Бауыржан батырдың жан жарасы

Әке рухына қатысты «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» дейтін кесек дүниелер жазған Бақытжан Момышұлы өзінің отбасы жайында төмендегідей естеліктер айтатын. Қазақтың дара тұлғасынан қалған тұяттың тәлім мен тәрбиеге толы дүниесін сіздердің назарларыңызға ұсындық.

– Нағашы аталарым Алматыға 1860-шы жылдары келіп қоныстаныпты. Содан тұрақтап, жақсы тұрмыс құрған. Қазіргі аэровокзалдың орнында сол ағайынды Сүлеймен, Мүмсары деген көпестердің жайлары тұрады екен. Қаракесек бабамыздан тараған кісілер. Бекмұхамед, Досмұхамед, Жақыпбек дегендер өтіпті. Осылардың бірінен Мұхамеджан атам туады. Бұ кісіден – Ахметжан нағашым және апалы-сіңлілі Бибінұр апам мен Бибіжамал анам туған. Мені тәрбиелеген, негізінен, сол Бибінұр апам. Неге десеңіз, анам көбіне жұмыстан босай алмайтын.
Орысша оқыдым. О кезде Алматыда қазақша білім беретін бір ғана 12-ші мектеп-интернат болыпты. Оған шалғай облыстардан келетін малшылардың ұл-қыздары мен жетім балалар ғана қабылданған көрінеді. Сондықтан, амалсыз орыс мектебіне берген сияқты. Әйтеуір, әкем мені каникул сайын пойызға отырғызып ауылға, Жуалыға жіберетін-ді. Енді ойласам, елге жат болып кетпесін, атажұртынан тамыры үзілмесін дейді екен ғой. Жаздай ауылда жүргенде ызаланып, жынданған кездерім де есімде. Себебі, жолдастарымның бәрі демалыста не Қара теңізге «Артекке», болмаса, Балтық жағалауына, Мәскеу, Ленинград, Киевке кетеді. Қалай ызаланбайсың. Бірақ Құдайға шүкір, әкем қауіптенгендей, тамырым шабыла қойған жоқ…

Бәкең майда қоңыр даусымен жан тербеткендей ақтарыла төгіледі:

– Сонан кейін есімде қалғаны – Күләш тәте Байсейітова. О кісі жиі соғатын біздің үйге. Менің анам сахнаға шығып көрмеген адам. Бірақ үйде Күләш апай екеуі қосылғанда мамам әнді кәдімгіше шырқататын. 1-ші жилкомбинатта тұрдық. Қазіргі Қабанбай батыр атамыз бен Фурманов көшелерінің қиылысы. 2-ші жилкомбинатта Дмитрий Снегин, Тайыр Жароков, Жұмағали Саин ағалар тұрған. 3-ші жилкомбинатта Кәрім аға Мыңбаев, Жұбан аға Молдағалиев, Әлжаппар Әбішев ағалар бар. Нағыз мәдени орталық десе артық емес. Бәрі бір-бірімен керемет араласатын. «Лениншіл жастан» да келетін адамдар көп. Анам кейде «үлкен шәугімді қой» деп звондайды. Демек, өзімен бірге қызмет ететін журналист ағаларым келеді деген сөз. Бірден түсінемін. «Кіші шәйнекті қой» десе, өзі ғана келеді. Мен де шешеме анда-санда коммутатор арқылы қоңырау шалып тұрушы едім. Онан кейін цифрлы телефондар келді ғой. 53-48 номері арқылы теретінмін. Мұны да ұмытпаппын…

Бақытжан аға тоғыз-он жасар кезінде үріккен аттан жығылып мерт болған өзінің Шолпан әпкесі есіне түскенде көзі боталап, бірталай қамығып қалады:

– Жайлауда бәйгеге жаратып отырған ат екен. Басы қатты. Алматы аймағы ауылдарының бірі анамды қонаққа шақырған секілді. Ондағылар тау ішінде Шолпанды батырдың қызы деп атқа мінгізеді. Атақты сәйгүлік көрінеді. Жазмыш па… Содан құлаған. Әкем қырқыншы жылға дейін анаммен бірге Қиыр Шығыста, одан Житомирде әскери қызметте жүрген ғой. Сонда араларындағы осы кішкентай Шолпанның пойызда келе жатқандағы, қалт еткенде қыдыруға шыққандағы, ойнап жүрген сәттеріндегі құлындай құлдыраңдап жүгірген, ішек-сілесі қатып күлген әрбір қылығына сүйсініп, достарына менің тентек қызым сөйтті деп мәз болып, аузынан тастамай айтып отырады екен. Перзент өлімі оңай тие ме. Соны, есіне түскен сайын, «қарамадың, ие болмадың» деп анамнан көргендей болып, қатты қиялданатын еді…

Шолпан, расында да, әкесі іштей зор үміт күткен өте алғыр бүлдіршін болыпты. Қапияда сүйікті қызынан айрылуы батырдың жүрегін қансыратып, мәңгілік жазылмайтын жараға айналған.

– Мен де жастай мертігіп, көп азап шектім. Кейін бірде әкемнің: «Ежелгі ұғым бойынша ата-баба, әке-шешенің күнәсін ұрпағы көтеретін түсінік бар ғой. Сол, тегінде, рас нәрсе. Қазақ «зауал» дегенді бекер айтпайды. Әрбір теріс әрекетің алдыңнан шығатын сәт туады. Қанша жалтарсаң да жауаптан құтыла алмайсың. Мен де елімді қорғадым дегеніммен, көп қан төккенім анық. Сонда маған қарсы атылған оқ жазатайым саған тиіп кетпеді ме екен?!» деп толғанғаны есімде.

Бәкең ата-анасының ажыраған сәтіне келгенде күбірлеп, үні құмыға шығады:

– Әкемнің іргені аулақ салуы, әрине, анама жеңіл тимеді. Бірақ бәріне де шыдады. Кішкентай кезімде мен де налыдым ғой, енді, талай… Көп жәйтті терең түсіне қоймасам да, ренжідім, өкпеледім әкеме… Бұл қалай, неге кетті, неге қасымызда болмайды, неге бірге тұрмаймыз дегендей. Сонда анам: «Әкеңді сөкпе! Әкеңді ешқашан да жамандаушы болма!» деуші еді. Әйтеуір, күдер үзген жоқ. Өмір бойы күтті ғой…

(Бұл әңгімені Бәкеңнің аузынан 2006 жылы күз айында жазып алыппын).

«Жас қазақ» газеті. 16.12.2016. (Тақырып өзгертілді)

Құлтөлеу Мұқаш
Ескерту!Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.