Баяғыда бір дана ұлына үш өсиет айтқан екен:
1. Жесең, ең дәмді тағамдарды же;
2. Ұйықтасаң, ең рахат төсекте ұйықта;
3. Өмір сүрсең, бай болып өмір сүр.
Ұлы әкесінен:
— Әке, ең дәмді тағамды қайдан табамын? — деп сұраса, әкесі:
— Адал жолмен тап. Қарның ашпастан тамақ жеме. Қарның қатты ашса, қалаған тамақ дәмді болады.
— Ең жұмсақ төсекті қайдан аламын? — десе, әкесі лезде:
— Еңбекқор бол! Қатты шаршасаң саған қалаған жер жұмсақ төсектей болады.
— Қалай бай болайын? — деген соңғы сұрағына:
— Басқалардың дүниесіне тамсана қарама, өзіңнің мүлкіңе қанағат жаса. Сол кезде сенен бай адам болмайды, балам. — деп жауап беріпті әкесі.