Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс меридианын» алғаш рет «Звезда Прииртышья» газеті 1987 жылы ұйымдастырған болатын. Сол жылдары Павлодар облысында спорттық туризм кең етек жая бастады. Құзға шығу, тау туризмі және спорттық бағдарлаудан алғашқы жарыстар сол жылдардан бері өткізіліп келеді. Газеттің өзінде туризм құмарлар мен ынтагерлерді біріктірген «Меридиан» туристер клубы» атты арнайы тақырыптық парақша пайда болды. Осының барлығы Павлодарда қалалық «Меридиан-77» туристер клубының ашылуына себеп болды. Атаудағы 77 саны Павлодардың географиялық ерекшелігіне байланысты еді. Ал Екібастұзда «Прометей» клубы жұмыс істейді. Осы клубтардың негізінде республикалық және кеңестік жарыстарға қатысқан облыс құрамасы жиналды. 1987 жылдың қыркүйек айында «Звезда Прииртышья» газетінің ұйымдастырылуымен Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағының аймағында Қазақстан мен Ресей туристері қатысқан алғашқы аймақаралық «Ертіс меридианы» туристік достық слеті өтті. Тоқсаныншы жылдардың соңында орын алған қиын қаржылық жағдай іс-шараның 2 жыл өткізілмеуіне әкелді. Слет жұмысы 1999 жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастырылуымен жандандырылды. Бүгінгі күні «Ертіс меридианы» Павлодар облысындағы спорттық туризмнің нышанына айналды.
Осы жылы жарысқа Омбы, Астана, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Баянауыл ауданынан командалар келді. Қатысушылар 5 шақырымдық кросс, суда байдаркамен жүзу және бард өлеңдерін айту сияқты кезеңдерден өтті. Жарыстың түрлі кезеңдерінде туристер теориялық білім мен практикалық дағдыларын көрсетуі тиіс. Мысалы кросс барысында жорық жағдайында 3 сіріңкені қолданып шай қайнату тапсырмасы бар. Сонымен қатар осы жылы ұйымдастырушылар кросс-жарысқа жаңалық енгізді. Екі команда параллель бағдарлар бойынша жарысты бір уақытта бастайды. Осы арқылы командалардың арасында бәсекелестік пайда болады.
«Ертіс меридианының» ашылу салтанатында дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Есембаев пен жарыстың бас төрешісі, ұлттық категорядағы төреші Людмила Шепелева қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, жеңіс тіледі.