БАУЫРЖАНСЫЗ ӨТКЕН ОТЫЗ БІР ЖЫЛ
Бауыржан Үсеновтің өмірден өткеніне бүгін отыз бір жыл. Осынша ғана жыл ғұмыр кешкен ақын, әнші, композитор, сері Баукең дос соңында өлмес бай мұра қалдырып кетті. Ол ақын болғанда да талантты, композиторлығы да, әншіліге де сойқан еді.
Ана ғасырдың Ақаны мен Біржанын аңсамау, сағымбау мүмкін емес. Әсіресе, сексеніші жылдары Каз ГУ-де оқыған студент-жастар Бауыржан Үсенов десе жанарлары жасаурап, егіліп кетеді. Бұл өр өнерге деген біздің замандастардың асқан құрметі, сұлулыққа деген ерекше құштарлығы шығар. Күрескер ақынның бойындағы ата-бабадан келе жатқан қайсарлық пен батылдық, тектілік те маңына өршіл жастарды топтастырды…
Сол тобы жазылмай жүретін жастардың ортасында өзім де бармын. Албырт жастық, студенттік думанды орта ол кезде Баукең досты жан-жақты тануыма мүмкіндік бермеді. Дос өмірден өткеннен соң ғана егіліп те, көсіліп те жазып жатырмыз. Бауыржанды жалғыз мен емес, қазақтың «мен» деген ақын-жазушы ағаларынан бастап, қолына қалам ұстап жүрген Каз ГУ-дің журфагі мен филфагінің сексенінші жылдардың барлық түлектері іздеді. Тіпті, жазу-сызумен «ауырмаған» басқа факультеттің түлектері де бар. Оған Бауыржанның 60 жылдығы аясында естеліктер жинақтаған өзіміздің ініміз, белгілі тележурналис Шоқан Сыздықұлы мен қазақтың тағы бір талантты ақыны Темірғали Көпбаевтің демеушілігімен Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан шыққан ақын досым туралы естелік кітапты парақтаған сайын көз жеткіземін.
Мына «Аңсау» атты естелігім осыдан он жылдай бұрын жазылып еді. «Егемен Қазақстан» газетінде және Баукең туралы естелік кітапта жарияланған. Шоқан інім екі жыл бұрын осы фб-ға да жүктеген. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.
Баукеңнің Мұқағалидің сөзіне шығарған «Тымырсық» әнін Сарыарқаның атақты әншісі Жақсыкелді Кемалов құрдасымның орындауына көзі түспей қалған достар болса менің жеке парақшама кіріп, тыңдауларыңызға болады. Баукеңнің жоғалып кеткен «Қара машина» өлеңін көзінің қарашығындай сақтап, Бауыржан Омаров курстасына тапсырған осы Жақсыкелді еді…
АҢСАУ
Тараз қаласындағы «Баласағұн» мəдениет сарайында өмірден өткен жамбылдық ақындарды еске алуға арналған «Жатсынба мені жас ғұмыр…» атты əдеби-сазды кеш өтті. Сатирик-ақын Шона Смаханұлынан бастап, айтыстың ақберені Əзімбек Жанқұлиевке дейінгі тоғыз ақынның рухын аспандатқан сағыныш кешінде Жуалының мұзбалағы Бауыржан Үсенов жайлыда біраз сыр шертілді.
Кезек Бауыржан достың жырлары мен əндеріне келгенде жүрек шіркін атша тулап қоя берді. Жанарыма жас келді. Бауырын сағынған əпкесі – Ботагөз де, ағасын аңсаған қарындасы – Əлия да, жан-жарына деген қимастық сезімге бөленген əйелі – Гауһар да, асқар тауы – əкесін іздеген ұлы –Мұхаметсалық та булығып əрең отыр.
…1982 жылдың қоңыр күзі. Алматының ҚазМУ қалашығы. Журналистика факультетінің бесінші жатақханасы. Кең фойеде журфактың студенттері айтыс көрігін қыздыруда. Шетінен «сен тұр, мен атайын». Ұмытылып барып, қайта оралған ұлттық дəстүріміз – айтыс өнерінің майын ішкен замандастарымның жыр-нөсеріне тəнті болдым. Бір кезде қолына домбыра ұстаған, басына үкілі бөрік, иығына қазақы шапан ілген, жарасымды мұрты бар, көркем жігіт шықты. Баяғының Біржан салы мен Ақан серісін көргендеймін. Қарсыласын бұрыннан танимын. Ағам Сүндетулламен бірге оқитын, төртінші курс студенті Бейбіт Құсанбеков. Ол бір жыл бұрын ғана біздің Сарысуға жолы түсіп, үйде қонақта болған. Ауылдағы қара шаңырақты əн-жырға бөлеген. Айтысқа келгенде екеуі де оңай шағыла салатын «жаңғақ» емес екенін көрсетіп, біраз уақыт бір-біріне дес бермеді.
Қайран Бейбіт те өмірден ерте озды.
Айтыстан соң, кезінде бірге абитуриент болған, екінші курстың студенті Бауыржан Омаров əлгі Ақан мен Біржанға теңеген ақынды бөлмеме ертіп, келіп тұр. «Бұл да Бауыржан, өзіңнің жерлесің əрі құрдасың» деді. Сол күннен бастап таныстығымыз достыққа ұласып жүре берді. Досым өлең оқиды, əн шырқайды. Өлеңдері де, əндері де ғажап енді. Жатақхана балконына шығып алып, Ақан cерінің, Біржан салдың əндерін шырқағанда қарсы беттегі филфактың, берідегі биофак пен іргедегі истфактың студенттері жапа-тармағай балкондарына шығып, қаздай тізіліп тұрып, тыңдаушы еді. Одан əрі Мұқағалидың сөзіне жазылған «Тымырсық», «Бір келіншек» əндеріне жалғасып кете беретін. Студенттер қалашығының аспанында қалықтаған əн құдіреті ту сыртымыздағы заң жəне география факультеті жатақханаларының студенттерін де біздің бесінші жатақхананың алдына иіріп қоятын. Несін айтасың, əн шырқағанда сұлу жүзі одан сайын құлпырып сала беретін.
Баукең жетектеп жүріп, журфакты бітіргелі жатқан ақындар Ертай Ашықбаевқа, өздерінен бір курс жоғары оқитын Бауыржан Жақыповқа, Қайрат Əлімбековке, курстасы Гүлнар Салықбаеваға таныстырды. Филфактан Светқали Нұржанов бар, бəрі қосылып өлең оқиды. Ауылдан «тірі ақын» көрмей келген басым, əдеби ортаға тап болғанда жұмақ өмірге топ ете түскендей күй кешіп жүрдім.
Кейіннен ҚазМУ қалашығынан ұзап шығып, есімдері қазақ еліне танылып үлгерген Алматының сол кездегі талантты ақындары Жұматай Жақыпбаев, Əбубəкір Қайранов, Мейірхан Ақдəулетов, Аманхан Əлімов, тағы басқа мықтылармен таныстырды. Сол алдыңғы толқын ақын ағалардың бəрі де Бауыржанды алақандарына салды. Туған бауырларындай көріп, еркелетті.
Оның қасында жүргенде ешбір студент аш болмайтын. Асқазан шіркін сыр берсе «Горный гигантта» тұратын Əбубəкірдің үйіне немесе Жұматай ағаға тартып кететінбіз. Той думанның сəніне айналған Баукең қашан тойдан келгенше ұйқы көрмей, жолын күтеміз. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақын дос тапқан тиын-тебенін ортаға салады, əкелген жылы жұмсағын алдымызға қояды.
Осылай егіз қозыдай жұбымыз жазылмай жүргенде Баукең бір-ақ күнде оқудан шығарылды. Бұл жыр құмар, қасиетті қара өлеңнің құдіретін түсінетін университет қыз -жігіттерінің үстіне жай түскендей болды. Филфак жақта ғашығы Гауһар қалды көзі жəудіреп.
Алматыға келе сала қазақ поэзиясына олжа салып үлгерген талантты ақынның білімі де ешкімнен кем емес. Егер ол мехнаты көп ақындық жолға түспегенде мықты боксшы болатын еді. Германияда азаматтық борышын өтеп жүргенде кəрі құрлықтағы əскери құрылымдар арасында жұдырықтасудан қарсыластарын талай рет нокаутқа түсірген. Осындай сегіз қырлы жігіттің оқудан қуылуын əркім əр саққа жүгіртіп жатты. Ал достың өзі оқудан не үшін шығарылғаны жөнінде тіс жармады. Алматыға қарайламай ауылға тартты. Жуалының Қошқаратасына кетті. Онда əкесі майдангер Мұқан көкем, анасы Күлəн апам жəне бауырлары бар. Ақын жүрек, нəзік жүрек соларды сағынды білем. Студенттердің думанды ортасы ойсырап қалғандай болды.
Кейін естідім. Азаттықты аңсаған үндістердің өмірін өлеңдеріне арқау етіп жүретін ақын досым бұрынырақ оқу корпустарының бірінің мəжіліс залында өткен үлкен бір мəдени шарада «Қара машина» атты өлеңін оқиды. Отызыншы жылдардың қызыл қырғынында нақақтан атылып кеткен Сəкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров жəне Бейімбет Майлинді жоқтаған жас таланттың артына сыбырлағанды естіп қоятын «үш əріптің» жансыздары сол күні-ақ «қоңырау» байлап жіберіпті. Оқудан шығарылуының басты себебі содан десті ақынның жанашырлары. Жоғалып кетіп, Бауыржан Омаров достың Қарағанды жақтан тапқан «Қара машина» өлеңі мынадай еді:
Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,
Келбетіне Құдайдайын үңілем.
Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи,
Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.
Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,
Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.
Бірақ халық жауы болып ұсталып,
Кеткендігін кейін біліп, қамықтым.
Естеліктер жазып жүрген сан адам,
Бірақ бүгін көрінбейтін арадан.
Қалайша жау қазақ əдебиетінің,
Іргетасын құлдар құсап қалаған?!
Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен əсем əнін созатын.
Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!
Алатаудан Ақсу болып бұрылған,
Қыран жырды қайыратын Қырымнан.
Жансүгіров емес пе еді Құлагер,
Ол қалайша айбалтаға ұрынған.
Талантына табынам мен қай елдің?
Мен өзімнің қазағымнан май емдім.
Бейімбеттің жазығы не, паш еткен,
Еркек түгіл коммунисін əйелдің?
Қалайша жау ардагерлер топ жарған?
Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан.
Қырандарға көкте қаққан қанатын,
Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған?
Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен…»
Қалың топты жарып шыққан мергенді,
Қазақ қашан асылына теңгерді?
Қолымызбен ұстап берген ерлерді,
Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді…
Содан бері шошынамын дүсірден,
Содан бері көз алмаймын мүсіннен.
Қараңғы түн, қап-қара бір машина,
Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен.
Əлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкейімде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем…
…Ол осылай дей тұра өлеңдерінде астарлап азаттықты, тəуелсіздікті аңсады, жырына қосты. Сексенінші жылдардың басында солай айтып, жырлау ерліктің ерлігі еді. Елде жатып та қолынан қаламы түспей өлеңді серік етіп, жаза берді.
Бірер жылдан соң, Алматыға қайтып оралып, оқуын жалғастырды. Қайтадан ақын достың жанында болдым. Журфакта бұл кезде Табылды Досымов, Əубəкір Смайылов, Темірғали Көпбаев сынды жас ақындар Бауыржан, Қайраттардың орнын басқан. Жас таланттың бəрі ақын Бауыржанның жанына топтасты. Қайтадан ҚазМУ қалашығының сəні де, əні де кірді. Бірақ, досты бүйрегі жиі мазалай бастады. Аурухананы жағалауды шығарды.
Оны Сарысудағы ауылыма шақырып, бірнеше күн қонақ еткенім бар. Түйенің сан ауруға шипа шұбатын, биенің қымызын ішіп, Баукең домбырасын ауылдан аттанғанша қолынан тастамай, əн шырқаумен болды. Қазақи қаймағы бұзылмаған ауыл емес пе, кең аулаға сыймаған жерлестерім, көше бойы иін тіресіп тұрып, ақын-əншінің əуезді əнін, жасын жырларын тыңдады.
Бірде ауылына кеткен. Екі-үш күннен кейін түрі өрт сөндіргендей болып, бір еңгезердей жігіт жатақханадағы бөлмеме кіріп келсін. Салған жерден «Бауыржан Үсенов қандай жігіт, бұрын қандай бұзақылық əрекеттерін байқадың, қалтасына пышақ салып жүруші ме еді?» деп, бастырмалап бара жатыр. «Ау, көке, өзің кімсің, қайдан жүрген жансың, Бауыржанда нең бар?» деп қарсы сұрақ қойдым. «Жуалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерімін» деп куəлігін көрсетті.
Сонымен, əлгі милицияның мəлімдеуінше «ақын досым өзін пойызға шығарып салған кластасын пышақтап, Алматыға қашып кетіпті» мыс. Осылай деп ректоратқа, деканатқа айтып, енді біздерден түсінік алуға келіпті. Салған жерден «Бауыржан кісі түгілі шыбын өлтіріп көрген емес» деп əлгіге дүрсе қоя бердім.
Деканның міндетін атқарушы ағайдан Жуалыға баруға, болған оқиғаның анық-қанығын біліп қайтуға рұқсат сұрадым. Ағай «ана досың анадай болып жатқанда ешқайда жібере алмаймын» деп кабинетінен қуып шықты. «Оқудан шығарып жіберсе де барамын» дедім жігіттерге. Журфактың студенттері ұйымшыл еді. Жүгіріп жүріп, жол қаржы жинап берді. Түнімен жол жүріп, ол заманда Бурный аталатын аудан орталығына ертемен-ақ жеттім. Бірден прокуратураның есігін аштым. Аудан прокуроры Тоқтамыс Мұсаханов пен аға тергеуші Ермек Жұмажановты бұрыннан танимын. Мəселені бірден қозғадым. Заңның орындалуын қадағалаушы құзырлы органның басшылары əлгі милиция қызметкерінің əрекетіне қатты ашуланып, тиісті шара қолданатындарын жеткізді.
Сөйтсек, оқиға былай болыпты. Бауыржанды Бурный стансасында Алматыға пойызға шығарып салған кластасын сол жерде біреулер пышақтап кетіпті. Ауыр дене жарақатынан бірден жан тəсілім етсе керек. Қылмыстық оқиға пойыз жүріп кеткен соң, біршама уақыттан кейін орын алған. Ал Бауыржан болса, кластасының кісі қолынан қайтыс болғанын естіп, келген бетте ауылға кері қайтады. Прокуратурада, ішкі істер бөлімінде болып, досымның ауыр қылмысқа ешқандай қатысы жоғына көз жеткізіп, Қошқаратаға тарттым.
Он жыл бірге оқыған кластас əрі көрші досын сол күні жер қойнына берген Бауыржанның жалын атып тұратын қос жанары білеудей болып, ісіп кетіпті. Əбден
жыласа керек. Көрісіп, көңіл айттым. Ертеңіне екеуміз құшақтасып, Алматыға оралдық. Бұл күн – 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді. Ертемен екеуміз деканатқа барып, оның қылмыстық оқиғаға қатысы жоқтығын айғақтайтын прокуратурадан алған анықтаманы өткіздік те, лекцияларымызға кірдік. Сол күні ертеңіне Брежнев алаңында алдымызда не күтіп тұрғанын ол да, мен де білген жоқпыз.
…Қыстың қысқа күні ұясына барып қонысымен алаңда қолдарына қалқан мен шоқпар ұстаған солдаттардың қарасы көбейе берді. Біреуді біреу біліп болмайтын аласапыран басталды. Өрт сөндіретін машиналар тастай су шашуда. Қан-жоса болған қыз-жігіттерді автобустарға, жүк көліктеріне тиеп жатыр. Жаны ышқынып жүрген Бауыржан достың жанынан бір елі қалмаймын. Демократия мен жариялықты ұран етіп, құрқол шыққан өрімдей жастарды мұздай құрсанған солдаттар қойсын ба, алаңнан тықсыра бастады. Досты бір шетке алып шығып, «Бауке, мұның соңы жаман болады, əлгінде ақ үйдің артына солдат тиеген тағы да оншақты машина келді. Сенің артыңда байланған «қоңырау» бар ғой. Жатақханаға қайтайық» дедім. Есіл ер: «Жоқ Аужеке, бұл жүз жылда да қайталанбайтын ұлы ерлік, көресің тəуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады» деп қасқайып тұр.
Түннің бір уағына дейін болдық. Ақыры ақын досым да бұл əрекетімізден ешнəрсе шықпайтынын сезді білем: «қайтсақ, қайтайық» деді. Бұл кезде алаң төрінде құндыз бөрік, былғары плаш киген оншақты жігіт от қойған «ПАЗ» автобусы мен милицияның жеңіл көліктерінің күлі ғана қалған. Сəтбаев көшесімен ҚазМУ қалашығына қарай жаяу тарттық. Жолда нан сататын дүкен өртке ораныпты. Осы ойранды жасап жатқан студент жастар емес екенін сол кезде-ақ ішіміз сезді.
Үш күннен соң, қуғын-сүргін басталды. Бауыржан бұрыннан мазалап жүретін бүйрегі асқынып, ауруханаға түсті. Компартияның қолымен жасалған қырғыннан сол партиядан алған билетім мені сотталудан аман алып қалды. Алаңда өрт сөндіретін машиналар шашқан мұздай су есіл ердің қос бүйрегін сол түні нысанаға мықтап тұрып алса керек. Айыға қоймады. Оқудан тағы да қол үзіп, елге кетті. Облыс, аудан орталығындағы ауруханалар ақынның тұрақты мекеніне айналды.
Қолға диплом тиісімен Жуалы аудандық газетінен келген екі жолдаманың бірін алып, сонда тарттым. Сондағы бар мақсат – Бауыржан Үсеновтей қазақтың күрескер ақынының қасында болу. Жұма күн кешкі автобуспен Қошқарата ауылына тартамын. Онда шығармашылық ортадан қол үзсе де, өмірден үмітін үзбеген досым бар. Əр барған сайын балаша шаттанатын досым ас ішіп болысымен қолына домбырасын алады. Жаңа өлеңдерін оқиды.
Жаңатас қаласына жұмыс бабымен қоныс аударатын болып, қоштаса барғанымда: «Досым, мені айналдырған ауру алмай қоймайды. Жалғыз өтінішім – қос құлыным Талғатым мен Мұхаметсалығыма көз қырыңды сала жүр» десін. Қаперімде аузыма сөз түспей, үнсіз қалдым.
Ақыры екі жылға жетпей, қазақ елі азаттығын алардан небəрі төрт ай бұрын Бауыржандай арда ақын өмірден өтті. Қос перзенті ат жалын тартып азамат болды. Өзі өмірден өткен соң, қамқор жандардың арқасында «Табиғат терезесі», «Маңдайыма жазылған мəңгілігім» атты кітаптары жарық көрді. «Менің бұлтым» аталатын жыр жинағы баспада. Аудан орталығы Б.Момышұлы жəне туған ауылы Қошқарата ауылындағы орталық көшелерге есімі берілді. Жарық дүниеге келген алтын бесік-ауылынан бастап аудан, облыс орталықтарында жыл сайын еске алу кештері өткізіліп келеді. Ондай сағыныш кештерінде өшпес мұрасы – өлеңдерін Тəуелсіз елдің ұландары жатқа оқып, «Ақшағала», «Қарлығашым келдің бе» əндерін тамылжыта шырқайды.
Амангелді Әбіл