Баянауыл ауданында көп балалы ана «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша білім алып, өз кәсібін ашты

Баянауыл ауданы Майқайың ауылының тұрғыны Сәуле Әбілдинова ұлттық нақышта ересектер мен балаларға арналған трикотаж киім тігетін цех ашты. Ол өткен жылы «Бизнес-Бастау» курстарының алтыншы легіне қатысып, бір ай бойы бизнеспен айналысудың қыр-сырын меңгерген.

Курсты аяқтағаннан кейін «Бизнес-Бастау» курсының жаттықтырушысы Гүлзина Балтабаевамен бірге бизнес-жоспар дайындаған. Осылайша биыл жаз мезгілінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында үш млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Бұл қаржының 2,5 млн теңгесіне Астана қаласынан арнайы тапсырыспен кесте тігетін машина және 500 мың теңгеге тігін машиналарын, сондай-ақ, өз қаржысына бу генераторын сатып алған.

Сәуле Әбілдинованың негізгі мамандығы — бастауыш сынып мұғалімі. Ол бүгінгі таңда бес бала тәрбиелеп отыр. Балаларының алды жиырмада болса, кішісі екі жарым жаста.

— Киім тігуді бала кезімнен жақсы көремін. Бұл маған анамнан дарыған қабілет. Балаларыма киімді үнемдеу мақсатында өз қолыммен тігетінмін. Көбі менен ерекше үлгідегі әдемі киімдерді қайдан сатып алатынымды сұрайтын. Жалпы, ауыл тұрғындарына киім тігуді 10 жыл бұрын қолға алған едім. Бастапқыда ұлттық киім тігуден, қыз жасауынан бастадым. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» белгісі бар киімдерді тігу туралы арманым орындалды, – дейді Сәуле Әбілдинова.

Қазіргі таңда ол жергілікті мәдениет үйінен жалға орын алып отыр. Цехта екі адам жұмыспен қамтылған. Ересектерге арналған спорттық киімнің бағасы алты мың теңге болса, балалардың киімі төрт мың теңге тұрады. Тұтынушылардың талғамына қарай есімін кестелеп жазған жағдайда баға біршама жоғары болмақ. Мата тапсырыспен Ресей елінен жеткізіледі.

— Әрі қарай елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға күш салмақпын. Мемлекет тарапынан осындай мүмкіндік ұсынылып отырғанына алғысым шексіз. «Бастау» жобасы армандарды, батыл жасалған қадамдарды орындайтын мүмкіндік. Кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекеттік қолдау бағдарламаларына назар аударуға кеңес беремін, — дейді Сәуле Әбілдинова.

Әлихан Рахметоллаұлы