Баянды болашақтың бағдаршамы
Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың мақаласын оқып шығып, осындай ой түйдім. Елбасының айтуынша, бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс.
Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Аймағымыздағы келер ұрпақтың алдындағы ардың ісін арқалап жүрген зиялы қауым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ықыласпен түйсіне оқығаны анық. Олай дейтінім, мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр.
Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ. Елбасы құнды еңбегінде өткенге көз жүгіртіп, болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін.
Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады. Ендеше, рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!
Жаңылсын Есжанова, Жамбыл ауданы,
Ерназар ауылы, Б. Кейкиев атындағы
орта мектебінің
математика пәнінің мұғалімі