Бауырлас елдердің ынтымағына сызат түспесе екен
Қазақта «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген керемет тәмсіл бар. Ынтымағы – бірлігі жарасқан елдің ұтары көп дегенді аңғартатын тұспал ой ғой. Иә, Орталық Азияда діні бір, салт-дәстүрі ұқсас, тілдері де бөтен емес бес мемлекет бар. Олар қойы қоралас, ағынды суы аралас, төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілер. Әріден тарқатсақ, түбі бір түркінің ұрпақтары болып шыға келеді. Олар Қырғызстан (президенті Сооронбай Жээнбеков), Өзбекстан (президенті Шавкат Мирзияев), Тәжікстан (президенті Эмомали Рахмон), Түрікменстан (Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Бұл жолғы бас қосуға Меджлис төрағасы Акджа Нұрбердыев қатысты), және Қазақстан бар. Аталған мемлекеттер 70 жылдай КСРО деген алпауыт державаның қол астында болып, тек 1991 жылдары ғана тәуелсіздікке қол жеткізді. Сол күннен бері Орталық Азия басшылары бірнеше мәрте кездесіп, қауқылдасып, «өз қотырларын өздері қасып» келеді. Көршілер арасында аз –кем түсінбеушіліктер орын алып жатса, Қазақстан президенті үнемі кешіріммен, ағалық ілтипатпен жылы жауып тастайды. Содан да болар «ағайын арасында болып тұратын ұрыс — керіс» ушығып көрген емес.
Бірден айтайық, Ресей тарапына мұндай жиындар ұнай қояды деу қиын. Өзі болған қыздың төркінін танымай кеткені кімге ұнасын! Патшалары айқайлап жеткізбесе де, жандайшаптарының «бөлінгенді бөрі жейтінін» үнемі ескертіп отыратыны бар. Бұл өзі ересек жігіттің кішкентай балаға әлімжеттік көрсеткені сияқты дөң-айбат қылық…
Сонымен Астанада Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының кездесуінен көңілге түйгенімізді сараптап көрелік. Қандай мәселе шешілді? Кім не айтты? Бұл бас қосудың көксегені не?
Біздің білетініміз: келіссөздер барысында басшылар өзара конструктивті диалог орнатып, Орталық Азия өңірлерін дамыту, ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мәселелерді талқылады. Сауда саттық, ішкі – сыртқы тауар айналымы да қалыс қалмады. Әсіресе шекара төңірегіндегі бір кездегі дау – дамай да еске алынды.
Кездесуге төрағалық еткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің алғашқы кездесуіміздің Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің мәні бар. Оның үстіне бұған дейінгі кездесу тоғыз жыл бұрын болыпты. Содан бері кездеспеппіз, әрине байланыста болдық. Бірақ мұндай ортақ кездесу болған емес. Қазақстан қашан да барлық көршілерімен, әсіресе Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық байланыс орнатуға ұмтылып келді. Мұндай кездесулердің біздің халықтарымыз үшін пайдасы бар» деді нық сеніммен.
Патшада қырық адамның ақылы болады деген рас екен. Жоғары да айтқанымыздай, «Көп қорқытады, терең батырады» демекші Кремльдің бұл бас қосуға сырттай бақылаушы болып отырғаны жасырын емес. Әйтседе, «бүйректен сирақ шығаруға әуес» саясаткерлер, мұның өзінен саясат іздеп әуре. Оған дәлел де аз емес. Мысалы бұған дейін бүгінгі «төрттік» ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, Ислам конференциясы ұйымы, БҰҰ немесе ЕҚЫҰ тәрізді ірі ұйымдар аясында жиналатын, оның бәрінде Ресей президенті қақшиып төрде отыратын.
Қитұрқы пікірлердің тамырын дөп басқан ел президенті: Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі аймақ елдерінің Ресей және Қытай сияқты басқа үлкен елдермен қарым-қатынасына әсер етпейтінін ашық айтты. Сондай – ақ президент «Орталық Азия және Қазақстанмен тұйықталып қаламаймыз. Біздің Қытай және Ресей сияқты үлкен көршілеріміз бар. Олармен берік байланыс жалғаса береді. Қазақстан президенті сөзінің соңында Ресейдегі алдағы президент сайлауының жақсы өткенін қалайтынын және Ресей президенті Владимир Путинге сәттілік тілейтінін жасырмады.
Сонымен Орталық Азия елдері басшыларының 15 наурызда өткен кездесуінде өзара қарым-қатынас, сауда-саттық, экономика, байланыс және транспорт мәселелері шешілді.
Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Ол — Орталық Азия (ОА) елдері басшыларының кездесуін өткізу идеясын Мирзияев ұсыныпты. Мұны неге айтып жатырмыз. Себебі ылғи да тың бастамаларды Қазақстан президенті көтеретін. Бұл жолы жігерлі жастың ұсынысы жүзеге асыпты. Бұл кездесуде өзге мақсат, саяси мазмұн, астарлы ойлар жоғы жиын барысында бірнеше мәрте айтылды.
Ел президенті Ақордада өткен Орталық Азия елдері басшыларының кездесу қорытындысында: «Қазіргі уақытта орын алып отырған ішкі проблемаларды бізге ешкім де шешіп бермейді деп келістік. Ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аудардық. Қазіргі таңда Ауғанстанда болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатады. Егер мемлекеттеріміздің арнайы қызметтері тығыз ынтымақтастықта болса, онда біз лаңкестер, есірткі тасымалы, діни исламшылар және басқалары туралы бәрін білетін боламыз. Яғни, терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару-жарақ саудасы, ұйымдасқан қылмыс – мұның барлығының жолын кесу қажет» деп, бұл бас қосуда, көптеген түйінді проблемалардың кеңінен талқыланғанынан хабар берді.
«Күлтөбенің басында күнде жиын» болмаса да, Орталық Азия елдері басшыларының екінші отырысы 2019 жылдың наурыз айында Ташкент қаласында өтетіні белгілі болды. Себебі наурыз «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағы. Сонымен бірге наурыз мерекесі Орталық Азия елдеріне ортақ мейрам. Демек, қыстан қысылып шыққан мал – жанның бәріне көктем шуағын төгеді. Түбі бір түркі бауырларға да ынтымақ пен бірлік, ауызбіршілік әкеледі де сенім президенттер арасында ырымға баланған да болар.
Айтпақшы, ҚР Президенті Қазақстан барлық Орталық Азия елдерімен шекарасын демаркациялау бойынша шарттарды толығымен аяқтағанын, сондықтан туысқан елдер арасында ешқандай шешілмеген мәселе қалмағанын алға тартты.
Тағы бір есеретін мәселе Өзбек президентіне көрсетілген құрмет. Президент екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының сәтті дамып келе жатқанына ризашылығын білдірді. Өткен жылы бірқатар маңызды келісімдер жасалғанына да тоқталды. Соның бірі — 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялау. Ал келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтетін болады. «Аталған екі үлкен бастаманың арқасында елдер арасындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе түседі. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық нығаяды деп сенеміз», — деді Елбасы. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке I дәрежелі «Достық» орденін тақты. Өз кезегінде көрші елдің басшысы да жолынан жығылмады. «Бүгін мен ең бақытты адаммын. Себебі осындай үлкен марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алып отырмын. Бұл — мен үшін үлкен абырой әрі бақыт. Бұл орден — екі елдің ордені, бұл орден — үлкен достықтың көрінісі. Марапат жасап отырғаныңызға шексіз алғысымды айтамын», — деді Ш.Мирзиёев үлкен тебіреніспен.
Түйін:
Орталық Азияға төнер қауіп те, қатерде ортақ екені белгілі. Өңірлік қауіпсіздік үшін мемлекеттердің алауыздығы емес, керісінше күш біріктіруі аса қажет. Бұл Орталық Азия елдері ықпалдастығының да негізгі факторы болуы шарт. Өйткені, халықаралық терроризмге қарсы күрес, Ауғанстанның тұрақтылығын қолдау — өңірдің барлық мемлекеттері үшін ортақ мүдде. Сириядағы дүмпуде – өз қуатын әрегідік білдіріп қояды. Ресейге берілген санкциялардың да зардабы кейде сезілетіні өтірік емес. Осындай келелі проблемаларды ОА президенттері осы бас қосуда ерекше көңілге түйгені даусыз! Сондай – ақ шығыстағы көршіміздің экспансиясы да аталған мемлекеттерге өте қауіпті. Сол үшін де ОА президенттерінің бұл бас қосуы, келешекте солтүстік пен шығыстан төнер қауіп – қатерлерге де ықпал етсе игі дегіміз келеді.
Нағашыбай Қабылбек