатып ішеді. Әрине, бұл дәрілік дән машина көп жүретін жерден алынбауы керек.
8. Бауыр, ұйқы безін, ішектерді тазалау үшін бір құты қарақұмықты жақсылап жуып, жарты литр айранға араластырып, бір тәулік жабық ыдыста ұстайды. Таңертең аш қарынға сүзіп, жартысын жейді, қалған жартысын кешкі ұйқы алдында жейді. Бұл әдісті 10 күн жалғастырып, келесі 10 күн бойы 20-25 дана кұрманы жарты литр суға аузы жабық ыдыста 30 минут ақырын қайнатады. Жатарда осы суды түгел ішеді. Таңғы зәрдің түрі өзгереді. Сол құрманы екінші рет бұрынғыға 10 минут қосып тағы қайнатуға болады. Осы орайда күн сайын 5-6-дан өрік дәнін жейді. Бұл бауыр мен ұйқы безіне өте пайдалы.
9. Бауыр қабынып ауырғанда гүл ашып тұрған күнбағыс табақшасының шетіндегі гүл жапырақшасынан шамалап шайнап жұтып қояды. Оны түрлі сұйықтықпен араластырудың қажеті жоқ. Арада бес күн өткенде тағы қайталайды. Осылайша үш дана табақшаның гүлін жеу арқылы бауыр жұмысын жақсартып, асқазанды да оңалтасыз.
Кәсіби халық емшісі Сейітқамза Қалиевтің емшілік кеңестерінен