Баянауылға апаратын жолдар жөнделіп жатыр
Павлодар облысының Баянауыл ауданында автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жалпы алғанда, аудан бойынша 550 шақырым жол жөнделуі тиіс.
Баянауылдағы жазғы туризм орны болып саналатын Жасыбай көліне ендігі жерде аудан орталығы арқылы емес, орталыққа дейін орналасқан Торайғыр ауылы арқылы жетуге болады. Торайғыр ауылы мен Жасыбай демалыс аймағының арасындағы 12 шақырым жол жөндеуден өтіп, алдағы уақытта туристер Жасыбай көліне осы жол арқылы қатынайтын болады. Сондай-ақ, жол жөндеумен айналысып жатқан «Сапа» мердігер компаниясы екі асфальт және қиыршық тас шығаратын зауыт ашып, жол құрылысына қажетті материалдармен өз-өзін қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Баянауыл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бүркітбай Бижанов айтып берді.
— Аталмыш компания аудандық маңызы бар Жаңажол – Ескелді, Алексеевка – Жаңажол бағыттарында 52 шақырым жолды жөндеп жатыр, — деді Бүркітбай Бижанов. – Қажетті материалдарды жылдам алып отыру үшін аудан орталығында өз зауыттарын құрып алды. Өзге де сұраныс берген ұйымдарға өнімдерін өткізуде. Ұйым жөндеу жұмыстарын соңғы шыққан техникалармен әрі заманауи тәсілмен жүргізуде. Яғни, жолды алдымен бетондап, кейін оның үстіне асфальт төсейді.
Аудан арқылы өтетін республикалық маңызы бар Павлодар – Қарағанды автомобиль жолының жұмыстары да басталған. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны акционерлік қоғамының облыстық филиалы жауапты. жауап береді. Қазір жолдың төрт учаскесін мердігерлер жұмыс кестесіне сәйкес жөндеп жатыр.
Баянауылдағы аудандық маңызы бар 70 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстарына ағымдағы жылы 1,5 миллиард теңге бөлінген еді.
Әлихан Рахметоллаұлы