Бауырластықтың ерен үлгісін көрсеткен Елбасы

Елбасының Түркияға сапары бауырлас екі ел арасындағы шынайы туысқандықтың көкжиегін ашып бергендей сезімге бөледі. Қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп жатқан Анадолы жұрты, қазақ президентінің сапарынан, «қарылғаштың қанатымен су сепкендей» ынтазарлық, «қанына тартпағанның қары сынсын» деген өлермендік сезінгені анық. Түркі әлемінің  ынтымағы мен бірлігін, дербестігі мен тұтастығын сақтауда елеулі істердің  басы-қасында қазақ президенті — Нұрсұлтан Назарбаев жүреді ылғи. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» принципін ұстанған елбасы түркі әлемінің көшбасшысы атануы бекер емес. Оны айтасыз, Әлемде болып жатқан түрлі саяси мәселелердің ушықпауына, көршілес елдердің татулығына, арасы алшақтап кеткендердің ымыраға келуіне Қазақ президентінің араағайын болып жүргені жер-жаһанға аян. Күрмеуі қиын проблемаларды шешуде саңлақ саясаткерлермен тізе қосып, терезесі тең дәрежеде сұхбат құру екінің бірінің пешенесіне  жазылмаған. Бұл биіктен көрінуі де — Нұрсұлтан Әбішұлының беделін асқақтатып тұр. Аз-ақ жылда қазақ мемлекетін әлемге танытып, толеранттылықтың ерен үлгісін көрсеткен қазақ президентіне тыныштық көксеген әлем жұрты риза. БҰҰ мінберінен  ана тілінде  баяндама жасап, төрткүл дүниенің проблемасын қозғап, қырғи-қабақ соғыстардың зардабы мен залалын талдап, экономиканың өрістеуінің алғы шарттарын тізіп бергені күні кеше ғана.

Қазақстан президентінің достыққа беріктігін, уәдеге адалдығын, саясатқа жетіктігін, дипломатияға тереңдігін әлем журналистері жеріне жеткізе жазып тастағалы қашан. Соның жарқын дәлелі Түркияға  елбасының ресми сапар кезінде анық аңғарылды. Күні кеше бодандықтың қамытынан босып, тәуелсіздіктің тізгінін қолға алғанда, «енді не болар екен деп елеңдеп, саясаттың аңысын аңдаған» адуынды мемлекеттер әліптің артын күтіп жатқанда,   қазақ халқының азаттығына бөркін аспанға атып қуанып, алғашқы болып егемендікті  мойындаған Түркия болатын. Сол бір кездегі түбі бір түрік халқының ақ көңіл ақ ниетін Қазақия президенті бір сәт есінен шығарған емес. Үнемі айтып келеді. Осы сапар барысындағы ресми кездесулерде де өткенге көз жүгертіп, бауырлас екі елдің татулығы — жаңа белестерді бағындыруда құстың қос қанатындай серпін беретінін қадап айтуы- жанашырлықтың айғағындай көрінді.

            РЕСЕЙ МЕН ТҮРКИЯНЫҢ АРАСЫН ЖАЛҒАҒАН — ЕЛБАСЫ

            Түркия мемлекеті Қазақия президентін ерекше ілтипат, ақжарқын пейілмен қуана қарсы алды. Түрлі лаңкестік әрекеттердің салдарынан қатуланған қабақтар күндей жадырап сала берді. Алыстан ат арытып келген бауырын сағына қарсы алған отбасыдай, елбасының келуін жақсылыққа балаған түрік халқы шат-шадыман күйге енді. Бауырлас халықтың ықыласын сезінген Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Режеп Ердоғанмен болған келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатында «Жеке күштердің мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруы бізді қатты алаңдатты. Мұндайды еш уақытта қолдауға болмайды. Қанша адам қаза тауып, қаншасының басына қара бұлт үйірілді. Қаза тапқандардың отбасына жеке өзімнің және Қазақстан халқының атынан қайғырып көңіл айтамын. Осы сапарымды бауырым Ердоғанды және Түрік мемлекетін қолдауға арнадым», – деді ағынан жарылып.

1

Сөз кезегі тигенде Түркия президенті де жолынан жығылмады. Қуаныштан жүзі гүл-гүл жайнап: Елбасыға тарихы сапары үшін мың сан алғыс айтып, түрік халқы үшін күрделі болып отырған кезеңде мұндай қолдаудың дер кезінде көрсетіліп отырғанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркиядағы әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін бұл елге келген алғашқы мемлекет басшысы екенін қуана хабарлады.

Мемлекет басшылары келіссөздер барысында екіжақты іс-қимылдың қазіргі ахуалын, сондай-ақ бірқатар басымдығы бар бағыттар бойынша Қазақстан-Түркия стратегиялық серіктестігін нығайту перспективаларын талқылады. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет аралық келіссөздерге баға берген Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің мәселелері қаралған кездесулердің жемісті өткеніне тоқталды.

«Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Бүгінде ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынасымыз өрістей түсуде. Байланыстарымыз бірте-бірте ілгерілеп, қазір стратегиялық сипатқа ие болып отыр. Қазақстан бауырлас түрік халқына үнемі толық қолдау көрсетеді және әрқашан қол ұшын беруге дайын. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынастарын одан әрі нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенемін», – деді елбасы келіссөздерге ризашылығын жасыра алмай.

 Түрік Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоған да қара сөзге қамшы салдырмады.  Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкара мен Мәскеу арасындағы өзара қатынасты қалпына келтіру ісінде қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. «Шындығында, Ресеймен арақатынасымыздағы шиеленіс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет Путинмен кездесіп, келіссөздер жүргізді, біздің қатынастарды  қалпына келтіру ісінде үлкен қолдау көрсетті. Өзбекстандағы ШЫҰ соңғы саммитінде ол арнайы елші жіберуімді сұрады, мен жібердім», — деді ол. Түрік мемлекетінің басшысы елші арқылы В. Путинге жіберген хаттан кейін бұл мәселе оң бағытқа өзгергенін алға тартты.

«Мен мұны Ресеймен өзара қарым-қатынасымыздағы бетбұрыс деп санаймын. Сондықтан бұл мәселені шешуде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше.  Өздеріңіз білесіздер, алдағы сәрсенбіде Санкт-Петербургте Путин мырзамен кездесемін. Біздің делегация кездеседі», — деп атап өтті Ердоған.

Сөзінің аяғында Түрік Республикасының президенті Ресеймен өзара қарым-қатынастағы ауыр дағдарысты уақыттар  артта қалып, бұрынғы қатынас қалпына келетініне  сенім білдірді.

                     ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАНДАНА БЕРМЕК

            Емен-жарқын әңгіме барысында  ынтымағы жарасқан елдерді жау алмайтыны сезіліп -ақ тұрды. Қос Мемлекет басшысы келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимыл бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін де атап өтті.

–  Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Түрік бизнесінің өкілдері жаңа елордамыздың құрылысына белсене атсалысты. Түрік компаниясының өкілдері бүгінге дейін елімізде 20 миллиард доллар көлемінде мердігерлік жұмыстар атқарып, 460 нысан пайдалануға берілді. Елдеріміздің арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2 миллиард  долларды құрады, – деді Қазақия президенті.

5

Сонымен қатар, елбасы Р.Ердоғанның өткен жылғы Астанаға сапары аясында қабылданған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының маңыздылығына назар аударды.

– Біздің міндетіміз – өзара тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Бағдарлама аясында жалпы құны шамамен 813 миллион долларды құрайтын 20 инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған. Түркияның инфрақұрылымы дамыған маңызды транзиттік ел екенін ескеріп, мен бауырлас түрік халқын «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырдым. Осыған орай, Қазақстан-Түркия индустриялық аймақтарын құру жұмыстары аса маңызды. Бұл қадамдар екі елдің экономикалық әлеуетінің әрі қарай дамуына серпін береді, – деп ерекше  атап өтті.

«Жақсының жақсылығын ат, нұры тасысын» деген тәмсілді құлағына сіңіріп өскен Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі бойынша жаппай күш жұмылдырудың маңыздылығына да назар аударып, қазақ елінің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне өтуіне қолдау көрсеткені үшін Түркияға алғыс айтты.

– Жаһандық сынсынақтар мен қауіп-қатерлер арта түскен алмағайып заманда Қазақстан мен Түркия  әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайын. Осы орайда біз ХХІ ғасырдың басты кеселі – терроризмге қарсы үзілді-кесілді тойтарыс беруге келістік. Елдеріміздің арасындағы әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық орнықты дамуда, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу аясында Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастық үнемі ілгерілеп келе жатқанын жеткізді.

– Келесі жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Бұл ауқымды шара баламалы энергетика саласындағы инновация мәселесіне арналған. Мен бүгін Түркия басшылығын, бизнес өкілдерін және бауырлас түрік халқын осы шараға қатысуға шақырамын, – деді.

            Қазақстан Президенті сөзінің соңында Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарының әрі қарай нығайтудың әлеуеті зор екеніне ерекше пейіл танытты.

                          ҚТЛ — дің АРТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ТҰР

            Түркиядағы әскери төңкерістің артында кімдер тұрғаны нақты анықталмаса да, түркия билігі  әлемге әйгілі дінтанушы Фетхулла Гүленнен қауіптенетіндерін ашық айта бастады. Ресми дерекке жүгінсек, Қазақстанда барлығы 27 қазақ-түрік лицейлері бар болып шықты. 16 шілдеде Түркияда орын алған төңкеріс әрекетінен кейін ресми Анкара Қырғызстан мен Қазақстандағы түрік лицейлерін жабуға кеңес берген болатын. Өйткені, аталған оқу орындарының барлығы төңкеріс жасамақ болған діндар Фетхулла Гүленге бағынышты — мыс. Алайда, Қазақстанның да, көрші Қырғызстанның да үкіметі Түркияның бұл талабы орынсыз екенін мәлімдеді. Мұның алдында ғана әзербайжан мемлекеті Түркия мемлекетімен қарым-қатынасты үзбеу үшін түрік лицейлерінің атауын өзгертіп жіберген болатын.

            Түркияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түрік елінің президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен бірқатар мәселелерді талқылап болған соң, әңгіме ауаны Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне қарай ойысты. Түркия президентінің өтінішін жерге тастағысы келмеген елбасы олардың діндар Гүленге расымен де қатысы бар-жоғын тексеруге күш салатынын жеткізді.

—  Қазақстандағы түрік лицейлерінің жұмысын Қазақстан мен Түркия білім беру министрліктерінің мамандарынан құрылған бірлескен жұмыс тобы тексереді.

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  екіжақты келіссөз нәтижесі бойынша баспасөз конференциясында түрік журналистерінің сұрақтарына жауап беру барысында мәлімдеді.

«Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мектептер — біздің мемлекеттің мектептері. Бұл мектептерде төрт тілде оқытылады. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде. Мектептерде жұмыс істейтін оқытушылардың 90 пайызы Қазақстан азаматтары және тек 8-9 пайыз оқытушылар Түркиядан балаларын оқыту үшін келеді», — деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы мектептерді жергілікті атқарушы органдар қаржыландыратынын қадап айтты. «Түркияға қарсы жұмыс істейтін күштерді біз еш уақытта қолдамаймыз. Бұл біздің мүддемізге жатпайды. Сондықтан біз бүгін елдеріміздің білім беру министрліктері жұмыс тобын құрып, әр мектепті тексереді деп уағдаластық», — деді елбасы. Сонымен қатар Мемлкет басшысы атылмыш лицейлер бұған дейін сан мәрте  тексерілгенін және олардан заңсыз ештеңе таппағанын айтуды да ұмытпады. «Біз жүргізген тексеріске сәйкес олар ешбір қазақстандық заңдарды бұзған жоқ. Оқыту бағдарламасы ҚР білім министрлігінің оқу бағдарламасы негізінде жасалады», — деп нығырлады Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы егер бұл мектептерде Түркияға қарсы бағыттағы адамдар болса, онда Қазақстан мұны еш уақытта қолдамайтынын, тиісті шара қолданатынын және Түркияның барлық өтініштерін орындайтынын қосты.

«Барлық осы мектептерде ата-аналар өз балаларын  оқытқаны үшін ақы төлейді. Білім беру сапасы өте жоғары. Білім алатын 9 мың баланың бірнеше мыңы әлемдік олимпиада, байқаулардың жеңімпаздары, олардың барлықтары университеттерге түседі», — деді Н. Назарбаев. Қазақстан Президенті Қазақстанда түрік лицейлерін құру марқұм  Тургут Озал кезінде басталғанын еске алды. «Біз бұл мектептерді егер жастарымыз біздің тілдерді білсе, бір-біріне жақын болады деген ниетте құрдық», — деп сөзін түйіндеді Н. Назарбаев.

           ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕПТЕРІН ТҮРКИЯ НЕГЕ ТЕКСЕРЕДІ?..

            6Біздің елімізде де демократия қарқынды дамып келе жатқаны белгілі. Бұл мемлекет саясатының жетістігі. Сондықтан да болар, қазақ қоғамының кез келген азаматы өз көзқарасын, пікірін әрқашан  ашық айтуға құқы бар.  Айтылып та жүр. Оған ешқандай шектеу жоқ. Елбасының Түркияға сапары ел назарында болғаны рас. Қазақ-Түрік лицейлеріне қатысты мәселелер көзі қарақты қауымды бей-жай қалдырмағаны күнделікті әлеуметтік желідегі жазбалар да көрініс тауып отырды. Соның бірін назарларыңызға ұсынамыз.

«5-тамыз күні Түркиядағы екіжақты келіссөздер нәтижесі бойынша өткізілген баспасөз конференциясында Қазақстандағы түрік лицейлерінің жұмысын Қазақстан мен Түркия білім беру министрліктері мамандарынан құрылған бірлескен жұмыс тобы тексеретіні белгілі болды. КТЛ 100 пайыз Қазақстан меншігіндегі мектептер. Соған қарамастан, бұл мектептерді Түркияның тексеруіне жол болсын…

ҚР Президенті түрік әріптесінің көңілін қалдырғысы келмеген болу керек. (Ол кісіні де түсінуге болады!). Бірақ мұндай әрекет екінші бір мемлекеттің ішкі ісіне қол сұғу болып табылады. Өз басыма мүлде ұнаған жоқ. Бұл не сонда? Қазақстандағы түрік мектептерін Ердоган тексерсе, орыс мектептерін Путин тексерсе, өзбек мектептерін И.Кәрімов тексерсе, ұйғыр мектептерін Си Цзиньпин тексерсе, біздің еліміздің Тәуелсіздігі қайда қалады?

Ертеңгі күні Ердоған өзіне ұнамайтын бірдеме тауып алып, біздің мектептердің бағдарламасын өзгерт десе, немесе ана мұғалімді жұмыстан шығар десе — не дейміз? Сөз жоқ, біз Түркияны жақсы көреміз. Бірақ өз еліндегі былықтарын былай қойғанда, Ердоғанның жүгенсіздігі туысқан елдердің қарым-қатынасына ойысып бара жатқаны ойлантады». Белгілі журналист Марат Тоқашбаевтың  FACEBOOK парақшасынан алынды.

ТҮЙІН:

            Қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Тугрул Туркеш: — » Нұрсұлтан Назарбаев – басымызға бұлт төнген кезде бізді қолдауға келген бірінші Президент. Назарбаевпен әр кездесу нәтижелі өтеді. 15 шілдеден кейін ол бізді қиын кезде қолдау үшін келген алғашқы мемлекет басшысы. Ол төңкеріске қарамастан өз ұстанымын өзгертпеді. Бұл бізге үлкен қолдау болып отыр», – деді ол. Осы берілген бағаның өзі-ақ сарабдал саясаткер елбасының , түркі әлемінің көшбасшысының бет-бейнесін айшықтап, қандай қиын сәт болса да, ұстанған бағытынан таймайтынын, әділдіктің ақ туын қолынан түсірмейтін әйгілеп тұр. Сондай -ақ, қос ел президенттерінің тілмәшсыз-ақ түсінісіп, мән-жайды көзбен ұғысқандарының өзі, тамыры тереңде жатқан туысқандықтан хабар беріп тұрғандай. «Тауда арқардың мүйізі сырқыраса, ойда сиырдың мүйізі қақсайды» демекші, Түркияда болып жатқан кез келген жағымсыз жаңалықтар, келеңсіз оқиғалар, Қазақ елінің де қабырғасын қайыстырып кететінін айтып жату артық болар.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК