БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Гоголь мен Фурманов көшелерінің қиылысқан жерінде медицина институты болатын. Ректоры Санжар Аспандияров деген кісі еді. Өзі Халық Комиссары. Әліме қарамай дәрігер боламын деп сол кісіге бардым. Қабылдаттырды. Жатақханадан орын бергізді. Алғашқы сабаққа бардым. Алғашқы сабақтан кейін-ақ ол институттан қашып құтылдым. Мәселе былай болды. Алғашқы сабақта бәріміздің үстімізге халат кигізіп, подвалдағы үйге алып барды. Үйге кірісімен жалаңаш жайрап жатқан өліктердің үстінен шықтым. Оларды көрісімен денем дір ете қалды. Ертіп кірген дәрігер: — Бұның атын мәйітхана деп атайды. Мұнда… — дей бергенде-ақ мен зыта жөнелдім. Есік алдына шығып, халатын өткіздім де, институтты тастап қаштым. Артымнан жаңағы басы жок, аяғы жоқ тыр жалаңаш өліктер тырақайлап қуып келе жатқандай көрінді. «Жок, оқусыз қалсам да бұл институттың қарасын көрмеймін» дедім қашып бара жатып. Қанша қашсам да, содан он жыл кейін өліктердің ортасын кешіп жүретінімді білмеппін ғой мен.