Баянауылда мешіт ашылды
Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ақсаң ауылында «Аңсар» деп аталатын жаңа мешіт ашылды. Алла үйінің ашылуына жиналған ауыл тұрғындары мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Аудандық Мұса мырза мешітінің бас имамы Саян қажы Қожин марқұмдар рухына құран бағыштады.
Алла үйінің ашылу салтанатына Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Әзілхан Əбеуов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Павлодар облысының өкіл имамы, облыстық Мəшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы да келіп, мешіт атауының не бұлай аталғанын түсіндірді. «Аңсар» сөзі Құран Кәрімде кездесетін сөз. Мәдинада өмір сүріп, Меккеден көшіп келген сахабаларға көмек көрсеткендерді – «Аңсарлар» деп атайды. Аңсар – шынайы көмек көрсетуші. Сол секілді, бұл мешіт көмек беруші есебінде. Ол адасқан, қиналған жандарға қолдау көрсетеді, жүрегімізді тазартады, Алланың ризашылығын алуға себепкер болады. Сол себепті мешіт атауын «Аңсар» деп қойдық», — деді Жолдас қажы. Сондай-ақ ол ауыл тұрғындарына «Аңсар» мешітінің жаңа имамы Серік Кəрамбаевты таныстырды. Жас имам 2014 жылы Павлодардағы «Əбу Бəкір Сыддық» медіресесін тәмамдаған. Бұған дейін Павлодардағы «Әбу Бəкір» мешітінде наиб имам болып қызмет етті. Жас имамға ауыл тұрғындары құрмет көрсетіп, еңбегіне жеміс тіледі.
Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қорабай Шəкіров азаматтар ісінің сауаптан болуын тілесе, республикалық «Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбай жаңа имамның еңбек ақысын реттеп беруге уәде етті. Бұдан бөлек ауыл ақсақалдары мен əжелері ізгі ниетін білдіріп, жаңа мешітке сыйлықтар табыс етті.
Ашылу рәсімінің ең жауапты әрі маңызды сәті мешіттің лентасын қию сәті қуаныштың шарықтаған белгісі болды. Ақ әжелер шашу шашып, қазақтың жөн-жоралғысын көрсетті. Бұдан кейін Жолдас қажы мешіттегі алғашқы уағызды айтып, жамағат алғашқы жұма намазын оқыды.
Ауыл тұрғындарының қуанышын спорттық шаралар жалғады. Бес салмақ дәрежесі бойынша жасөспірімдер мен ересектер қазақ күресінен сынға түсті. Сонымен бірге түйе палуан бәсекесі де өз мықтысын анықтады. Қол күрес пен қой көтеру сыны да өте тартысты өтті.
Алланың жердегі үйін салып, ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырған жанашыр азаматтардың ісі берекелі болсын!