Баянауыл баурайындағы Мәшһүр тойы дүрілдеп өтті
Биыл Павлодар облысының құрылғанына — 80 жыл. Павлодар облысы экономикасы қарқынды дамыған, егеменді еліміздің тұғырын биіктетуде ерекше орын алатын аймақ болып саналады. 1938 жылы 15 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысын екіге бөлу туралы жарлық шыққан. Сол кезде Павлодар облысы пайда болған екен. Әуелде оның құрамында 9 аудан болса, қазіргі уақытта облыс 10 аудан мен 3 қаланы қамтиды екен. Павлодар облысының маржаны — «Баянауыл» ұлттық паркі. Күні кеше Баянауыл ауданында зиялы қауым бас қосқан тағы бір үлкен той жоғары деңгейде өтті.
Тарихи тұлғалардың шоқтығы биік туындыларын өркениетке сай жаңғырту бүгінгі ұрпақтың міндеті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, сондай-ақ, өңірдің 80 жылдығына орай облыс деңгейінде биыл ұрпаққа өлмес мұра қалдырған әнші, композитор «Құсни Қорлан» әнімен есте қалған Естай Беркінбаевтың 150 жылдық мерейтойы, «Қазақ әдебиетінің аққан жұлдызы» атанған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы, Мұса Шорман сынды бірнеше ұлы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілген. Бұл жолы Жаңажол ауылы, Ескелді шатқалы, ақынның 2006 жылы бой көтерген кесенесінің қасында философия ғылымдарының кандидаты Гауһар Ғалымқызы басқарып отырған Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ақын, ұлы ойшыл, фольклортанушы, этногроф, тарихшы, қазақтың дара тұлғаларының қатарындағы ғалым, шежіреші, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы тойланды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ─ ағарту саласының белді өкілі, көрнекті ақын, ауыз әдебиетін жинап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші, соңына сан салалы мол мұра қалдырған Алаштың бір туар перзенті. Мәшһүр Жүсіп қазақ халқының ұлттық рухани мұрасын, этнографиясы мен поэзиясын мейлінше жетік білген. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген. Саналы ғұмырын ағартушылыққа арнап, әділдікті, адамгершілікті, парасат пен пайымды насихаттап, өз өлеңдерінде дәріптеген. Сонымен қатар халық Мәшһүр атаны көріпкел, әулие деп таныса, ал имамдар муштахит ғалым деп біледі. Ақын Абай: «Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын. Дегенмен ол ақын болғанымен, Құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр ─ адамзаттың әулиесі»,─ деп атаған екен. 1930-1932 жылдары елімізді аштық жайлағаны мәлім. Осы аштықтың салдарын көре білген ақын бір жыл бұрын өзінің асын бергізіп, жаназасын оқытып, жоқтау айтқызған екен. Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылұлы: «Шынында да, 1930 жылдан 1952 жылға дейін атамыздың денесі сақталып жатты. «Бір бақайым ғана шіриді, бала мысықты жазатайым басып кетіп едім» дегенді айтқан. Кейін ақсақалдардан естігенім, шынында да, бір бақайы ғана бұзылған екен». Ақынның мүрдесі ашық қойылып, ақ кебін жабылған. Осылай 21 жыл сақталған екен. Ақын өмірінің соңғы кездерін Сарыбұлақ елді мекенінді өткізіп, өзі тұрғызған үйге қазық қаққан екен. Бүгінде ақын кесенесіне келушілер алдымен үйіне тоқтап, бұлақ басынан ем болсын деп су ішеді.
Б.Бақауов: «Қазақтай ел барда ғұлама ұмытылмайды»
Алты алаштың басын қосқан айтулы жиынға облыс әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов бастап келген зиялы қауым ақын кесенесіне көтеріліп, ақын рухына Құран бағыштаудан бастады. Адамдардың көп жиналғаны сонша, әкімнің өзі кесене ішіне әрең кірді. Мәшһүр атаның кесенесіне дейін ақынның өлеңдерінен үзінді жазылған мрамор тастары қойылған екен. Кесенеге бара жатқан адамдар осы өлеңдерді оқып көтеріледі. Ақын өлеңдері кесенені қоршай орналастырылған екен. Ақын өлеңдерін дауыстап оқып тұрған жас өрендерді көргенде, жанымыз жадырады.
Алқалы жиында сөз алған облысы әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов: Ерекше адами қасиетімен халқымыздың есінде мәңгі сақталған көрнекті тұлғалардың бірі ─ ақын, философ, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Бүгінгі кездесуге Мәшһүр бабамыздың еңбектерін зерттеген ғалымдар жиналып отыр. Ақын шығармаларын насихаттауда ойлы ұсыныстар айтылып, нақты шаралар қабылданады деп білемін. Қазақтай ел барда ғұламаның рухани мұралары ешқашан ұмытылмайды. Бұған дейін ақынның 20 томдық шығармалар жинағы және тұлғалық энциклопедиясы жарық көрді. Бабамызға арналған сәулетті кесене тұрғызылды. Қазақстанның басқа қалаларында жоқ мешіт салынды. Көптеген қалаларда көшелерге аты берілді. Міне, бүгінгі өткізіліп жатқан бабамыздың 160 жылдық мерейтойы нағыз мәдени-рухани шара, халқымыздың ерекше құрметі деп білемін. Мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады, ─ деп сендірді.
«Алаштың аспанында Арға айналып…»
Меруерт Қуатқызы Абусеитова, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор: Бүгінге дейін Мәшһүр бабамыздың немересі Қуандық Фазылұлының басшылығымен ақынның бірнеше томы жарық көрді. Қазіргі уақытта мәшһүртанушылардың алдында үлкен міндет тұр. Ол ақын шығармашылығының әлемдік маңызы. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде бірнеше мәрте «Мәшһүр оқулары» өтті. Сол кезде ақын шығармашылығына қызыққан шетелдік зерттеушілерді көрдік. Сонау АҚШ-тан, Франциядан, күн шығыстағы Жапониядан келген ғалымдар болды. Олар Мәшһүр бабамыздың қолжазбаларына қызығушылық танытып, белсенді түрде зерттеулер жасап жүр. Ал біз, қазақстандық ғалымдар, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын ғалым ретінде тарихи, этногрофиялық зерттеулеріне, тіпті антрополог ретінде танып, зер салуымыз керек.
Ғалым Жайлыбай, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналының бас редакторы: Мәшһүр Жүсіп туралы көп әңгіме айтуға болады. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі – осы Мәшһүр атамыз. Ғұлама бірнеше шет тілін меңгерген, әсіресе араб тілін жетік білген. Ол орыстың үлкен академик ғалымы Радловпен тығыз байланыста болған. Көзі тірісінде ұлт руханиятына, тарихы мен мәдениетіне қатысты мол байлық қалдырған тұлғаны бұлай әспеттемеу мүмкін емес. Бүгінгі той – ұлылықтың тойы, парасаттылықтың тойы, барша қазақтың тойы. Бұл мерейтойды сіз бен біз ғана емес, Атырау мен Алтай арасындағы иісі қазақ естіп, біліп отыр. Осындай өнегелі, өрісті шара өңірлеріңізде жалғасын таба берсін, – деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына шығарған «Темірқазық» өлеңін оқыды.
Темірқазық
Көргесің өскенді де, өшкенді де,
Бір сәуле осы өлкеге кеш келді ме.
Қазақтың Мәшһүр Жүсіп нұр иманы,
Есіркеп елін жатыр Ескелдіде.
Алдыңнан оны іздесең, мұнар шығар,
Керуен жолдарының сыры аршылар.
Қазғаны, қазынасы, ой діңгегі,
Жазғаны әр пендеге тұмар шығар.
Қасиет серік болған жастан талай,
Жырға бай, ойға жүйрік, дастанға бай.
Ғажаптың ғаламаты қайталанбас,
Қазақтың баласы үшін аспандағы Ай.
Мәшекең, Мәшһүр атам шамдай жарық,
Алаштың аспанында Арға айналып,
Дүнией ай, жеті ғалам тілін білдің,
Баласы бес Мейрамның таңдай қағып,
Өзгеден дара болды тұғыр белің.
Күн болып көктем бүгін күлімдедің,
Мың сырын бұл жалғанның ашып салып,
Тылсымын дүниенің ұғын дедің.
Шықтың да шығаңдардың шырқарына,
Заманның кезіктірмей бұрқағына.
Бата беріп боздап келіп бота жұртқа,
Тауфых беріп Мәшһүр Жүсіп ұрпағына.
Көңілі көктем жұрттың кең даладай,
Басынан Баянауыл өрген арай.
Есімің ұрпақ үшін темірқазық,
Бастай бер қазағымды өрге қарай.
Бабамыздан қалған өнегелі ұрпақ
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының үш ұлы болған екен: Мұхамед Шарапиден, Мұхамедәмен, Мұхамедфазыл. Ерте қайтыс болған ұлы Мұхамедәменнен ұрпақ қалма-ған. Мұхамедфазылдың ұлы Қуандықтан тараған ұл-қыздар бүгінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етуде. Қуандық Пазылұлын дүйім жұрт біледі. Атақты мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қуандықтан тараған бес бала да әке жолын қуған. Нартай Қуандықұлы Жүсіпов С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессоры, Лаура Қуандыққызы тарих ғылымдарының докторы, Гүлнәз Қуандыққызы филология ғылымдарының кандидаты (Астанада тұрады), Ертай Қуандықұлы шығыстанушы, Естай Қуандықұлы тарих ғылымдарының кандидаты екен.
Нартай Қуандықұлы Жүсіпов, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор: Қазіргі таңда ел мәдениетіне, тарихына өз үлесін қосқан тұлғалардың еңбектерін зерделеу әрі жариялау қоғамымызда болып жатқан игі өзгеріс, рухани жаңғыру іспеттес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдары ел тарихы мен мол мұрасын жинаушысы, әрі сақтаушысы ретінде ғұлама ғалым, энциклопедист Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Хандар», «Батырлар», «Билер» төңірегінде жазып қалдырған мұраларын жеке жеке кітап етіп, баспа бетінен шағыруды жөн тапты.
Бұл күні ғұламаның рухына тәу ете келгендер көп болды. Павлодар жұрты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын қатты құрметтейді екен. Екі сөзінің бірі ─ Ата, Мәшһүр ата, әулие баба. Тойға келген халық таңдайынан тәтті сөз төгілген жас ақындар айтысын тыңдап, дүбірге дүбір қосқан ат бәйгесін тамашалады. Сонымен бірге, ақынның 20 томдық шығармалар жинағының сандық нұсқасының тұсаукесері өтті. Кесене маңына отыздан астам ақбоз үй бой көтеріпті. Әрбір ауданның атынан тігілген киіз үйлердің барлығында тойға келген қауымға арналып дастарқан жайылса, жергілікті өнерпаздар далада құрылған үлкен сахнада әсем ән, күмбірлі күйден шашу шашты.
Бауыржан Карипов
Алматы ─ Павлодар ─ Алматы