Базар қаңырап, сауда TikTok-қа көше ме?

Заманауи технологиялардың қарыштап дамуы адамдардың күнделікті өмір салтына, соның ішінде сауда жасау тәсілдеріне де айтарлықтай өзгерістер әкелді. Бұрын адамдар қажет заттарын алу үшін дүкен аралап, базар жағалап, көп уақытын жұмсайтын. Ал қазіргі таңда мұндай қажеттілік жоқтың қасы. Қолында ұялы телефоны немесе интернетке қосылған құрылғысы бар кез келген адам үйінен шықпай-ақ қалаған затын оңай сатып ала алады.  Электронды сауданың дамуы арқасында бүгінде азық-түліктен бастап, киім-кешекке, тұрмыстық заттар мен техникаға дейін онлайн түрде қолжетімді. Қандай тауар керек болса да, оны интернет-дүкендерден табуға болады. Тіпті үлкен көлемдегі жиһаздар мен тұрмыстық техника да бір батырманы басу арқылы үйге дейін жеткізіледі.

Бұл үрдіс тек қалалық тұрғындарға ғана емес, шалғай ауылдарда тұратын азаматтарға да қолжетімді болып отыр. Интернет желісінің кең таралуының арқасында елдің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар қалаған затын оңай тапсырыс бере алады. Бұрын тек қалаларда мүмкін болған кейбір тауарлар мен қызметтер бүгінде ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді бола бастады. Жалпы алғанда, цифрлық технологиялар мен интернеттің дамуы сауданы бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтеріп, адамдардың уақытын үнемдеуге, өмірін жеңілдетуге жол ашты. Бұл – жаңа заманның мүмкіндігі.

Осыдан 10 жыл бұрын базардың саудасы қызып, адам аяғы үзілмейтін. 2020 жылы ковид індеті уақытында халық онлайн саудаға көшіп, базардың қызуы өше бастады. Саудагерлердің күнделікті табыса азайып, кейбір дүңгіршектердің жабылуына алып келді.   Базарда жұмыс істеп, күнін көретін халық үшін ауыр соққы болғаны сөзсіз.  Онлайн дүкендерден бөлек, қытай сайттары нарыққа шықты. Енді азаматтар өзіне керек тауарды қытай дүкендерінен өз бағасына тапсырыс беріп ала алатын деңгейге жетті. Қытай сайттарында ұсынылатын тауар бағасы, тасымал құны мен жеткізу мерзімі қанша уақыт алса да, жергілікті базардағы бағамен салыстырғанда едәуір арзан болып шығады. Сатып алушылар үшін бұл – қаржылық тұрғыдан ұтымды шешім.

Көп жағдайда саудагерлер тауар бағасын түсіруге де бара алмайды, себебі тауардың өзіндік құны мен үстеме бағасының арасындағы айырмашылық онсыз да тым аз. Сонымен қатар күн сайын дүңгіршек жалдау ақысын, коммуналдық шығындарын, тасымалға кететін ақшасын және тауардың өзіндік құнын өтеуге мәжбүр. Бағаны төмендету – олардың шығынға ұшырауына тікелей жол ашуы мүмкін. Соның салдарынан, базардағы тауар бағасы онлайн нарықпен бәсекелесе алмай қалуда. Бұл жағдайда саудагерлердің таңдауы өте шектеулі – не бағаны ұстап, аз сату арқылы күн көру, не мүлде сауданы тоқтату.

Ендігі жерде олар дәстүрлі саудадан гөрі, әлеуметтік желілер арқылы сауда жасауға көше бастады. Әсіресе TikTok, Instagram секілді платформаларда тікелей эфирге шығып, онлайн түрде тауарларын жарнамалап, сата бастады. Бұл өзгеріс нарықтағы сұранысқа сай қалыптасып отыр. Кешке қарай желі қолданушыларының белсенді болатынын байқаған саудагерлер түнгі уақытта саудасын жандандыруға көшті. Тіпті кейбіреулері күндізгі базардағы орнын жауып, тек онлайн сауда арқылы табыс табуға ниет білдіруде. Мұндай бетбұрыс, әсіресе, жылдар бойы дәстүрлі базарларда жұмыс істеген саудагерлер үшін оңайға соққан жоқ. Өмір бойы қолма-қол саудамен шұғылданып, тұтынушымен бетпе-бет жұмыс істеуге үйренген адамдар үшін онлайн жүйеге бейімделу үлкен сынақ болды. Алайда нарықтың талабына бейімделу табыс табудың басты жолы екенін жақсы түсінген кәсіпкерлер бұл өзгерісті қабылдауға мәжбүр.

Онлайн сауда жасаудың өзіндік артықшылықтары бар. Ең алдымен, саудагерлерге дүңгіршек жалдау, коммуналдық төлемдер төлеу секілді шығындардан құтылуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бір уақытта бірнеше мың адамға дейін өз өнімін көрсете алады. Бұл – бұрынғы базардағы бірнеше сағаттық еңбектен әлдеқайда тиімді. Алайда мұндай жүйеде жетістікке жету үшін әлеуметтік желілерді жетік меңгеру керек. Сондықтан да кейбір кәсіпкерлер арнайы SMM мамандарын жалдап, онлайн маркетингтің қыр-сырын меңгеруге тырысуда.

Бұл үрдіс дәстүрлі базар саудагерлеріне қауіп төндіріп отыр. Егер олар жаңа технологияларға бейімделмесе, бәсекеге қабілетсіз болып қалу қаупі бар. Сондықтан да бүгінгі таңда саудамен айналысатын әрбір адам заман талабына сай жаңаша ойлауға, икемделуге мәжбүр. Онлайн сауда жасау тек уақытша тренд емес, ол қазіргі замандағы кәсіптің жаңа бағытына айналып отыр. Бұл өзгерістер базардағы саудагерлерге үлкен сабақ болып, олардың көзқарасын өзгертуде. Ақша тапқың келсе, заманмен бірге жүріп, кез келген мүмкіндікті тиімді пайдалануға тура келетінін көруге болады.

 

Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ