БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

– Тұрсаңшы.
– Иә, қазір, – деп ұйқылы көзімді ашып киіндім.
– Балаларды базарға жіберейін деп едім.
– Оларға мен базарға барма дегенім жоқ қой. Жібере бермейсің бе?
– Қолдағы ақшаны кеше келін алып кетіп еді. Балалар жуынғанша, сберкассадан ақша алып келсеңші, – деп мені жұбайым Ғайникамал оразамды аштырмастан жұмсады. Аш қарынға бір сигаретті тартып мен көшеге шықтым.
Троллейбустың ортасындағы орнында отырмын. Түрегеп тұрғандар да аз емес. Менің желкемде екі қазақ студент тұр.
– Ей, сені не қара басып, әлгі Есенжанмен төбелесіп жүрсің? Екеуіңді егіз қозыдай тату жолдас деп жүруші едік, – деді біреуі.
– Ол ақымақтың өзі кінәлі. Қой десем, қоймастан аузына келгенін оттап, ақырында мені оскарбить етті. Шыдай алмастан, мен оны Бауыржан Момышұлымен періп келіп жібердім. Ол да қарап тұрсын ба – мені шапалақпен тартып жіберді. Мен оны да оңдырғаным жоқ. Төбелес солай басталды.
– Остановка Фурманова! – деп жариялады. Мен орнымнан тұрып, троллейбустан түсіп кеттім.
Үйге келген соң естігенімді жұбайыма айттым.
– Сенің қазақша бір жинағың «Бауыржан Момышұлы» емес пе еді, – деп Ғайникамал ішегі қатып күлді.. Сол кітапты оқып жүрген бала ғой. Ол жолдасын сол кітаппен періп жіберген болар, – деп тағы да күлді.
– Солай ма еді? – деп мен де күлдім.
Сол әңгімені естіген бес жасар кенже қызым Мақпал ашуланса, осы уақытқа дейін:
– Мен сені Бауыржан Момышұлымен періп жіберейін бе? – деп бәрімізді күлдіріп, үйдегі қара бұлтты тарқатып, күн көзін шайдай ашады.