Бауырлас елмен байланыс нығая түсуде
ЕАЭО аясында
Жамбыл облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы сапарымен Қордай ауданында болды. Ондай аймақ басшысы Қырғыз Республикасының Жамбыл жерімен көршілес жатқан Шу, Талас және Ыстықкөл облыстарының губернаторларымен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – Қырғыз елінің Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдермен сауда-экономикалық қатынасын талқылау әрі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бұрыннан бекітілген байланысты мығымдай түсу.
Осы және өзге сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіту үшін Қордай ауданына Қырғыз Республикасы Үкіметінің Шу ауданындағы уәкілетті өкілі Бақтыбек Құдайбергенов, Талас облысындағы уәкілетті өкілі Байышбек Жұманазаров пен Ыстықкөл облысындағы уәкілетті өкілі Аскат Акибаевтар бастаған делегация келді. Оларды біздің тараптан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бастауымен аймақ басшысының орынбасарлары, басқарма басшылары мен Қырғыз елімен шекаралас жатқан аудан әкімдері қарсы алды.
Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залына жиналғын екі ел өкілдерінің басқосуында алғашқы сөзді облыс әкімі К. Көкірекбаев алды. Өз сөзінде облыс басшысы бауырлас мемлекеттің өкілдерін әз Наурыз мейрамымен құттықтап, келген қадамдары құтты болуын тіледі.
– Қырғыз елімен арадағы байланыс тамырын тереңнен тартады. Ал, қазіргідей қиын-қыстау экономикалық ахуал туындап отырған заманда біздің өзара қарым-қатынасымы тіптен беки түсуі керек деп ойлаймын. Осыған орай, бүгінгі басқосу екі мемлекет арасындағы туындап отырған сұрақтарды шешу үшін таптырмайтын алаң болатынына шүбам жоқ. Қырғыз елі Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіруі, алдында айтқанымдай, біздің елдер арасындағы қарым-қатынасты тереңдете түсті. Дегенмен, өткен жылдағы есеп бойынша, Қырғыз Республикасы мен Жамбыл облысы арасындағы сауда-саттық көлемі 153 миллион АҚШ долларын ғана құраған. Бұл біз одақтың бар мүмкіндігін пайдаланып отырмағанымызды көрсетіп отыр. Сол себепті, бүгінгі басқосуымыз бұл мәселелерді шешуде оң нәтижесін береді деген ойдамын, – деген Кәрім Нәсбекұлы сөз кезегін Қырғыз елінен келген облыс губернаторларына ұсынды. Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Үкіметінің Шу облысындағы уәкілетті өкілі Бақтыбек Құдайбергенов Шу облысы үшін Жамбылдың басты сауда-экономикалық әріптес екенін атап өтті.
– Бүгінгі келелі кездесуді ұйымдастырып, шақырғандарыңызға рахмет. Әрине, Кәрім Нәсбекұлы, сіз айтқан мәселелердің барлығы өз шешімін табуы тиіс алдыңғы қатарлы сұрақтар. Бұл ретте, осы секілді кездесулердің орны ерекше. Сондықтан, бүгін бір ауыздан ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын, – деген Бақытбек Жапарұлы кездесу барысында трансшекаралық сулар, ветеринария, фитосанитария, экономикалық-әлеуметтік әрі мәдениет салаларындағы бірқатар сұрақтарды да шешуге ниетті екенін білдірді.
Ал, Талас облысының губернаторы Байышбек Жұманазаров Жамбыл облысымен шектесетін Қызғызстанның 3 облысы үшін де кездесудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Екі ел үшін де берері мол бүгінгідей кездесудің өтуіне бастамашы болып, ұйымдастырғандарыңызға алғысымды айтамын. Қазақ пен қырғыз қашанда бір-бірін бір туған санап, бауырласып өскен халықтар. Ал, ендігі кезекте байланысымыз экономикалық одақ аясында беки түссе, біз оған қуанамыз. Осы ретте, біз, облыс басшылары осы іспетті кездесулерді жиі-жиі өткізіп тұрсақ, бір-біріміздің ахуалымызды танып, ортақ шешімдер шығарудың таптырмас алаңын құрар едік, – деп, Байышбек Тоқтомушұлы ойын ашық білдірді.
Әріптесінің бұл ойын Ыстықкөл облысының губернаторы Аскат Акибаев та қолдады. Әрі біздің облысқа ресми сапармен алғаш келіп отырған Аскат Акибайұлы сауда-саттық саласын ғана емес, туризм саласын дамытуға да ниеттілік танытты.
Осылайша, жылы лебіздермен, орасан зор мақсатпен басталған кездесу өзара келіссөздермен жалғасты. Тараптар екі ел арасында орнатылатын «алтын көпірдің» талаптарын талқылап, аяғында ортақ шешімге келді. Келісім тек сөз жүзінде болмас үшін Жамбыл облысы мен көршілес елдің 3 облысы арасында меморандумдарға қол қойылды. Атап айтар болсақ, тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық суларды пайдалану, туризм және ветиренария мен фитосанитария салаларын өзара дамыту мақсатында құжатқа қол қойып, қол алысты.
Ал, салтанатты шарадан соң өткізілген брифинг барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев келіссөздер барысында жасалған өзара келісімдерге тоқталып өтті.
– Бүгінгі жиында жауабын табуды көздеген басты мәселеміз – Жамбыл облысын сумен қамтудағы проблемаларды шешу болатын. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, облысымыздың сумен қамтылуы 80 пайыз Қырғыз еліне тәуелді. Оның үстіне, биылғы көктем ерте келіп, шаруалар дала жұмыстарын ертерек бастады. Бұл тұрғыда, оларды сумен уақтылы қамтымасақ, еңбектің еш кететіні белгілі. Осыған байланысты Шу облысының губернаторымен «Орта тоғай» су қоймасынан су алуға байланысты жасалған келісімге қол қойдық. Ал, Талас облысының басшысымен «Киров» атындағы су қоймасынан Тараз қаласын, Байзақ, Жамбыл аудандарын сумен қамтуға келісімге келдік. Сондай-ақ, Жуалы ауданындағы «Көксай» су қоймасынан көршілес елге су жіберіп, есесіне «Аспара» арқылы сол көлемде су алатын боламыз, – деген аймақ басшысы Ыстықкөл облысымен туризм саласын дамытуға келісімге келгенін айтты. Өзара қол қойылған меморандумға сәйкес Жамбыл облысының аумағында еңбек жағдайы ауыр кәсіпорындарда қызмет ететін жұмысшылар Ыстықкөл жағасында демалуға мүмкіндік алмақ.
Одан бөлек, өзара келісімдер аясында тараптар өндіріс пен құрылыс салаларында әріптестік орнатуға да уағдаласыпты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша, Қазақстандағы шығарылатын химия өнімдерінің 40 пайызын өндіретін біздің облыс алдағы уақытта көршілес мемлекетке минералды тыңайтқыштардан бастап құрылыс материалдарына дейінгі аралықтағы тауарларды тасымалдайтын болады. Ал, Қырғыз тарапына бақша өнімдерін тасымалдап, облыс аумағында сатуға оңтайлы жағдайлар жасалмақ. Ол үшін қырғыз тасымалдаушыларына арнайы белгіленген кеден бекеттерінен өту, салық төлеу шаралары жеңілдетілмек. Былайша айтқанда, қырғыз бағбандары өнімдерін «жасыл дәліз» арқылы кедергісіз тасымалдауға мүмкіндік алмақ. Нәтижесінде, облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тауарлар халыққа арзан бағамен саудаланады. Сондай-ақ, келісімдер барысында екі ел арасындағы ет айналымы да талқыланыпты. Ол үшін екі елдің ветиринария қызметтері бірлескен шаралар атқарып, арнайы шешімдер шығаратын болады.
Жиын соңында Қырғыз елінен келген делегация өкілдері жасалған келісімдердің нәтижелі болғанын айтып, алдағы уақытта екі тарапқа да пайдалы қарым-қатынастар дами беретініне қуанышты екендерін жеткізді.
Саятхан Сатылған