БАЗЫНА
(Қазіргі байлардың қаперіне)
ХХ ғасырдың басында ашылған жаңашыл білім ошағы Жетісу өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің тарихында ерекше орын алады. Өйткені, бұл оқу орны қиын кезеңде жеке адамның қаражаты есебінен бой көтеріп, байдың да, кедейдің де баласын тең оқытты.
Әрине, оның құрылысы, мұғалім шақыруы, еңбекақысын төлеуі, оқу үдерісін ұйымдастыруы, басқа да сол кезге тән тәртіп пен заңдылыққа сай болуы оңайға түспегені белгілі. Мұны ақыл-парасаты мен ілкімділігі арқасында бақ, дәулет қонған Маман ҚАЛҚАБАЙҰЛЫ өз мойнына алады. Оны біреу бай дейді, біреу қайраткер дейді, үшінші біреу заманынан оза туған іскер дейді.
Ол қырық шақырым жерге темір жол салуға қаражаты барын да елден жасырмапты. Маманның төрт әйелінен отыздан аса ұл-қыз өрбіпті. Бала-шағасын тәрбиелеп, ел қатарына қосқаны, айналасын отырықшылыққа үндеп, болыс, үйез ішінде жер дауын шешуге қатысқаны, қала үлгісіндегі мекен салғызғаны аңыз болып айтылады.
Дегенмен, ел-жұртының білімсіз алға баспайтынын әркез айтып қана қоймай, өз қолымен жүзеге асырған. Көкірек көзі ояу азамат қажылық парызын өтеп келгеннен кейін, өз ұлдарымен бірге Уфадағы “Медресе-Ғалияға”, Қазандағы “Медресе Мұхаммадияға”, Орынбордағы “Медресе Хұсайынияға” арнайы барып, іс-тәжірибесіне ден қойып, үлгі-өнеге алады.
Бұл — “баламыз орысша оқыса, діннен шығады” деп қауіптенген көп қазақтың қорқынышын сейілтеді. Жетісу жұртында жаңа оқуға сенім артады.
Бастауыш сыныптарда оқуды ана тілінде бастаған шәкірттер кейін орыс тілін үйреніп, жаратылыс тану пәндеріне ден қойып, дін сабағын да меңгерген.
Жақсы мұғалімге лайықты жағдай керек. Мұны қалай шешкен? Маман әулеті білікті 7-8 мұғалімнің бір жылға айлығына 400-500 сом төлепті. Яғни мұғалім ұжымының жалпы айлық қаражаты — 4.900-5.000 сом болып белгіленген. Немесе қазақы өлшеммен 1.600-1.700 қой ретінде бағалаған.
Дәріс бергендер мен дәріс алғандар ішінде кейін атағы қазақ жұртынан асқан небір есті адамдардың, ірі тұлғаларының шығуы көп нәрсені аңғартса керек.
Шындығында, олар Жетісу өлкесінде білімнің, имандылықтың, кәсіпкерліктің, іскерліктің, сауда дағдыларының тыңнан қалыптасып дамуына қомақты үлес қосты.
Шет елде оқып жүрген қазақ студенттеріне ақшалай жәрдем ұйымдастырған. Сол заманда алғашқы мерзімді басылымдарды қолдауды да ұмытпапты. Қазақ руханиятын дамыту ісінде Маман ұрпағы бұрын-соңды болмаған өнегелі бастама көтереді. Қазақ тілінде жазылатын үздік романға — 200 мың сом бәйге тігеді. Бұл жөнінде Есенғұл Маманов 1913 жылы Орынборда шығатын “Қазақ” газетінде жария етеді. Бір жағынан алғанда, мұндай қамқорлық алғаш рет 1901 жылы табыс етіліп, осы күнге дейін үзілмей беріліп келе жатқан Альфред Нобель сыйлығымен парапар бастама еді.
Небәрі 27 жыл өмір сүрген аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының “Қамар сұлу” атты жартылай өлеңмен, жартылай прозамен жазылған туындысы — нақ сол бәйгені жеңіп алған шығарма екенін бүгінгі жастар біле бермейді.
“Мамания” мектебі ағартушылық миссиямен қатар, ұлтымызға қажет білімнің қанат жаюына септігін тигізді. Мұндай бағыттағы оқу орнын Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сияқты Алаш қайраткерлері қолдап отырды.
1928 жылы кәмпеске науқаны етек алды. Қарағаштағы мектептің өртенбей қалған бөлігі жөнделіп, жетім балалар мектеп-интернатына, іле-шала колхоз жастары мектебіне, балалар коммунасына айналады. Содан кейін аудан орталығына көшіріліп, Ақсу орта мектебі, ал 40-жылдардың басында Ы. Алтынсарин мектебі аталды.
Маман бидің ұрпақтарына да оңай тимеді. Қызметтен қуылды, жер аударылды, құғын-сүргінге ұшырады. Бұрынғылардан “Адамның қудалағаны ештеңе емес, Құдай қудаламасын!” деген сөз қалған. Маман бидің ұрпақтары жан сауғалап жүрсе де ата аманатына адалдық танытты. Білім, ғылым саласына еңбек сіңірді. Айталық, Ыбырайым Есенғұлұлы Маманов — Алматыда алғаш ашылған Абай атындағы Қазақ педагогика иститутының тұңғыш түлегінің бірі. Ол кейін Қазақ университетінде профессор болды. Ғалымның алдынан дәріс тыңдаған енеміз, ардагер ұстаз Үміт Кенжебаеваның айтуынша, жас ғалым екі тілге жүйрік болған, мәдениеті де аса жоғары екен, әйгілі С. Малов жетекшiлiгімен кандидаттық жұмысын жеті айда аяқтап, Ленинградтағы Марр атындағы Тiл жəне ой институты мен КСРО ҒА Орыс тiлi институты филиалы Ғылыми кеңесiнде диссертация қорғапты. Ал, ғалымды құрмет тұтқан тағы бір шәкірті, қатарласымыз Музрафша-Жаһангир Аблаев ұстазының тектілігін, оқыған дәрісінің тереңдігін, «қазақ тілінің монолит тіл екенін жан-жақты дәлелдейтінін», өмірінің соңына дейін университетте қызмет еткенін айтады.
Қазақ тіл білімін тынбай зерттеген Ыбырайым Есенғұлұлы тарихи “Мамания” мектебінде дәріс берген мұғалімдердің тізімін нақтылап, білім ордасының макетін жасатуы — білім тарихы үшін орасан олжа болды. Кейін әйгілі мектептің атын есте қалдыру ісіне ғалымның жақын туған-туыстарымен бірге жергілікті билік орындары да тиісті қам-қаракет жасады.
Тарихымыздың ең қиын кезеңінде ұлттық сананы оятқан айтулы білім ұясының жұмысын бүгінде Жетісу облысы білім басқармасы Ақсу ауданы білім бөлімі “Мамания орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі жалғастырып келеді.
Бұл — ұстаздар қауымына да, шәкірттерге де, мектеп басшылығына да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ел тарихында орны бар мектепті еске алудағы мақсатымыз — қазіргі байларға ой салу еді. Ел ішінде әр бизнесмен, әр кәсіпкер жақсы атының шыққанын қалайды, абыройға бөленуді армандайды. Ал өзінен кейін жақсы із, ескерткіш қалдырғысы келетіндерге айтар базынамыз:
“Нағыз байлық — мал тауып, дүние жинау ғана емес, қанағат ету, таза еңбегің арқылы көпке пайда тигізу. Адал жолмен тапқан табысы есебінен мұқтаж жандарға, мекемелерге қайырымдылық көрсету. Мұны көзбен көріп, құлақпен естіген соң, жалпы қоғамның, соның ішінде кез келген замандастың, жерлес пен ауылдастың қаржы бөлген азаматқа құрметі мен сенімі артатыны сөзсіз. Сонда көлденең жұрт оның байлығын, дәулетін қызғанбайтын болады, есесіне ізбасар жастар оған ұқсап бағуға, жақсылық жасауға тырысады. Бұл — табыстың, беделдің және абыройдың көрнекі үлгісі. Сондай-ақ, “Жомарт байдың екі дүниеде де алатын үлесі мол” деген имандылық қағидатын да естен шығармаған жөн деп білеміз.
Дархан МЫҢБАЙ