Баянауылда Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығы тойланды

Өткен сенбі күні Павлодар облысының Баянауыл ауданында тағы бір үлкен той дүркіреп өтті. Осыдан екі аптадай бұрын «Қазақ әдебиетінің аққан жұлдызы» атанған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы мерекеленсе, бұлы жолы әйгілі ғұлама, философ, ұлы ойшыл, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы тойланды. Алты алаштың басын қосқан айтулы жиында ел таңдайларынан тәтті сөз төгілген ақындар айтысын тыңдап, дүбірге дүбір қосқан ат бәйгесін тамашалады. Сонымен қатар, ғұламаның 20 томдық шығармалар жинағының сандық нұсқасының тұсаукесері болды.

Foto Valeriy BUGAYEV

Ақын тойы Жаңажол ауылына қарасты Ескелді шатқалындағы кесенесінің басында ұйымдастырылды. Бұл күні ғұламаның рухына тәу ете келгендер көп болды. Кесене маңына отыздан астам ақ шаңқан киіз үй бой көтеріпті. Әрбір ауданның атынан құрылған ақбоз үйлердің барлығында тойға келген қауымға арналып дастарқан жайылса, жергілікті өнерпаздар далада құрылған үлкен сахнада әсем ән, күмбірлі күйден шашу шашты. Сонымен қатар, жиналған жұрт осы күні Мәшһүр Жүсіп мұражай кешенінде көптен күткен жағымды жаңалықтың куәсі болды. Ақынның осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген 20 томдық шығармалар жинағының сандық нұсқасының тұсауы кесілді. Бұл ақынның еңбегін көпшілікке қолжетімді ету мақсатында жасалған бірегей жоба.

— Мәшһүр Жүсіп атамыздың еңбектеріне деген сұраныс өте көп. Әсіресе 20 томдық шығармалар жинағын оқырмандар жиі іздейді. Сол себепте жинақтың сандық нұсқасын жарыққа шығаруды жөн санадық. Мұны С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сайты арқылы кез-келген адам оқи алады, — дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірман.

Шара барысында Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға облыс әкімі Болат Бақауов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы корреспондет мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова, филология ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы және М.Көпеевтің шөбересі Нартай Қуандықұлы қатысып, баяндама жасады.

Foto Valeriy BUGAYEV

— Биыл Ертіс Баян өңірінде дүниеге келіп, ғазақ руханияты үшін тер төккен тарихи тұлғалардың мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтуде. Солардың бірі – ақын, философ, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейлұлының осынау 160 жылдық мерейтойы. Осы тойға еліміздің әр түкпірінен атамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүрген ғалымдар келді. Бүгінгі жиын барысында Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын, ұлағатты, ойлы сөздерін халыққа насихат етіп, кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында түрлі ұсыныстар айтылуда. Қазақтай ел барда ғұламаның рухани мұралары ешқашан ұмытылмайды. Бұған дейін ақынның 20 томдық шығармалар жинағы және тұлғалық энциклопедиясы жарық көрді. Көптеген қалаларда көшелерге аты берілді. Мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады, — деді аймақ басшысы Болат Бақауов.

Осыдан кейін республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Ғалым Жайлыбай сөз алып, бүкіл Павлодар жұртшылығын Мәшһүр атамыздың мерейтойымен құттықтады.

— Мәшһүр Жүсіп туралы көп әңгіме айтуға болады. 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі – осы Мәшһүр атамыз. Ғұлама бірнеше шет тілін меңгерген, әсіресе араб тілін жетік білген. Ол орыстың үлкен академик ғалымы Радловпен тығыз байланыста болған. Көзі тірісінде ұлт руханиятына, тарихы мен мәдениетине қатысты мол байлық қалдырған тұлғаны бұлай әспеттемеу мүмкін емес. Бүгінгі той – ұлылықтың тойы, парасаттылықтың тойы, барша қазақтың тойы. Бүгінгі қуанышқа ортақ сіз бен біз ғана емес, Атырау мен Алтай арасындағы иісі қазақ естіп біліп отыр. Осындай өнегелі, өрісті шара өңірлеріңізде жалғасын таба берсін, — деп сөзін аяқтады танымал ақын.

Осыдан кейін флология ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы республикалық философия және саясаттану институты қабырғасында жарық көрген Мәшһүр Жүсіптің философиялық, эстетикалық көзқарасы туралы шығармалар жинағын облыс әкімдігіне табыс етті. Оның сөзінше шетелдік ғалымдар Мәшһүр Жүсіп феноменін зерттеуге ден қойып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта осындай ұлы ғұламалардың, ақындардың еңбектерін шет тілдерге аударып, қазақ мәдениеті мен әдебиетін әлемге насихаттау жұмысы қолға алынады.

Өз тілшімізден